Содан кейін, кейбір аталарға немесе жасы үлкен ағаларға бата берсе, бата емес, тост айтып кететіндер бар. Енді жасы ұлғайды, көрген-білгені бар, тым құрығанда 1-2 бата жаттап алып жүрсе болады ғой? Жалпы, қазірден бастап, үйдегі әке-шешелерімізге бата үйренсеңіздерші деп айта берген дұрыс сияқты.
Тағы бір мәселе, “тойбастар айт” – деп әжелерге берсе, әжелеріміз дені-дұрыс тойбастар әндерін білмейтін болып шығады. Сөзі бір жақта, әні бір жақта әйтеуір айтып шығатындарын да байқаймыз. Тойбастар айт деп жас буынға микрофон әкелсе, микрофоннан қашып, ән айтқысы келмейтіндер көп. Бұны да ойлап жүру керек сияқты.
Айтпақшы, ұзатылу тойда, соңына таман қызын әкесімен билететін үрдіс бар. Осыны мен түсінбеймін. Қалай әкеңмен вальс билеуге болады? Жалпы мұнда тұрған ештеме жоқ шығар, бірақ әке деген ол бір сен үшін жұмбақ планета сияқты ғой. Яғни, оның ішкі сырына ешуақытта қол сұқпайсың, және де ол сенің жан дүниеңе кіріп шықпайды. Былайынша түсінсе де, көз бен қабақ арқылы болатын байланыс қана. Меніңше, көптеген ұзатылған қыздар, сонымен қатар әкелері мұндай уақытта қатты қысылады. Бәрі қарап тұрған соң, амалсыз билейді. Өз еркінде болса, әке тек маңдайыңнан сүйіп, мықты болуың мен бақытты болуыңды тілер еді.