Түкірік

Түкірік
жеке
блог

     Мен ол кісімен сырттай ғана таныс едім. Казиноларда жиі ұшырысатынбыз.Мен сияқты ол да покер ойнағанды жақсы көретін. Әйтеуір аман-сәлеміміз түзу еді.Бірақ та маған, ақша жасау үшін келген біздерге қарағанда,ол көңіл көтеруге келген байшікешке көбірек ұқсайтын. (Ылғи да үлкен сомалардан ұтылатын, ұтқанын және ұтылғанына қиналғанын көрмеппін.) Жанында тек патшайым болуға лайықты арулар еріп жүруші еді. Бір рет көлігін көрген едім, Германияда тек қана тапсырыспен шығатын коллекционды марка екен. Бағасын да өздеріңіз шамалай жатарсыздар.

    Бір азғана ұтысқа ие болып,көңілім көтеріңкі, тысқа шығып келе жатыр едім. Жоғарыда сипаттаған мырза көлігінде жылап отыр екен.Көлігі менікімен қатар тұрғандықтан, үн-түнсіз кете алмадым;
-Сізге не болды?-
-Ішесіз бе?,-деп, ол маған өзінің құтысын ұсынды.Мен басымды шайқадым.-Ал мен ішемін. Ішпегенде нем қалды?!-деп құтыны аузына әкеліп, қылқылдатып жұта бастады. Ішіндегісі су емес қой, мен еріксіз тыжырынып қалдым.
-Не болды сізге? Қойыңыз деймін,әлі көлік жүргізесіз ғой!-деп мен оны ақылға шақырып көрдім.Болмаған соң;
-Жүріңіз, мен сізді өз көлігіммен апарып салайын,-дедім. Ол үн-түнсіз көлігінен түсті де,менікіне отырды. Көліктің ішін француз конягі мен әтірінің иісі алып кетті.

    Көлігімді от алдырып жатыр едім;
-Сіз білесіз бе, бір ай бұрын мен бір мырзаға өте үлкен сомаға ұтылып қалғанмын.Дәл сол күні менің қалтамда қажетті сома болмады. Әлгі мырза күте тұруға келісті. Әрине,менің байлығыммен салыстырғанда ол сома түкке де тұрмайды. Бірақ, уақыт өте келе сараңдығым ұстап ,бергім келмей қалды. Тоқалым бір дуашының мекен-жайын берген еді. Барлық жағдайдан көмектеседі деп,әбден мақтауын асырды,-деп үнсіз қалды. Құтысынан тағы бір-екі рет жұтып алды.-Бардым әлгі дуашыға, түрі тура қу аяқ мыстанның нағыз өзі. Таксасы он мың доллар екен. Мен оны ақша жасап жүрген шарлатан екен деп ойладым. Мен қарыз адамның суретін алып келіп едім, дуашы алды да бір түкірді! "Болды,енді бұл арам қатады!"деді. Әлгі қылығына қарап мен оның шарлатан екеніне сенімім беки түсті. Он мың долларлық жарамсыз чекке қол қойып бердім, ол да мені алдады ғой! Кетерімде мені де суретке түсіріп алды.
  -Әлгі адам бүгін шынында да өліп қалыпты. Өзінің иті талап өлтіріптіііі,-деп тағы да еңіреп қоя берді.
-Тынышталыңыз деймін. Қайта қуанбайсыз ба, қарызыңызды қайтармайтын болдыңыз ғой!-
-Менің берген чегім жарамсыз ғой ,сіз қалайша түсінбейсіз?-деп таң қала сұрады.-Онда менің суретім бар ғой....!!!-