ТОЙЛАЙ БІЛЕМІЗ БЕ?
блог
Соңғы кездері тойға баратын болсақ, шақырылған уақытынан міндетті түрде 1-1,5 сағат кешігіп баруды үрдіске айналдырдық. Алдында бір құрбым айтады, алтыда басталатын тойға, бәрі кешігеді ғой деп, 8-де барсам, той әлі басталмапты деп. «Мдааа» деуден басқа эпитет келмеді. Осы тойдың кешігіп басталмауының алдын алуға қандай шаралар бар? Жалпы, өмір бойы өте пунктуалды адамдар бар. Оларға кешігу ұнамайды, алты деді ма, алтыда келеді, қалған кезге бәлкім басқа да жоспарлары бар шығар? Мысалы, олар уақытында келіп, басқаларын күтіп тұрғаннан қандай ләззат алады? Неге бір-біріміздің уақытымызды алмай, айтылған уақытта келіп, үстелге жайғасып, тойларымызды тойлап, ерте тараспасқа? Кешігіп басталған тойда «Қазақпыз ғой» дейтін тағы әзілдер айтып кетеді, бір-бірін жұбатып. Өте сондай топас әзілдер. Керісінше мұнымен күресудің орнына осымызды мақтан тұтатындай.
Содан кейін, кейбір аталарға немесе жасы үлкен ағаларға бата берсе, бата емес, тост айтып кететіндер бар. Енді жасы ұлғайды, көрген-білгені бар, тым құрығанда 1-2 бата жаттап алып жүрсе болады ғой? Жалпы, қазірден бастап, үйдегі әке-шешелерімізге бата үйренсеңіздерші деп айта берген дұрыс сияқты.
Тағы бір мәселе, “тойбастар айт” – деп әжелерге берсе, әжелеріміз дені-дұрыс тойбастар әндерін білмейтін болып шығады. Сөзі бір жақта, әні бір жақта әйтеуір айтып шығатындарын да байқаймыз. Тойбастар айт деп жас буынға микрофон әкелсе, микрофоннан қашып, ән айтқысы келмейтіндер көп. Бұны да ойлап жүру керек сияқты.
Айтпақшы, ұзатылу тойда, соңына таман қызын әкесімен билететін үрдіс бар. Осыны мен түсінбеймін. Қалай әкеңмен вальс билеуге болады? Жалпы мұнда тұрған ештеме жоқ шығар, бірақ әке деген ол бір сен үшін жұмбақ планета сияқты ғой. Яғни, оның ішкі сырына ешуақытта қол сұқпайсың, және де ол сенің жан дүниеңе кіріп шықпайды. Былайынша түсінсе де, көз бен қабақ арқылы болатын байланыс қана. Меніңше, көптеген ұзатылған қыздар, сонымен қатар әкелері мұндай уақытта қатты қысылады. Бәрі қарап тұрған соң, амалсыз билейді. Өз еркінде болса, әке тек маңдайыңнан сүйіп, мықты болуың мен бақытты болуыңды тілер еді.