-Бұл жаққа әпкем алып келді. Жақындарыма салмақ салмай, осында тұрғым келді,-деп жауап берді барлық сұраққа Тілеубала Құдайбергенова. Қарттар үйіндегі әрбір жарым көңіл жанның бар сұраққа жауабы осы. Жүрек түбіндегі сағыныш пен көңілдегі дақты көздеріндегі мұң айтып тұрса-дағы жасыруға тырысатыны анық. Өңменінен итерген өз баласын даттауға дәті шыдамайтын сияқты. Дегенмен самайына ақ түскен сәтте немересін иіскеп, бала-келінінің мейрімі мен құрметіне бөленіп отыратын шақта қарттар үйін паналап жүргендігі өзегіңді өртейді екен.
Қарағанды қаласындағы №1 қарттар үйі. Бүгінде ашылғанына 25 жыл болған бұл мекеме 1989 жылы пайдалануға берілген екен. Мекеме басшысы Тоғжан Алтайқызының айтуы бойынша жылына 24-25-ке жуық жандарға пана болатын бұл шаңырақта қарттарға барлық жағдай жасалған. Бірақ өмірдің суығы мен ыстығына шыдап, бауыр еті баласы үшін жанталасып өмір сүрген ақсақал ата мен ақжаулықты ананың бүгінде көрмегені осы ма еді? Туған шаңырақтан бір бұрыш жетпей қалғаны ма? Қарттар үйінің емес өз үйініің төрінде отыратын ата-ананың жағдайын ұл-қызы ойлайды ма? деген сұрақтарға жауап таба алмай сандалғанымды қайтерсің...
Бұл екі қабатты ғимараттың ішкі ауасы қария былай тұрсын сырттан келген жанға да біртүрлі суық, жайсыз. Әр жерде шүйіркелесіп отырған ата-әженің де көкірегінде ешкімге айта алмайтын сыры бары да рас.
Жалпы қарттар үйі әуелгіде еңбекке жарамсыз, қамқоршысы жоқ жандарға арналып салына бастаған болатын, кейін туған баласына керек емес қариялардың мекеніне айналды. Соңғы деректер бойынша Қазақстанда қарттар мен мүгедектерге арналған үйлердің саны 87-ге жетіпті. Сондай-ақ ең көбі Шығыс Қазақстан мен Қостанай облысында шоғырланған.
Қариялар үйі қазақта болмаған. Батысқа еліктейміз деп қазыналы қарттарымыз бен адамгершілік деген құнды қасиеттерден айрылып жатқан жоқпыз ба, оны да ойлану қажет секілді. Қателікті түзету әр адамның өз қолында. Сондықтан жат қолына жаутаңдатпай әке-шешеңді Құдайыңдай сыйла!