Төртте екенмін, Тәуелсіздік таңы жаңа атқанда,
Төртте екенмін, Алматыда арпалыс боп жатқанда.
Төртте екенмін, тапталғанда шындық дейтін шарасыз,
Желтоқсанда жас өркеннің жүзіне қан қатқанда.
Есімде әлі еміс-еміс, елдің қашқан зәресі,
Қалмағаны жақсы күннен қазақы үйдің дәмесі.
Есімде әлі Алматыға ауған жұрттың назары,
Есімде әлі қара бұлтты Алатаудың төбесі.
Сәби екем жазылмаған өмірінің дастаны,
Жаңғырғанда жаралы үннен Алматының аспаны.
Сол төрттегі сәби жүрек бәрін ұғып бүгінде,
Тағдыр шығар енді есейіп жырға, сірә, қосқаны.
Бір дауылдың соғып өткен сезуші едім салқынын,
Сондықтан да қастерлеймін желтоқсанның әр күнін.
Үлкендердің жабырқауы содан ғана екен-ау,
Қайраттардың қыл бұраулар қажағанда алқымын.
Төртте екенмін, нені білдім, нені тағы сезе алдым,
Түсініксіз жәйтқа толы әлі күнге көз алдым.
Құрбандардың алдындағы өтелсін деп қарызым,
Сәбира мен Ләззаттардың сіңлісі боп сөз алдым!