ТІРЛІК

ТІРЛІК
жеке
блог

Мына тірлік неткен тірлік? Мұң тірлік,

Ақырына жетеміз деп ұмтылдық.

Кеш ұғамыз сонан кейін өкініп,

Мұң тірліктің екендігін бір күндік.

 

Мына тірлік –  сол баяғы күйбелең,

Жоқтар налып, барлар бәрін билеген.

Жанарында жарқылы өшіп пенденің,

Үміт дейтін мұнарасы күйреген.

 

Мына тірлік – соқыр тірлік көзі жоқ,

Жоқ болған соң адасатын кезі көп.

Адамдардың жүрегіне мұң қадап,

Надандардың сап беретін сөзіне от.

 

Мына тірлік – құнсыз тірлік керексіз,

Басы қайда, соңы қайда дерексіз.

Елі үшін жаратылып мәрт кеуде,

Оқ атылып өлетұғын себепсіз.

 

Мына тірлік –  тым меңіреу таскерең,

Сол себепті тіл қатпауды хош көрем.

Үнсіздіктен оның түгі кетпейді,

Тілсіздіктен кете қоймас ештеңем.

 

Мына тірлік – жауабы жоқ сан сұрақ,

Сан сұрақтың астарында бар сынақ.

Біреулердің соры көп боп бес елі,

Ал біреуге бұйыратын тамшы бақ.

 

Мына тірлік әділетті емес тым,

Бірде сорлап, бірде жұртпен теңестің.

Сәл ғана күт! Сабыр етші, бауырлыр,

Ешқайыссың бұл дүниелік емессің...

 

Мен де солай...

Бұл дүниелік емеспін....

12.02.2011 жыл