ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУ – ЖАСТАРҒА АРТЫЛҒАН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Елбасымыздың жолдауына қатысты соңғы жарияланған ақпараттардың мазмұны төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін біріктіреді. Ұлт жетекшісі сөзінің басында бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келетіндігін, жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертіп жатқандығын баса айтқан болатын. Бұл өзгерістер сансыз сын-қатерлермен қатар жүреді. Бәсекелестік ортадағы жағдайын тұрақтандыру үшін де еліміз аталған жаһандық құбылыстарға дайын болу керек екендігі анық. «Қазақстан-2050» даму стратегиясы, 100 нақты қадам – Ұлт жоспары, «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары және бұдан өзге қабылданған бағдарламалар - жаңа өндірістік революцияның жүзеге асырушы басты бағдар, ал жастардың ынта-жігері – мемлекеттің отыз елдің қатарына кіру мақсатын жүзеге асыратын негізгі құрал болмақ. Мемлекет басшысы айтқандай бізде «қажетті бағдарламалардың барлығы бар». Демек, болашағымыз бағдарлы, айқын, тек аталған жалпыға ортақ құралды тиімді пайданалану жолдарын ғана қарастыру қажет.

 Жолдаудағы он негізгі бағыттың жетіншісі жаңғырудың негізі ретінде адами капиталды сипаттайды. Кең-байтақ Қазақстанның әр аймағындағы жастар ұйымдары білім берудің жаңа сапасын қалыптастыру мен ұлттың әлеуетін арттыру, рухани-мәдени жаңғыру бағытында жұмыс істейді. Алматы қаласы студенттер Алянсының да қызметі аталған мақсаттарды біріктіреді. Біз жалпы мемлекеттік ұйымдармен салыстырғанда білім беру мен мәдени даму ісінде өзіміздің озық жүйеміздіқұруды жеделдетуде, білімді меңгеру қабілетін дамытуда жастарға көбірек жауапкершілік жүктейміз.

Қазақстандықтардың болашағы – жастар, олардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерулерінде. Біз рухани жаңғыру барысында ең бірінші құндылық ретінде ұлттың тілін айтамыз, оның мәртебесін биіктетуге ұмтыламыз. Жолдауда айтылғандай біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Үш тұғырлы тілді жетілдіруде тағы да жастарға үлкен сенім артамыз. Латын әліпбиіне көшу тіл мәселесіне қатысты көптеген қиындықтарды реттеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Еліміздің алға қойған жоспары бойынша 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі жасалатын болады. Жаңа әліпбидің қоғамға сіңісуі, ортақ пайдаланудың тиімділігінің артуы жастардың белсенділігіне тікелей байланысты болмақ. Нағыз азаматтық қоғам құру үшін жастар тарапынан аталған жұмыстар нәтижелі болуы керек, сонда ғана қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады.

Жолдауда көрсетілгендей жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып,техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту – адами капиталды тиімді басқарудағы тағы бір құрал. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру осы мақсаттың орындалуын қамтиды. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді-мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және транс ұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет. Аталған жобалар белсенді болашағымыздың тынбай еңбек етуін талап етеді.

 Елбасы отандастардың жаһандық өзгерістерге дайын болуы қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдады. Сондай-ақ, озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын алдымызға қойып отыр. Осы орайда, 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылу үстінде. Қазіргі уақытта Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастауалып, елімізде индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асырылуда. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданып,  Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды.
Жалпы ұлттың әлеуетін арттыру үшін жастар мәдениетімен жастар идеологиясын одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында десек дағы соңғы кезде жастар назарына ұсынылған мәдениет өнімдері, жаңа ағымдағы әндер мен бейнебаяндар, шоу-бағдарламалар қоғам қайраткерлері тарапынан сынға ұшырап отыр. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген,озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс. Бұл идеологияны халық өміріне бейімдеу жаңғыру мен жаңарудың нәтижесінде ғана мүмкін болады. Аталған жолдау бағыттарын жүзеге асыру арқылы еліміз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастады. Жоғарыда аталған қоғамдық элитаны қалыптастыру үшін біздің ұйым тынбай қызмет ететін болады. Олай болса, еліміздің жалынды жастары да саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірісті деп айтуға толық негіз бар. Әлем өте жылдам өзгеріп жатыр және барлық ұлттар өзгерістерге бейімделе білуікерек.Біздің басты мақсатымыз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз. Бұл жолдаудағы жалпы ұлттық мақсатпен үндеседі. Елбасының бүгінгі Жолдауы елдің бірлігін, оның болашағын, қазақ елінің Мәңгілік болуына жол көрсететін ұлы мақсат болмақ.

Жасұлан Бостандықұлы ҚУАНДЫҚ

«Алматы» студенттер Альянсы» КҚ-ның атқарушы директоры



Бөлісу: