ТҮН

ТҮН
жеке
блог

    Түн. Шіліңгір шілденің аптап ыстығынан суынған жер, түнде рахатқа бөленіп жатқандығынан хабар беріп,  ептеп самал желмен әндететіндей көрінетін. Толықсыған айда 4-үйлі қырдың* сәнін келтіріп, «Мені көрдің бе?»,-дегендей аспан төріне орнығып алған-ды.  Үйдің бұрышындағы   сығырайған жарыққа өз өлімдеріне асыққандай алып даланың түрлі жәндіктері жиналатын. «Қызық, күндіз олар қайда болады?»,-деп таңертеңгісін әжемнің басын қатыратындығымды білмейді ғой бұл байғұстар...Астына қойылған су толы ыдыстан, азанда «өзің-өзі» өлтірген «күнәхар» көбелек пен қоңыздарды тауып алып жерлейтіндігім есіме түсссе еріксіз күлемін. Ессізбін ғой. Түнде әлем ұйықтайды деуші еді ғой. Адамнан басқа түнде ұйықтағанды бала көңіл сезбейтін. Содан болар, «Айкезбе» болғаным...

   Түн. Бұл кезде мендегі білгім келеді деген ойдың бәрі оянатын. «Ата, ата»,-деп қалғып-мүлгіп бара жатқан 59-60 жасар «шалдың» мазасын алатынмын. Жазда ылғи атам менімен қосып 2-3 немересін жанына алып, күзде шөп таситын прицептің үстіне төсек салғызатын-ды. Қасына жатып, «Ата, жұлдыздар ақса не болады?», «Ата, жұлдызды қалай ұстауға болады?», «Ата, неге қасқырлар қойға шабады? Қойларда қорғанатын тіс жоқ қой. Ол әділесіздік»,-деген небір сұрақтың астына алатынмын. Күнде әр түрлі  тақырып. Басында тәп-тәуір сұраққа жауап қатқанымен, кейін қорылға басып, ұйықтап кететін. Ал,мен ояу боламын.

    Түн. «Сен осы неге түнде қорықпайсың?»,-дейді маған. Білмеймін. Бәлкім, түн менің сырласым болғандықтан болар. Кейде жылап отырып Айға сыр айтқанымды біреу білсе, ақымақ дер. Мен үшін, түн ғаламат шақ болатын. Түнде бәрі әдемі болады. Мойындаңызшы, түнде тіпті күндіз күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, сұрғылт тартатын қаланың өзі сұлу көрінбейді ме?!

 

    Түн. Мен үшін түн тылсым шақ. Түнде адам баласындағы аурулар қозады дейді. Түнде қаза көп болады дейді. Әжем ылғи айтатын «Түнде жын-перілер оянады»,-деп. Күндіз де, көзге көрінетін адам атты  жын-перілер бар ғой ,әже,. Түн ол бүкіл адам баласының сырын ішке жияды. Әлсіз бен күштінің талаң-тарасынынң куәгері де түн. Сіз бен біздің бүкіл ауыртпашылығымызды жасыратын да түн. Жамандықты қараңғылықпен егіз деу әділетсіздік емес пе? Түн де адамды кіршіксіз жақсы көреді. Басқасын білмеймін, менің түнге деген махаббатым шексіз... Сіздің ше?