"Тозақ бұлты төнгенде..."

                                                                                                               Қайран елім, қазағым, қайран жұртым...

ХХ ғасырдағы қазақтың көрген құқайы аз емес. Ғасыр басындағы ұлт-азаттық көтерілісі, Қазан төңкерісі, қайталап соққан аштық, саяси қуғын-сүргін, соғыс теңіз толқынындай қуалай келіп қазақты жүдетіп қана қоймай, жер бетіне мүлдем сыпырып тастай жаздады. Саяси қуғын-сүргін мен бас-аяғы он шақты жылдың ішінде екі рет қайталанған алапат аштықтан халық қынадай қырылды. Халықты серкедей бастаған алдыңғы қатарлы зиялылары мен арқасүйер көсемдері сүттің қаймағындай сылынып тасталды. Бір ұлттың басынан өткен осынша ауыртпалықты қара жер көтергенмен, халық жады ұмыта алар емес!

Ел соғыстың зардабынан әлі ес жиып үлгермей, 1949 жылы 28 тамызында ұлы тұлғалар дүниеге келген қарт Шыңғыстау өңірінде жерден қара қошқыл бұлт қоюланып, дөңгеленіп жоғары көтерілді. Шатыр-шұтыр, салдыр- гүлдір, соқтығысқан дыбыстар. Бейхабар халық әрі-сәрі күй кешті: «Ол не? Не болды? Тағы соғыс басталды-ау?! Енді не болады?» деп аласапыран жағдайға түсті. Біраздан кейін сол кездегі АҚШ-тың «Studebaker» деген машиналары қаптап кетті. Әскерилер халықты жинап, митинг өткізді. Олардың қуаныштарында шек жоқ. «Қорықпаңыздар! Біз енді Америкадан да күшті болдық. Бізге ешқандай жау қауіпті емес» - деп шайтансуын ішіп мәре-сәре болды. Бұл Семей полигонындағы алғашқы атом бомбасының сынағы еді!

Қайнардың халқында зәре жоқ. Атом бомбасының алғашқы сынағы өңірдің астан-кестеңін шығарды. Үкімет осы аймақтын тұрғындарын адамға санамағанға ұқсайды. 1953 жылы 2-10 тамыз аралығында Абыралы ауданының тұрғындарын 3-5 күнге көшірді. Әскерилер тұрғындарға шелек-шелек арақ, спирт таратып береді екен. Осыдан бастап аспанда сынақ өте жиі ұйымдастырылатын болды. Атом бомбысының алғашқы құрбандары дүниеден оза бастады. Ұшқан құс көрінбейді, тіпті, үретін ит те жоқ.

Бір күні Дегелең тауының маңайында сутегі бомбасы сынақтан өтті. Ол маңайдағы халық басқа елді-мекендерге көшірілді. Тұрғындар қоныс еткен жерлерінен айырылғылары келмегенімен, Кеңес өкіметі зорлап көшірді. Ата-бабалары мәңгілік тыныстаған мекен қаншама ыстық болса да еріксіз қоныс аударды. Бұл жазық алаң бейбіт заманда қайғылы алаңға айналды. Жылау, көрісу, қоштасу... Ақтабан шұбырындыда халықты қалмақтар қырса, дәл сол күні Дегелең Жалықбастарын (рудың аты) Кеңес өкіметінің жендеттері қырып жатқандай көрінді. Осы көш Абыралының тұрғындарына атом бомбасының қасіретімен қатар, туыстарды бір-бірінен айырған қасіретті де ала келді.

Сол көшкендердің көбі – атом, сутегі бомбалардың жарылысы кезінде сынақтың қақ ортасында болғандар. Тұрғындары көшіп кеткен кейбір мекендердің аттары да жоғалыпты. Жүздеген адамға атом бомбасының зардабын шеккендер ретінде көрсетілетін көмектер де берілместен қалды. Оған дүниежүзілік саяси картада сол зардап шеккендер тұрған елді-мекен атауларының мүлде жоқ болып кетуі себеп болыпты. Жастары отыз-қырыққа жетпей қыршын кеткендер қаншама?! Ол кезде Мәскеу генералдарының көпшілігі шовинистік көзқараста болатын. Олар тарихты толыққанды ұғына алмады. Мәскеу тарапынан жасалған зорлық-зомбылыққа төзбегендіктен, қазақ халқы атом бомбасының сынағын тоқтату жөнінде бас көтере бастайды. Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қоғамдық ұйымын құрып, бұл қозғалысқа халық жаппай қатысып өз белсенділіктерін көрсетті. Сөйтіп «Невада-Семей» қоғамдық ұйымының бастамасымен жарты ғасыр бойына індет ошағы болған полигон жабылды. Антиядролық қозғалысқа қатысушы Қарағандының 130 мың шахтері егер де ядролық сынақ тоқтатылмаса мерзімі шектеусіз ереуілге шығатындарын мәлімдеген болатын. Оларды Семей, Павлодар, Өскемен, Жезқазған қалаларының жұмысшылары және сондай-ақ, Жоғарғы Кеңес қолдады.

Семей облысының атынан КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған О.Сүлейменов 1989 жылы 28 ақпанда ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы үндеу тастады. Қозғалыстың құрылғандағы мақсаты біріншіден, халықты ояту, екіншіден, полигонды жабу, үшіншіден, зардап шегіп отырған халыққа көмек көрсету туралы заңның қабылдануы үшін әрекеттер жасау болатын. Әрине, бүгінгі таңда қозғалыстың алға қойған мақсаттары толықтай орындалды.

1991 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен полигон толықтай жабылды. Кейіннен 29 тамыз – халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, өзіндік дамуының сара жолын айқындаған, егемендікке қол жеткізген, болашағы жарқын, келешегі кемел ел қатарында биікке самғап келеді.

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Әлфараби ЕРТАС, 1 курс студенті



Бөлісу: