Тұлға бол!

Тұлға бол!
жеке
блог

     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  Филология және Әлем тілдері факультеті, 5В011900 - Шетел тілі:  Екі шет тілі мамандығының 2 курс студенттеріне «ҚазҰУ студентіне оқуға тиіс 100 кітап» аясында «Тұлға бол» атты ашық тәрбие сабақ өткізілді. Тәрбие сағатының мақсаты: кітаптың адам өміріндегі орны туралы түсінік беру; мәдениетті, парасатты, рухани ойлауы терең, кітапты сүюге, қадірлеуге баулуға бағытталды.

   Тұлға болып тумайды,тұлға болып қалыптасады. Болашақ жастардың өз тарихын білетін, саналы, көзі ашық, көкірегі ояу, мәдениеті жоғарғы тұлғаны қалыптастыру үшін кітап оқудың маңызы орасан зор.

  Ашық тәрбие сағатымыз миға шабуыл әдісін пайдаланып, көркем шығармалардан үзінді, кітаптардың мұқабаларын жасырып, викторина сұрақтарына жауап берумен басталды. Сабақ барысында студенттер өздерінің оқуға кеңес беретін кітаптарымен бөлісті.  Қазіргі қазақ жастарының кітап оқуға деген құлшысы жайында да сөз қозғалып, шағын пікірталас жүргізілді. 

   Сабақтың соңында студенттер кітап оқу, кітапты пайдалану, көркем шығармаларды оқудың маңыздылығын терең түсінді. Кітап-барлық білімдердің басын бір жерге тоғыстырып, кез-келген сәтте көмекке келетін ерен күш, әрі білімді жетілдіріп, жан-жақты ізденіп, тіл байлығын дамытып, саналы да, білімді адам шығаруда таптырмайтын баға жетпес дүние. Сондықтан да, жаңа ақпараттар көзінің қарыштап дамыған жаһандану заманында студенттердің кітап оқуға деген құштарлығын оятқандай болдық. Маргарет Фуллердің  «Бүгін оқырмансыз, ертең көшбасшысыз» сөзімен тәрбие сағатын тәмамдап, студенттерді кітап сүюге,  тұлға болуға шақырдық.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шет тілі: Екі шет тілі мамандығы

1 курс магистранттары

Аружан Жеңіс  

Жазира Мусаева