Түбі бір түркі елдері арасындағы ұрпақтар сабақтастығы
блог
Испан жазушысы Мигель де Сервантес «Тарих - біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы» деген екен. Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел оның артынша өзі де жоғалтпақ.
Көк Тәңіріне табынып, көк бөріні қасиет тұтатын түркі халықтары ғасырлар тоғысында өз тамырын тереңге жайып үлгерді. Түркi тiлдi әлем сөз болғанда, кең байтақ Еуразия құрлығын мекендейтiн бауырлас халықтар көз алдымызға келедi. Бүгінде Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия халықтары осынау түркілердің негізгі ұрпағы болып саналады.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіздігін жария еткеннен кейін бірінші болып тәуелсіздігімізді мойындаған алғашқы ел Түркия Республикасы. Екі мемлекеттің қарым-қатынас бастауы тереңде, түбі бір туыстығында, біртұтас рухани негізде көрініс тапқан. Ортақ арнадағы діліміз бен тілімізден, тарихи тамырларымыздан, ортақ мирасымыздан бастау алады. Атап айтсақ түркі жұртын ұйыстырған Қожа Ахмет Иасауи даналығынан, одан бергі кезеңде алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың түрік бауырларының ұлт-азаттық күресіне демеу ретінде жазған жырларынан, түркі дүниесінің қайраткерлері Мұстафа Шоқайдың, Мұстафа Кемал Ататүріктің идеяларынан анық көруімізге болады.
Қазақстан мен Түркияның екіжақты ынтымақтастықтың өсу қарқыны барлық салада талай жылдан бері жалғасын тауып келеді. Бұл қатынастар, ғылым және білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, құрылыс, туризм және т.б. көптеген салаларда дамып келеді. Түркия мен Қазақстанның білім беру саласындағы ынтымақтастық 1992 жылдан бастау алады. Атап өтсек, қазақ-түрік лицейлерінің, Түркістан қаласындағы Ахмет Иассауи атындағы қазақ-түрік университетінің және С. Демирел университетінің (СДУ) ашылуы дәлел.
Білім және ғылым саласындағы екіжақты байланыс ЖОО арасында да жүзеге асырылып, жылдан-жылға дамып келеді. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің Түркология және тіл теориясын кафедрасы Түркияның Хаджеттепе университеті (Анкара), Кастомону университеті (Кастомону қаласы), Хажы Байрам Вели университеті (Анкара), Эге университеті (Измир), Мұғла университеті (Мұғла қаласы) және т.б. оқу орындарымен ғылыми байланыс орнатқан. Жылда ҚазҰУ докторанттары мен магистранттары жоғарыда аталған университеттерде біліктілігін арттыру курстары мен ғылыми-тағылымдамалық іс-сапарларға барып тұрады. Осындай байланыстың нәтижесінде, 2021 жылдың қараша айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті Түркология және Тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен Хаджеттепе университетінің профессоры, ЮНЕСКО мүшесі Рефия Гулин Угут Екер ханым "Түркі тілдері және халық ауыз әдебиеті" тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс барысында дәріскер түркі тектес халықтардың ауыз әдебиеті жайлы, әдебиеттегі гендерік ерекшеліктер туралы дәріс оқыды. Сонымен қатар, түркі және батыс мәдениетін салыстыра отырып, оның философиялық заңдылықтарына баса назар аударды. Халықтардың ғасырлар бойы қалыптастырған әдеттері мен ережелері, рәсімдері мен салт-дәстүрлерінің әсері, ұлттық мәдениеті жайлы мысалдар келтіре отырып, дін, дәстүр, салт, ырым-тыйыммен тығыз байланыста, сабақтастықта екенін атап өтті.
Аталған дәрістен қатысушылар тек білім алып қойған жоқ, сонымен қатар рухани тұрғыда азық алды, түбі бір Түркі тектес халықтардың бай мұрасымен қауышты деп айтуға болады. Себебі, адамның өмірін қоршаған орта, тіршілік аясымен тұтастыратын және оның мақсат-мүддесін игі істермен ұштастыратын асыл арна – халықтың тілі, әдебиеті және мәдениеті.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
аға оқытушысы, доцент м.а. PhD,
Р.Ж. Қондыбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шет тілі: екі шет тілі мамандығы
2 курс магистранты
А.А.Сангулова