Төреәлі Төлепов: "Ұлымның қайтпас қайсарлығы бір тойда екі той жасап еді..."

Төреәлі Төлепов: Ұлымның қайтпас қайсарлығы бір тойда екі той жасап еді...

 

Төреғали Төреәлінің басынан өткен қызықты оқиға, әкесінің баяндауымен.

 

Бірер жыл бұрын. Төреғали Оңтүстік өңірде бір неше айтысқа қатарынан қатысып, бірақ әр түрлі жағдайларға байланысты жүлделі орындардан аластатылып қала берді. Бірде көзге көрсетіп тұрып әділетсіздіктер, бірде дайындыққа уақыттың тапшылығы ұлымды біраз мазалады. Көңілі түскенімен, айтыстан қайтқысы жоқ. Сол күндері Қызылорда өңіріне кісілер Төреғалиға тойға бет ашсаң, әндеріңді орынасаң дап шақыртып, Ордаға жол тарттық. Ертеңгісін қалаға кеп түсіп жатқанда 1-2 сағаттық жердегі аудан орталығында үлкен айтыс өтіп жатыр деген хабар естілік. Төреғали лепіріп, «Барсам қалай боладыға» салды. Кешке тойың бар, қайтесің, демал, екі араға уақытың кетеді әрі соңғы айтыстардан көңілің қалып жүр, еңсеңді түсіріп алғаныңды қаламаймын  деп айттым. Ол айтыстың хабарын естіп алды да тыпыршып орнында отыра алмай мазасы кете бастады. «айтысқа қатыспаймын, тек көріп қайтайын» деп болмаған соң рұқсат берер-берместен таксиге отырды да сол айтыс болып жатқан өлкеге тартып кетті. Мен ұлымның мінезін білемін, тілеуін тілеп жібердім. Бір неше сағаттан соң Семейде жүрген Бекарыс Шойбеков қоңырау шалды.

-Тәке, құтты болсын, жарадың, балаңды жақсы баптап жүрсің, - деді. Мен сөзің байыбына бара алмай тұрғанда.

-Ұлың Қызылорда өңіріндегі үлкен айтыстың финалына  (ақтық сынға) өтіп кетіпті ғой, -деді.

         Менің тілім байланып, жүрегім дүрсілдеп кетті. Айтысты көріп келем деп сөз беріп кеткен балам аяқ асты айтыстың финалында жүр дегенде басқалай болуы мүмкін емес еді. Тым болмаса айтыстың болатынын бір күн бұрын да естімедік, ертеңгісін естіп, түсте айтыста жүр, көрермен емес, ақын боп... Дұғамды айтып, отырып алып Төреғалидің тілеуін тіледім. Содан тойдың әуре сарсаны бар дегендей, біраз уақыт өткен соң бір танысым қоңырау шалды:

-Төре десе, Төресіңдер ғой... Жүлдені қалай алып кетесің, жүлде құтты болсын деді.

-Не жүлде, не айтып жатсың,-деп түсіне алмадым.

-Үкілеген үмітің Төреғалиің темір тұлпар мініп жатыр.  Құтты болсын.  Ұлың жарады, айтыста ешкімді шаңына ілестірмеді...

-Соңғы екі сағатта келген жаңалықтар миымда орналаса алмай жатыр. Аңтарылып тұрып, өзімді әзер жинақтадым. Қуанышым шексіз еді. Тез арада ГАИ-дағы жолдас жігіттерге айтып мән-жайды түсіндірген едім, айтыс болған ғимараттың алдынан ГАИ машиналарының «соправаждениесімен» көлік мінген ұлым Қызылордаға бет алды. Кеш болды. Той басталды. Жастар қыдырып келіп, мейрамханаға енді. Төреғали әлі жолда. Той иелері мен жатстар қауымы келіннің бетін Төреғалидің өзі ашсын деп қоймайды. Үлкендер оны түсінбей әкесі кеп тұр ғой, аша берсін деп жатыр. Бір сағатқа тарта Төреғалиді күтіп қалдық. Көлік мініп келе жатқаны тез тарап, мейрамхана алдына жергілікті телеарналар мен тілшілер топтала бастады. Бір уақытта үлкен қақпа ашылып, екі ГАИ машинасының ортасында үлкен «лента» бумасымен керемет сән-салтанатпен ұлымның машинасы кіріп келді. У-шу... Фото, видео қызу түсірілім жасап жатыр. Той иелері – екі жас келгенде бұндай шу мен қошемет болмаған. Айналада анталаған журналисттер. Ұлым көліктен түсіп мейрамханаға кіріп, келіннің бетін ашты.  Бәріміз дән ризамыз...

         Ұлым, мақтанышым, барым-базарым. Тілеуін тілеп додаларға да, өнер әлеміне де баптап қосып, ол сахнаға көтерілгенде мен жанымды шүберекке түйіп тұрамын. Әлі маған ғана емес, барша ұлтымызға қуаныш сыйлар. Төреғалидей ұлым болғанына Аллаға мың шүкір айтамын. Шүкір!

Дайындаған: Адамқұл Айдай



Бөлісу: