Отандық шоу-бизнес әлемі, сарапшылардың айтуы бойынша, 3 деңгейден тұрады. Бұл деңгей жүйесінде: әншінің сахнада жүрген мерзімі, халық арасындағы танымалдығы, шетелдегі байқауларға қатысып және алып келген жүлделері есептеледі.
«Ең қымбат» әншілер тізіміне кіретін «МузАрт» тобы мен Батырхан Шүкеновтің «бағасы» 10 000 АҚШ долларын құраса, Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Қыдырәлі Болманов пен оның «Ұлытау» жобасын 7000 АҚШ доллары да қанағаттандырады екен.
Екінші деңгей - «5000 АҚШ долларынан аспайтын әншілер» тізімі той-бизнес әлемінде сұранысқа ие. Бұл «гонорар» жүйесінде кімнің қандай байқауға қатысқаны, халық арасындағы танымалдығы шешуші рөл атқарады. Мысалы, Юрмаладағы «Жаңа толқын» байқауы арқылы еліміздің көптеген әншілері өздерінің бағын сынаған болатын. Дегенмен «Ринго» тобы мен Қайрат Түнтеков бұл байқаудың бірінші бестігіне кіріп, елімізге зайырлы жүлдемен оралған болатын. Ал Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Нұржан Керменбаев, «101» тобы, Айқын жай ғана байқауға қатысса да, халық алдында бұл жұлдыздардың деңгейі бірден көтерілді. Яғни «Жаңа толқындықтардың» барлығының бағасы 5000 АҚШ долларын құрайды. Бұл тізімде «Славян базары» байқауының жеңімпаздары Динара Сұлтан мен Әлішер Кәрімов те бар.
Халық әуендерін айтумен танымал Тоқтар Серік, Бейбіт Қорған, «Орда» тобы қуанышыңызға ортақ болсын десеңіз, 5000 долларға келісуге болады.
«Еуразия» бірінші арнасында өтіп жатқан X-factor жобасының бас төрешісі Нағима Есқалиева небәрі 4000 АҚШ долларына тойыңыздың ажарын ашып береді.
Ал үшінші деңгей - «3000 АҚШ долларына дейінгі» әртістер тізіміне кіретін «ескірмеген махаббаттың» жыршысы Ескендір Хасанғалиевтің өз аузынан ақ лебіз естіп, ән тыңдауға 450 мың теңге жетіп қалады.
Талай тыңдармандарының «жүректерін ауыртқан» Қайрат Нұртас 300 мың теңгеден артық сұрамайды екен.
«Ең тартымды әнші» атанған Мәдина Сәдуақасова әрі әнші болып, әрі ресми шараларды жүргізіп, 300 000 теңге алады екен.
«Екі жұлдыз - 2011» жобасының жеңімпаздары Тамара Асар мен Ақылбек Жеменей халық арасында танымалдығын ұлғайтып, оған қоса «бағасын» да өсіріпті. Олардың бағасы 250 000 теңге болды.
Қазақтың бір тойы бұл әншісіз өтпейді, себебі оның «Ақ маржаны» әр той-томалақтың «әнұранына» айналды. Той-бизнестің көкесі Заттыбек қарапайым болса да, бағасы түрленіп тұрады екен. Әншінің тығыз кестесіне байланысты бағасы 1000 АҚШ долларынан 5000 АҚШ долларына дейін баруы мүмкін.
Міне, осымен үйіңізде той болса, қалтаңыздағы қаражатқа қарап, осы тізімге көз жүгіртсеңіз болады. Дегенмен әншілерге тек қана ақша бермей, сонымен қатар олардың райдерлік талаптарын ұмытып кетпеңіз!
https://1tv.kz/kk/news/culture/20012012/zhalaky