Сахнада монтаж жасаушылар үлкен көлемдегі айнаны жинай бастағанда-ақ бұл оқиғаның театрға барушылар көріп жүрген әдеттегі нұсқада қойылмайтыны бірден белгілі болды. Қарапайым адамға кіруге рұқсат етілмеген шымылдықтың арғы жағындағы құпияға толы да, тылсым дүниеге бірте-бірте жан біткендей. "Травиата" операсының тұсаукесеріне дайындық қалай жүргенін, бүгін бізді не күтіп тұрғанын назарларыңызға ұсынамыз.
Салмағы тоннадан асатын айна опера бойы ауысып отыратын түрлі кілемдердің суретін көрсетіп тұрады екен.
«Біз стансада ұзақ тұрдық, сосын автобусқа міндік, артымыздан есік жабылған кезде ол: «Айнаны жасап беремін», - деді. Режиссер Хеннинг Брокхауз аса көрнекті сценограф Йозеф Свободаның айтқандарын осылайша еске алады. Оның жұмысының мәні декорациялардың музыкамен үйлесу керектігінде еді. Содан кейін кеңістікпен ойнау қажет, яғни, музыка тоқтаған кезде кеңістіктің жоғалып кететін мүмкіндігі болуы қажет. Музыка үдеген кезде – кеңістік қозғалады да, ұлғаяды, және ол өте жылжымалы болуы тиіс.
Режиссердің айтуынша, қойылыммен жұмыс өте ұзақ жүріп, идея музыкаға жасалған мұқият сараптамадан кейін туған. Дюманың романы мен Дж. Вердидің музыкасындағыдай қойылымда да алдымен Виолеттаның өлімін бейнелеу керек деп шешілді. Осылайша, опера – жоқтан туындайтын өткенді еске алу іспеттес өзге бір нәрсе екенін, кенеттен сол жоқ жерден шетінен есіңе түсе бастағандай бәрі өрби беретінін жеткізеді.
Брокхауз: «Сахнада біз бүгін хормен репетиция жасаймыз, дәл қазір Флораның ойнайтын сәтін дайындаймыз, бұл көп уақытты талап ететін өте күрделі көрініс».
Үлкен репетиция залындағы дайындық
Суретші-сәнгер Джанкарло Колис, бұл - буржуазиялық қоғамның өнегесі жасанды екені туралы ақиқатты ашып беретін«Травиата» екенін атап өтті. Ол шынайы өмірдің шын мәнінде қандай болғанын баяндап береді, сөйте тұра қызықты, құдды бір ертегідей лирикалық опера болып қала бермекші. Колистің костюмдері атақты суретші Джованни Болдинидің сезімге толы талғампаз суреттерінен алған әсерінен туындаған.
«Астана Опера» тігін цехы
Жұмысынан көз алмаған суретші ақырын ғана, егер «Травиатаның» басқа қойылымдарында хор әртістері бір-біріне қосылып, ұқсас келсе, мұнда хордың әр әншісі өзінше Травиатаның бір жағы – Виолетта Валериді көрсетеді деп түсіндірді. Оның әрбір кескінінің өзіндік ерекшелігі, мінезі және стилі бар. Бұл әрбір хор әртісінің Альфред мінезінің әр қырын көрсететініндей.
Джанкарло Колис жарыққа шыққанда әдемі көріне түсетін өте жеңіл және барынша жылтыр маталарды пайдаланды. Олардың тағы бір ерекшелігі, осы бір жеңілдіктің арқасында тұла бойдың сұлулығын сыза түсіп, салмақты келетін классикалық қарапайым көйлектерге қарағанда бұл қойылымның костюмдері аспан іспеттес үлпілдек келетіндігінде. Ерлер киіміне келсек, мұнда күнделікті киетін киімнің сан түрі ұсынылған, дегенмен «Флора үйіндегі сауық кеші» көрінісінде классикалық қағидаға сай бабочка тағылып, фрак киіледі.
Сахнадағы костюмдердің бергі жағын ғана көріп үйренген көрерменді режиссердің ойластырғаны: «айна» қолданылатын қойылымда әртістерді төрт құбыладан да көре алу мүмкіндігі таң қалдырары сөзсіз. Дж. Колис костюмдердің ішінде ең сүйіктісі бар ма деген сауалға, әрине, ол Виолеттаның көйлегі деп жауап қатты. «Мен оған үнемі жаңа бейне ойластырамын. Бұл жолғы спектакльде біз Виолетта жанының тазалығына баса назар аударамыз, айталық, оның көйлегі жанды баурайтындай аппақ болады, әйтсе де бұл қалыңдықтың көйлегі емес, сол себепті оқиға желісіне сай мен оған қара шілтерден ендірме тіктім. Екінші актта Альфредтен кеткен Виолетта қайтадан жезөкшелік жолға түскенде бұл көйлекке ақшыл көк рең кереғар пікір тудырып тұрады», - деп түсіндірді суретші. Париждің зиялы қауымы киінген - смокингтер, галстуктер мен пиджактар, сүйретілген көйлектер және басқасы - осының барлығын сіздер әзірге ілгіштен ғана көре аласыздар, алайда ертең әртістер оларды киіп шығады, сол кезде біз бұл қызықты оқиғаның куәгері боламыз.
Костюммен қатар операда қолданылатын реквизиттер де маңызды, олардың молшылығы мен алуан-түрлілігінен орындаушылардың өздері мәз-мейрам.
Мысалы, қуыршақтарға әйелдер жағы бірден қызықса, карталар мен купюралар ерлер қауымының қызығушылығын тудырды, алайда бәрінен де көпшіліктің назарын өзіне итальяндық ғажап – «қанттан жасалған стақандар» аударды. Құштарлыққа бой ұрған кейіпкерлер оларды алақанында уатады. Бұл театрлық-техникалық қулықтың бір түрі, есесіне қолға зақым келмейді, ал сахнада көрсетілген әсер өз көрерменіне жете барады. Кейін бокалдың сынықтарын қайта құйып, қалпына келтіруге болады, осылайша олар ұзаққа жарайды.
Спектакльге қатысу үшін Италиядан ұшып келген Симон Пьяццола - Жорж Жермон, өз роліне асқан байсалдылықпен айтады. Аталған рольді ол 130 рет сомдады, алайда әр кез сахнаға шыққан сайын кейіпкерінің бойынан жаңа нәрсе іздейді, әйтсе де, әнші өз кейіпкерін қалай дұрыс сомдау керектігін меңгергенін жасырмайды. «Психологиялық тұрғыдан алғанда оны орындау қашанда қиын, неге десеңіз Жермон тек әке емес, ол арасында нұсқау беретін командир және ол нұсқаулар орындалуы тиіс», - дейді әнші. Опера желісі бойынша оның сөзіне құлақ аспаған баласы жезөкше Виолеттамен байланысқа түседі.
«Мен режиссер Хеннинг Брокхаузбен жұмыс жасадым, жолым болды, себебі оның идеясы жаныма өте жақын. Менің мінезім жеңіл емес, өз балама да қатал қараймын, бірақ, әрине, мен өмірде кейіпкерім сияқты емеспін, алайда аталған рольде өзімді жайлы сезінемін.
Мені Астана суығымен қарсы алды, алайда мен бұған бой берейін деп тұрған жоқпын. Менің Жорждың партиясын қалай ойнағаным қазақстандық көрерменнің жүрегінен орын алады деп үміттенемін. Залда отырған әр адамның жүрегіне жету мен үшін маңызды».
Виолеттаның партиясын орындайтын Екатерина Баканова (Ресей) аталған рольдің айтарлықтай күрделі екенін айтады. «Өз кейіпкеріме мен ерекше көңіл бөлемін, ең алдымен кезінде жезөкшелер Грекияның гетералары, Жапондық гейшалар сияқты өз заманының оқыған әйелдері саналғанын айта кету керек. Бұл әйелдер шет тілін меңгерген, өзге елдің мәдениетін білетін, әдебиетті көптеп оқығандар болатын. Еркек атаулы – мейлі бай, мейлі жарлы болсын өздерінде осындай серіктері болғанын қалаған. Кейіпкеріме тән эмоциялар менің де жаныма жақын. Партияның ерекшелігіне келсек, айтарым, әр ойнаған сайын оны жақсарта отырып, дауыстың бұрынғыдан да сапалы шығуына, көріністі бұрынғыдан да айқын және сезімге толы етуге қол жеткізе отырып жаңа қырынан ашасың. Аталған қойылым көрерменге ұнайды деп ойлаймын, біртума, бояуы қанық, драматикалық тұрғыдан терең шыққан спектакль бүгінде әлемнің үздік сахналарын аралап үлгерді. Мен бұған дейін де Х. Брокхаузбен жұмыс істедім, ол өзінің стиліне, көзқарасына, берік екенін айта кеткім келеді, оның әр қойылымынан оқуға болатын өзіндік қолтаңбасы бар», - дейді Екатерина Баканова.
Әңгімемізді аяқтай келе, көрерменге Виолеттаның жеке өмірінің куәсі болуға мүмкіндік беретін айнаға қайта оралсақ. Соңында олар көрерменге қарай бұрылып, залда отырғандарды драманың тек куәгері ғана емес, сондай-ақ оның қатысушысы етіп өздеріне өздерін көрсетеді.
Салтанат Аскербеккызы
Карла Нур (фотограф)