«Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін – рухани
ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай,
қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек»
Әбіш Кекілбаев
Қазақ руханиятына хәм әдебиетіне өзіндік бояу, үн әкеліп, «Абыз» атанған Әбіш Кекілбайұлының есімі тарих беттерінде алтын әріппен қала берері ақиқат. Тәңір маңдайына таңбалаған ғұмырда ұлтына адал қызмет етіп, әдебиетіне ұлы мектеп қалыптастырған классик жазушы. Жазушылықпен қатар қайраткерлік тұлғасын да еңкейтпеген қаламгер екені де ұлтының жүрегінде мәңгі жазулы. Темірхан Медетбекше айтар болсақ «еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Феномен. Тұтас әлем. Айтқан сайын, қадалған сайын, тереңдей түсетін шыңырау әлем. Ол шыңыраудан талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Рухани ұлы тұлға». Расымен де өзі жазған шыңыраудай терең әлемнен қуат алған көп ұрпақтың бірі біз едік.
Саясаткерлік бейнесін былай қойғанда жазушы, ақын, тарихшы жалпылап алғанда руханияттың қайнар көзі деп бағаласақ та қателеспеген болар едім. Жазушы қаламынан туған «Үркер», «Елең-Алаң», «Аңыздың ақыры» т.б көлемді романдармен қоса «Шыңырау», «Күй» т.б сынды повестьттері қазақ әдебиетіне құбылыс әкелген классикалық шығармалар. Талай жылғы заманалардан сыр шертетін, ұлыларды тірілткен, жылдар мен ғасырлар үн қатып тұрғандай әсер қалдыратын мол мұра. Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» акциясына да Әбіш романының таңдалуы да бекерден бекер емес. Қоғам тұрғысына келсек 80 жылдық тойының қарсаңы болса, руханиянқа келгенде ұрпақ санасын ізгілендіру. «Аңыздың ақыры» романы белгісіз әміршінің басынан кешкен оқиғаға негізделсе де адам психологиясымен терең жұмыс істеген шығарма. Адамның көкірек көзін кеңейтіп, таным, толғаныстарын түртіп өтетін классика.
Жалпылай келгенде жазушының барлық шығармалары адам жанына сәуле шашып, рухани кеңістікте қалқытып, бар бетпердеңді шеше түсетіндей көрінеді. Көз алдыңда керуендей жылжып өтіп жатырған тарихтың тегеурінді көші, әр заманың, сол заманға тән қоғам мен тұлғалардың жан айқайы мен тебіреністері, қазақ халқының болмысы мен исі, заманалардың жеңісі мен жеңілісі, бәрі – бәрі сыйып кеткендей. Асқан дарын мен еңбектің, сағаттың тоқтаусыз тықылына бағынбаған ізденістің жемісі – бір ұлттың айнасына айналып, бар алемге күнге шағылысқан алтындай жарқырап тұр. Бұның барлығы да Әбіш Кекілбакв шығармашылығының шоқтығы еді. «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры, бәрібір, жиырмасыншы ғасыр» деп жазушының өзі айтқандай, сол ғасырда өмірге келіп, әдебиеттің қазанында қайнап, саясат майданында шыңдалып, абызға хәм маңғаз Маңғыстаудың 363-әулиесіне айналды. Бұл менің емес бүкіл ұлттың берген бағасы.
Қайраткерлік, қаламгерлік бейнеден бөлек адам ретінде де бар қазақтың сүйіспеншілігіне бөленді, аяулы перзенті, асыл ұлына айналды. Маңғаз Маңғыстауға тән болмыспен, қарт Каспидей телегей теңіз білім, дархан дариядай жүрекпен, қанында қалқыған тектілігімен ұлы да ұлтын соңғы демін алғанша сүйді. Оған дәлел абыздың жүріп өткен соқпақ та сарабдал ғұмыр жолы, қалдырған мол мұрасы. Жүрек деген құдіретте мәңгі қалатын тұлға. Жоғарыда өзі айтқандай рухани ерлік жасап, ұлтын аузына қаратып, рухани байлығымен әлем назарына іліккен данышпан талант иесі. Қазақ халқының ұлы жүрегі тоқтаған мезетте, Әбіш есімі де жер бетінен жойылады. Қазақ бар да Әбіш бар, қазақ әдебиеті бар да оның мол мұрасы да бар. Ұлылардың мекеніне айналған ұлттың ұлы жүрегі тоқтамасын. Сол жүректі тебірентер қазақ әдебиеті өлмесін!