Туған жердің түтіні де тәтті...

    Туған жер - әрбір адам үшін ыстық мекен. Туып-өскен жер - әр адамның "жүрегінің төрінен" орын алады. Себебі, ол - киелі мекен, қастерлі қоныс, кіндік қаны тамған жер. Отаныңның киелі болуының себебі де осында. Кіндік қаның тамған жер болғандықтан да, оның жай ғана кішігірім жасыл алаңқайының өзі - сен үшін асыр салып ойнайтын кең жайлаумен тең. Өз Отаныңда өткізген әр күнің - бақыт. Оның көз тойдырмас тұмса табиғатын тамашалау, ашық-көк аспанын көру, жоғарыдан төмен құлаған келте самал желін сезіну - ерекше бақыт емес пе? Ал кейбіреулер осы бақыттан бас тартып, өзгенің бақытты мекеніне асығады. Ол мекеннен мың есе әдемілік, мың есе тыныштық табатын шығар. Алайда... Туған жердің түтіні де тәтті. Өзге жерден не тапсаң да, туған жеріңнен тапқан дүниемен теңесе де алмайды. Міне, әркімнің Отанының осындай жұмбақ тартылыс күші бар. 

     Бақыттың формуласы - бар кезде бағалау. Ал туған жеріңде бақытты ғұмырыңның жалғасқанын қаласаң - Тәуелсіздігін бағалай біл. Еліңді қорға. Туып-өскен жеріңді қорға. Міне, сонда ғана бақытыңның ғұмыры ұзақ болады. Қай мемлекеттің азаматы болса да, өз елінің әлеуметтік-саяси жағдайына да, халықтық жағдайына да шүкіршілік ете білуі керек. Себебі, бізден өзге елдердің хәлі бұдан да мүшкіл. Біздің екі көшбасшыларымыздың сындарлы саясаттарының арқасында арайлы таңды қарсы алып, шуақты күнде шомылып жүрміз. Ең бастысы, төбемізде - көк аспан. Күнделікті төбелерінен оқ борап жатқан елдерге қарап, өз Отанымызға қанағат етуіміз керек! Мәселе тек қана біздің елде ғана емес, тіпті, керемет дамыған, алдыңғы қатарлы елдердің өзінде де бар. Мәселенің барлығы тек сабырмен шешіледі.

    Тәуелсіз, мәңгілік елді қаласақ - елім деп еміренген ұлымыз, жалындаған жастарымыз, тілі мен ұлтын құрметтеген халқымыз болуы керек. Сонда ғана, Қазақстан одан әрі дамып, мәңгілік ел қатарына қосылып, бүкіл дүниежүзін мойындататын жарқын болашақты ел болмақ.



Бөлісу: