Тұлғалар өмірі ұрпаққа үлгі
блог
"Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге" деп бекер айтылмаса керек. Жазушы, драматург Софы Сматаевтың әңгімесінде,ошақ қасы ,үйінен ұзап шығып көрмеген бала, алғаш рет түзге шығып, алыс ауылдарды көргенде: "Дүниенің кеңдігін сезіндім" деп тебіреніс білдіріпті. Ол әсерленуі: «Менің білімге шөлдеген, рухани ашығып қалған көңілімді көргендерім ,білгендерім тойдырды. Көкірегім кеңейіп, бір жасап қалдым » деген қуанышы ғой. Телегей-теңіз білімнің қайнар көзі кітапта жатыр. Ұлы адамдарды "тұлға" етіп шығарған, кемелдікке жеткізген де білім күші.
Білімнің бұлағы болған кітап қашанда құнды. Марфуға Шапиянның «Тұлғалар өміріндегі ислам» кітабы ұлы тұлғалардың өмірінен құнды деректер беріп,олардың өмірінде асыл дініміздің алған орнын көрсетеді. II томнан тұратын бұл кітаптың I томы әл-Фарабиден бастап, орта ғасырда өмір сүрген Арыстан баб, Ахмет Ясауилер жайлы айтса, бергісі соғысып жүріп намазын қаза етпеген Кенесарының ,сүйегі 17 жыл жәшікте жатқан Махамбеттің тағдырын баяндайды. Әрі қарай Құнанбай, Абай, Ыбырай, Шоқандар туралы құнды деректер береді. II томында Алашорданың молдасы атанған Ғұмар Қараш, кеңестік басшылардың бірі болса да жұма намазға қатысып тұрған Д.Қонаев, «Бірігіңдер әлемнің мұсылманы» деп жырлаған Мұқағали т.б көрнекті тұлғалар өмірінен тың деректер береді. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болмаққа» ұмтылған өршіл рух ,ұлтының бір қажетіне жарауға талпынған жігерлі жас Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы,оның 19 жасында Құранның 13 парасын жатқа білгендігі айтылады.
Әкемнен әліпбиді үйде оқыдым,
Үйреніп намаз,сабақ,жат тоқыдым.
Ғылымның орны бас пен көкіректе,
Бүйір шығып ,қампая тоймас қарын
Мұқаннан екінші жыл сабақ алам,
Ұйқтасам да көңілім оқуға алаң,-деп жырлаған Алаш үшін қызмет қылып елінің де,ақыретінің де қамын жеген, небәрі 27 жас өмір сүрген С.Торайғыровтың өмірі қандай үлгі-өнегеге толы десеңші...
Қазақтың қай дарабозың алсаң да ,олардың ең әуелі ислам өнегесін бойларына сіңіріп өскенін көресің. Одан соң , ғылымға қол созып, оқып, оқығаның көңілге тоқу арқылы терең түйсікке жетеді. Асыл дініміздің не айтқысы келетінін беріден емес, әріден ойлап, дұрыс пайымдай білгендері осыдан болғаны ғой.
Осыдан-ақ, ата-бабамыздың дініне қандай берік, адал болғанын, мұсылмандық өмір салттарына айналғанын көреміз.Елін құр тілімен емес, ісімен, ыстық жүрегімен сүйген, елінің шын ұлы болған азаматтар. Бірден бір үлгі алып, бой түзеп өсетін абзал жандар!