Әдеттегі жұмыс күні. Кеңсеге кіріп, компьютерді қостым. Сол баяғы әдетпен электрондық пошта жәшігін ашып, жаңа хаттарды оқи бастадым. Бір кезде Сәния қыздың мына жақтағы пікірін оқып, таң қалдым. Не сенерімді, не сенбесімді білмедім. Аң-таң болып, "Рас па?!" дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. "Иә, рас" деген соң, көрсетілген телефонға хабарластым. Азат деген жігіт телефон тұтқасын көтерген бойда, басқа кісінің нөмерін беріп, сол кісіге хабарласу керектігін айтты. Ол кісіге хабарлассам, түстен кейін алып кеттіңіз деді.
Сонымен не керек Сәния қыздың жіберген сыйы түстен кейін қолыма түсті. "Ғазизаға" деп жазылған әдемі пакетті ашуға асықтым. Шынымды айтсам, таңертең аса сенбеген дүние шындық болып шыққанда қатты қуандым. Себебі, сый алғанды да, бергенді де ұнатамын. Қолым қалт-құлт етіп әдемі пакетті ашып едім. Алдымнан "Алматының аппақ қызы Ғазиза Ұзаққа Сәния Қуанқызынан))))))" деп жазып қойыпты. Дереу қолыма қайшы алып, сәлем-сауқатты аштым.
Өзі бір қызық болды. Сәния жақын күндері Алматыға барып қалатындығын айтып қалды. Иншаллах, өзімен жеке кездесіп, алғысымды білдермекпін. Үнді елінен әкелінген алуаның дәмі керемет екен. Балдай тәтті тағаммен ыстық шәй ішіп жүрмін. Алуамен бірге үнді шәйін жіберген екен, оны бір қайнатып, терлеп-тепшіп бір шәйін ішемін, құдай қаласа.
Сәнияның осындай сыйына шексіз ризамын. Келешекте жақынырақ танысып, бірге отырып, әңгімелесіп шәй ішерміз. Өзіңнің Есіл бойынан Алатау баурайына келуіңді асыға күтудемін, Сәния!