Туған өлкем - жұмақ мекен

«О, туған жер, кең пейіл, құшағың кең,

Саған көңіл бұлқынар күш – ағынмен.

Сағынышымды қанат қып саған қарай,

Балапандай талпынып ұшамын мен», - деп Фариза Оңғарсынова жырына қосқандай, туған жер – әр адам үшін қасиетті де қадірлі ұғым. Туған жер   - aта-бабалaрымыз aқ нaйзaның ұшымeн, aқ бiлектің күшiмен қaнын төгiп жүрiп қорғaған қaсиетті жеріміз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біз кез-келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз» деген еді. Расыменде, аты аңызға айналған даналардың барлығы дерлік осы ауыл дейтін ұлы даладан шығады емес пе? Менің ауылымда да тұғыры биік тұлғалар дүние есігін ашқан.Туған жерімнен қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Мұса Шорманұлы, қазақтың көрнекті ақыны Сәдуақас Шорманов, қоғам қайраткері  Әбікей Сәтбаев, филология ғылымдарының докторы Шәмшиябану Қанышқызы, «Алтын адамды» тапқан  археолог Кемел Ақышев сынды ұлы тұлғалар шыққан. Осындай ғұлама-ғалымдарды дүниеге әкелген қасиетті жерде өмір сүру - мен үшін үлкен бақыт!

Ауылым күннен-күнге дамып,құлпырып келеді. 2018 жылы Мұса Шорманұлының басы көтеріліп,кесене салынды.Ауыл тұрғындары бір жұдырықтай жұмылып,баба басын көтеруге ат салысты.Одан бөлек,жаңа «мәдениет үйі» салынды.

2018 жылы 15 қыркүйекте Мұса бабабымыздың 200 жылдығы кең көлемде аталып өтті.Бұл күні ауыл сыртына киіз үйлер тігіліп,ақсақалдар ақ баталарын жаудырып,өнерпаздар тамылжыта ән шырқап,мың бұрала би билеп осынау ақ түйенің қарны жарылған күнді керемет көңіл күйде атап өтті. Шабандоздар бәйгеге қатысып,палуандар күресіп,қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары қайта жаңғыра түсті.

Осындай келелі істерден кейін ауылымызға туристтер мен қонақтар көп келетін болды. Олар міндетті түрде мәдениет үйіндегі «Туған жердің тарихи тұлғалары» һәм мектепте орналасқан Қ.Сәтбаевтың мұражайына соғып,ауыл тарихымен танысады.Мұса Шорманның кесенесіне барып, баба басына зиярат етеді. Ауылдың  әсем табиғаты қонақтарды бірден өзіне баурап алады. Ағып жатқан өзен мен  Ақкелін, Жыланды, Керегітас таулары ауыл келбетін ашып тұр. Ауылымызға былтыр жаз мезгілінде қонақ болған  әлемге танымал блогер, саяхаттаушы, қадірлі қонақтарымыздың бірі Аналусия Родригес «Маған бұл ауылдың табиғаты қатты ұнады. Мұса Шорман ауылының адамдары өте ұйымшыл, ауызбіршілігі мол халық екен» деген еді. Расыменде, ауыл тұрғындары қандай қонақ болмасын ізгі ниет, кең ілтипатпен қарсы алып, ақ дастархандарын жайып, қонақтарға құрметтерін көрсетеді. Бұл – көпке үлгі боларлық іс!

Ауылымда туризммен қатар, білім беру саласы да жақсы дамыған. Мектебіміз ұлы тұлға Академик Қаныш Сәтбаевтың атында. Мектебімнен жетістікке қол жеткізген ғалымдар, докторлар мен профессорлар түлеп ұшқан. Қазіргі таңда алтын ұямызда жүзден аса шәкірт білім алуда.

«Сен де кеттің,

Мен де кеттім,

Ол да кетті ауылдан.

Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау,қауымнан!»,- деп ақиық ақын Мұқағали Мақатев жырына қосқандай, бүгінгі қоғамда ауыл тұрғындарының саны азайып келе жатқаны көңілге кірбің әкеледі. Әсіресе, жастар қауымы ауылға емес, қалаға қоныс аударуда. Егер ауылымызды сақтап қалғымыз келсе, ауылдан көшпей, туған жерді көркейтуге үлес қосу қажетпіз. Бұл – әр адам перзентінің міндеті деп білемін!

 Мерей АУҒАЛИ,

Мұса Шорман ауылы,

Баянауыл ауданы,

Павлодар облысы.



Бөлісу: