«28 аптадан кейін», «Аптап», «Лашықтан шыққан миллионер» секілді атағы алысқа кеткен туындылардың авторы Дэнни Бойл қайталанбас сценарийға деген сүйіспеншілігімен («Жағажай»), болмас жерден бадырайтып белді туынды жасап шығаратын ерекшелігімен («127 сағат») танымал. 57 жастағы маманның бар-жоғы толықметражды 11-ақ фильмі бар, алайда олардың әрқайсысы дерлік көзден таса, көңілден былай қалған емес.
«Транстың» тағдыры да тарихтың көзге түсер тұсында қашалып жазылатын секілді. Қат-қабат, қым-қуыш көріністер мен күтпеген бұрылыстар, қарашықпен ғана емес қауашақпен де қарауға итермелейтін сюжет сирек шығатын мазмұнды киноның елесін экранға қайта оралтты.
«Қандай құнды болмасын, жәдігер адам өмірінен қымбат емес» деп нұсқау алады екен мұражай қызметкерлері алда-жалда ұрлық-қарлық бола қалса деп өткізілетін сабақтарда. Аукцион үйінде жұмыс істейтін Саймон (Джеймс МакЭвой) амалсыз бір топ қылмыскермен бас қосып бағасы 20 миллион фунт-стерлигтен асатын Гойяның «Ауадағы мыстандар» атты картинасын ұрлайды. Алайда, «жазым болса атала көжеге тіс сынады», операция кезінде басынан соққы алған Саймон қымбат жәдігерді артынан қайда тыққанын ұмытып қалады. Саусақ терісін сыпырып тұрып «тап тап, таптың» астына алған Фрэнк (Венсан Кассель) бастаған ұрлықшылар дымдары құрып көмекке психотерапевт Элизабет Ламды (Розарио Доусон) шақырды. Осыдан бастап гипноздың астында қалған Саймон да, оқиға желісіне ілесе алмай басына мақшар күні орнаған Фрэнк те, түсініксіз тірлігімен көрерменді де, кейіпкерлерді де шатастырып біткен Элизабет те басты айналдырып, тұман орнатып, титықтататын бір оқиғалар шеңберіне кіреді де кетеді.
Кіргенге дейін фильм экшн аралас авантюралық драма кейпінде болса, ары қарай мистика, мелодрама, авторлық кино элементтерін мидай араластырып түсініксіз (әлде, керісінше, түсінікті?) триллерге айналып кете барады.
Экраннан гөрі телефонына көбірек қарап, кейіпкерлерді тыңдаудың орнына қасындағы адаммен сөйлесіп отырған болмаса күрт-күрт шайналған попкорнның кесірінен сюжетке дұрыс ден қоя алмаған көрермен Фрэнктің жарты басы мен Элизабеттің қырыну құралының және Саймонның кілтінің өзара қандай қарым-қатынасы бар екенін біле алмай кетуі бек мүмкін. «Транстың» көптің бірі емес екенін алдын-ала сезініп көру ләзім, ең болмағанда билетіңіздің ақысын ақтайды.
«Трансты» өз басым Ноланның «Бастауымен» немесе Вачовскилердің «Матрицасымен» салыстырдым. Бұларға қарағанда бәкене болып көрінсе де Бойлдың туындысы миды сөндіріп тастап көре беретін туынды емес: бір емес бірнеше күтпеген финалдан тұратын, әлдебір ғылыми-пәлсапалық деңгейде көрерменді кадр мен кадр арасындағы соқпақтармен шыр айналдырып адастыратын, ұштығы соңғы минуттарды, тіпті минутта келіп көрінетін лабиринтке салып қоятын «Транс» соңғы титрлармен бірге сізге «Мә, үйге жеткенше қорытып бар» дегендей біраз дүниенң басын қылтитып қояды.
МакЭвой-Доусон-Кассель үштігі көрермен үшін дәл бір «Бермуд үштағанындай» — батасың да кетесің. Бірақ компьютерлік визуалды графика мен сорасы аққан әлжуаз фильмдерден шаршаған сана, болмыс, ми ұзақ уақыт үстелден шықпай отырған адамның жүгіріп, бойына қан жүгіртіп, тәнін сезініп, рахат күйге түскенін елестетеді.
Үлкен рахметті операторлық топ пен композиторға айтар едім: режиссер мен сценаристердің айтпағын дәл ұққан. Айна мен әйнекті, қараңғы мен жарықты ойната беру, атмосфералық музыканы пайдалану «Транстың» тырнағына ілініп тербеліп отырған көрерменді одан әрі «әлдилей» түседі.
Дэнни Бойл драмасы сұйылыңқырап барып бітетіні болмаса бір емес, бірнеше қайта көруге тұрарлық. Әсіресе, күтпеген финалдың тағы бір күтпеген финалы бар екенін көрсететін туындыларды ұнатушыларға ұсынамын.
P.S. Күлеміз-ау, бірақ Элизабет секілді мықты гипноз маманы келіп «бүлдірген» десе қай қорқынышымыз оянар екен.
writeFlash({"allowFullScreen":"true","allowscriptaccess":"always","src":"https://www.youtube.com/v/b6GaCScEkfg?version=3&hl=ru_RU","allowfullscreen":"true","width":"559","height":"315"});
…
Ақпарат көзі — Киностан