/Тек өзім жылтылдай бермей, арасында әпкемнің де жазбасын қалдыруды жөн көрдім./
Түбек пен шүмек ежелден,
Тал бесікте сәбидің,
Жайлылығын күзетіп,
Қойған кезде «кіш» етіп,
Құп-құрғақ қып көрпесін,
Тәтті ұйқысын бөлмеген.
Жылатпаған еркесін.
Таза ұстап бөпе құндағын,
Сәбимен бірге тербеліп,
Тыңдаған бесік жырларын...
Пай, пай шіркін сол күндер,
Келмеске кетті-ау заманмен,
Бөлейді қазір адамдар,
Сәбиін басқа амалмен.
Осыған қатты күйініп,
Қабаққа ашу түйіліп.
Келіпті шүмек Түбекпен,
Памперске жиылып.
Келе сала тиісті:
«Әй, сен өзі қайдан шыққан дәусің?
Жарнамадан жарқын шығады даусың.
Сәбилерді улайсың,
Сонда да айыл жимайсың.
Білесің бе, қылығыңмен осы бір,
Біз секілді қарияларды қинайсың!»
Памперс сыпайы екен,
Бастады сөзін сызылып:
«Айналайын Шүмек ағам, Түбек көкем,
Реніштерің расында орынды екен.
Адамдар амал қылған соң,
Амалым жоқ, мен не етем?
Өздері мені ойлап тапты,
Сәбилеріне жөргек қып сапты.
Жол жүргенде, жұмыста, қарбаласта,
Тіршілік үшін күйбеңде, жанталаста.
Баланы туғанмен, қарауға уақыт жоқта,
«Мен» бір тапқан жақсы амал болдым,
Сонда неліктен жаман болдым?»
Басылмады ашуы Түбекеңнің:
«Білесің бе қанша батыр, қанша би,
Қанша ғалым, қанша хан
Бізден өсіп, жетілген.
Мен бір өзім,
Неше ұрпақты өсіргем!
Ал сен болсаң, қарашы,
Өсірген өзің сәбиге,
Күні-түні күзетіп.
Екі жасқа келгенше,
Бұтына қояр «кіш» етіп.
Қызартар нәзік теріні.
Химикаттар сан алуан,
Сені осы адамдар,
Тауып алыпты қайдан?»
Осылай ұзақ дауласып,
Атырды біраз таңды да.
Пайдасын айтып әрқайсы,
Дәлелдер тосты алдыға.
Түбек пен Шүмек түсінді,
Түсінді де, күрсінді.
Бір күндері болғанда,
Естелік боп екеуі,
Мұражай болар мекені.
/Мира Сембайқызы/