ТОПЫРАҚ

ТОПЫРАҚ
жеке
блог

ТОПЫРАҚ

(Эссе)

 

               Топырақ жеп өскен бала едің. Енді топырақтың сені жейтін кезі келді. Сен тоқырақ жегенде ұртыңның жиегі лай болып қап, қолың шелек толы ыстық шоколадқа малтып алғандай жылт-жылт етіп тұрушы еді. Бұл жолы балғын топырақ түйіріне тамып түскен бір тамшы жас жылт-жылт етеді. Сәби кезіңде топырақ үшін анаңнан сөгіс естуші ең, енді топырақ сен үшін жақындарыңнан сөгіс еститін болды. Жақындарды қатты аяйсың. Топырақ ешкімді аямайды. Топырақ ешкімді аямайды. Топырақтың арасынан тас қиыршықтары шықса, теріп алып, тазартушы ең. Енді топырақ сүйегіңді тазалайды. Сен кезінде теріп тастаған қиыршық тастардан кіріктіріліп жасалған құлпытасты басыңа қояды. Сонда қабіріңнің басында тұрған бір сәби топырақпен ойнағысы келеді. Бәлкім ұлың, бәлкім інің. Бірақ ол топырақ ойнауға арналмағанын, жамылуға арналған көрпе екенін білмейді. Біраз жылдардан соң өзің де топыраққа айналасың. Мұсылман халқында «Топырақ бол, гүл өссін!» деген ғажайып сөз бар. Сенің топырағыңнан сирен гүлі өсіп шығатын болар? Немесе өзің таңдашы, қандай гүл болғың келеді? Жаратқаныңнан: Мені мынадай гүл ете гөр! – деп шын ниетіңмен тілесең, тілеуіңдегідей гүл боп, мына қарбалас пен қамсыздық жайлаған жердің бетіне қайта көшерсің. Мүмкін гүлден жұмақ жұпары аңқыр. Мүмкін сенің күлтеңе қонған көбелек масайып қалар. Мүмкін сол көбелек мен болармын. Сәби кезімде көбелек аулап ойнауды жақсы көруші ем...

 

18.01.17