Тұғыры биік жаңа Қазақстан

Тұғыры биік жаңа Қазақстан
жеке
блог

Жыл  басы рухы  кемел мемлекеттің нақты  қағидаларымен  басталды деп толық айта аламыз. Осы орайда ел басына күн туған қиын қыстау кезеңде елден теріс айналмай, халқына демеу бола білген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған үндеуін алға тартқымыз келеді. Ел тізгінін ұстаған басшымыздың  Парламент мәжілісінің отырысында сөйлеген сөздері халқымыздың тарихына біраз өзгеріс алып келері сөзсіз. Үкіметтегі өзгерістермен қатар бұл мәлімдеменің халыққа берер азығы мол екендігіне  кәміл сенеміз.

Ел басшысы өз мәлімдемесінде елдің экономикасы, денсаулық сақтау, білім беру жүйесі, жастардың жұмысқа орналасуы мен ел тұрақтылығы жөнінде  пікірлер айтып қана қоймай, Үкіметке жаңа тапсырмалар берді. Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет екендігін алға тартты.  Өз сөзінде: «Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни, бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын», - деді. Сол себепті, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды екендігін,  сонымен қатар бизнеске  түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойғандығын атап өтті. Экономиканы әртараптандырып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу керектігін тілге тиек етті. Ол үшін импортқа тәуелділіктен арылып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру  мәселесіне жіті назар аударды.

Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет екендігін ескерте отырып, ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керектігін қозғады.  Соңғы жылы елімізде қуаңшылықтың салдарынан былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кемігендігін тілге тиек етіп,  бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз ету ісіне әсер еткендігін назардан  тыс қалдырған жоқ. Сондай-ақ, алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет екендігін ескертті. Бұл жаңа Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударатындығын бақылау керектігін атап өтті.

Президентіміздің мәлімдемесінде жастарға жаңа жұмыс орындарының ашылатындығы  және техникалық мамандықтарға басымдық берілетіндігі жайлы сөз қозғауы халықтың көңілінен шықты. Кез келген уақытта білімге, ғылымға, оқу ісіне аса ыждаһаттылықпен қарайтын басшымыздың бұл бастамасы, әрине, қолдауға тұрарлық. Білім бар жерде өсу мен өну бар. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру айқын басымдық болып табылатынын, бұл бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы екенін алға тартты. Осы орайда ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп айтқан сөзін тілге тиек ете отырып, мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешенімен үздік мұғалімдерді тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл – жаңа Қазақстан үшін жасалып жатқан алғашқы қадамдардың бірі.
Жастарды жұмыспен қамту сонымен қатар оқу орындарымен қамтамасыз ету бағдарламасы әрқашан алдыңғы орында тұруы тиіс. 5 үздік шетелдік оқу орнының, оның ішінде екеуінің еліміздің батыс аймағында ашылуы  сияқты жасампаз елдің болашағы үшін жасалып жатқан әрбір бастама халықтың ықыласын арттыра түсетіні анық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ертеңгі келер күннің бүгінгіден де нұрлы әрі жарқын болуына ықпал ететін адамзатты алға жетелер құдіретті күш – білімде екенін нақтылап берді. Кімнің болмасын өсіп-жетілуі, қоғамда  өзіндік орын алуы – өз елінің білім жүйесі мен оның дамуына тікелей байланысты.

Егеменді еліміздің  қасиетті қара топырағында оңды өзгерістердің игілігін көріп жүрміз. Оң өзгерістерді дамытып, жақсы бастамаға қолдау көрсете білсек, саусақ біріксе жұдырық бола алатындығымыздың айғағы болмақ. Біртұтас білімді, саналы ұлт болуымыз үшін болашаққа қарай біліммен  қадам басуымыз қажет.

Президентіміздің «Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қор құруын тапсыруы халықтың көңілінен шыққан бірден-бір жоба болды. Бұл қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы түрлі мәселелерді шешумен айналысады. Көптеген отбасылар үшін емделу құнын қолжетімді етеді. Мәселен, сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға көмек береді. Және бұл қор мемлекет басшысы атап өткендей, «Президент қоры емес, барша қазақстандықтардың қоры, халық қоры», - болып табылады.
Қазақстанды бірге құруға бағытталған бұл бастамалар шынайы жаңару кезеңінің алғышарттары болып қана қоймай, халықтың тұтастығы мен бірлігін, тыныштығы мен тұрақтылығын сақтайды.

Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Қазақ тіл білімі кафедрасының
оқытушысы Жүзбаева Арай