Топтық нарциссизм: ұлтшылдық дертке айналғанда...

Топтық нарциссизм: ұлтшылдық дертке айналғанда...
жеке
блог

Жақында Aeon журналын оқып отырып, бір қызықты мақалаға тап болдым. Агнешка Голец де Завала атты Ұлыбританиядағы Лондон Университетіне қарасты Голдсмит колледжінің доценті, психолог маман жазған мақалада бүгін күн үшін өзекті мәселе қозғалады. "Неге топтық нарцистер саяси тұрақсыз?" деп аталатын мақаламен байланыстыра отырып, өзімнің пікірімді білдіруді жөн санадым. 

Нарцисс — өзі туралы пікірі тым биік, өзін өзгелерден жоғары санайтын, өзін кіршіксіз жақсы көретін адам. Ал, топтық нарциссизм бұл топтың мүшелерінің "данқты" пікірі. Айтпақшы, бұған біздің ұлттан биігі жоқ, біздің компаниядан артығы жоқ деген пікірлер да кіреді.

Соңғы уақытта елде болып жатқан шулы оқиғалардың өз жалғасын Атыраудағы әлеуметтік желіде "Арабтарды қазақтар ұрып жатыр" деген жаңалықтар арқылы тапты.  Әрине, бұл жағдайда "намыстанған" қазақтардың қылығын не жақтарыңды, не даттарыңды білмейсің. Дегенмен, болған оқиғадан әлеуметтік желіге тараған ақпараттар астындағы пікірлерді оқып отырып, еліміздегі топтық нарциссизмнің қаншалықты өршіп тұрғанын байқауға болады.

Әлемде барлық дерлік ұлт өкілдері өздерін кіршіксіз таза, ең ақылды, ең мықты, ең жауынген, ең үздіктердің қатарына жатқызады. Олар әркез өздерін өзгелерден артық санайды. Айналып келгенде, олардың барлығы қоғамдағы ксенофобия, шовинизм, терроризм секілді қатыгездік пен жауыздыққа толы ұғымдардың еріксіз туындауына алып келеді. Бұндай топтар тең құқылы емес, өздеріне көбірек мән беруін, мойындауын талап етеді.

Мақалада екі оқиға негізге алынады:
Біріншісі, 2007  жылы Суданда орын алады. Ұлыбританиядан келген оқытушы Суданның бір мектебінде жұмыс істейді. Дегенмен, оқушыға ойыншығының атын Мұхаммед деп атауға рұқсат бергені үшін абақтыға қамаған. Сондағы себеп, ойыншыққа атауын беріп құдайға тіл тигізген. Шешім шығарылғаннан кейінгі келесі күні 10 000 адам Хортума көшесіне шығып, оны жазалауды (дарға асуды) сұраған. Ал, мұғалімнің бұл есімді таңдауға екі себебі болатын: бірі мектепте оқушылар осы атауға көп дауыс беріп, өзлдері таңдағын, екіншісі — Судандағы ең жиі кездесетін ер адам есімі. 

Екінші оқиға Аргентинадағы Top Gear телебағдарламасының түсірілім тобының елден шеттетілуімен байланысты: Шоудағы автокөліктердің бірінің номері H982FKL болатын. Ал, аргентиналықтар бұны кемсіту деп қабылдады.Тұрғындар бұны 1982 жылы Аргентина мен Ұлыбритания арасында болған Фолклендік соғысқа тасталған ишара ретінде көрді. Бұл нөмірлік белгі кездейсоқ болуы мүмкін еді. Дегенмен, оқиға түсірілім тобына деген жауыздықты оятқан. 

Осындан кейін адамдардың өздерінің топтарын қаншылықты жоғары санайтындығын және сол үшін бәрін дайын екендігін көруге болады. Дегенмен, өз тобын жоғары бағалайтындардың барлығы бұндай жағдайлардың барлығын қорлау деп қабылдамайды және шынайы әрі қиялдан туған қауіптерге осыншалықты назар аудармайды. Айналып келгенде, бір ғана сұрақ туындайды: неге бірі үшін қарсылық таныту, өзінің ойын білдіру, жанжал шығару маңызды, ал енді бірі үшін бәрібір? 

Жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша, топтық нарцистер тұлғалық нарциске қарағанда әлдеқайда сезімге бой алдырады әрі мазасыз болады. Олардың топқа әсер ететін кез келген нәрсеге агрессивті түрде жауап қатады әрі қабылдайды. Олардың басым көбінде олардың топтарының маңыздылығы мен орнын өзгелер бағалай білмейтіндей көрінеді. Оларға асыра сілтеу тән. 

Одан бөлек, олар бар энергиясын топтың дәрежесін өсіріп, оларды жақсы бағытқа бой алдыруына емес, өзге топтар оларды қаншалықты мойындайтынын әрі бағалайтынын бақылауға жұмсайды.

Енді шындыққа оралайық: "Болашақта ұлт ұғымы болмайды" деген пікірі үшін сөгіс естіген Ануар Нұрпейісовтің ойымен не үшін келісе алмаймыз?

Ұлттың болмауы топтық нарциссизмнің жоғалуына әкеледі. Ал, ол жоғалса, ұлттар  дұшпандық, өшпенділік, кекшілдік деген ұғым жоғалады. Бұл соғыстың болмауына себепкер болады. Ал, соғыс болмаса, даму үрдісі өте баяу іске асады. "Соғыс" —  биологиядағы табиғи іріктелу секілді, адам қолымен жасалатын іріктелуі жұмысы. Ал, аман қалу үшін даму керек болады. 

Мына пікірден соң, "еліміз тыныш болсын" деп отырған ата-ананың баласы осыншалықты қатыгез болар ма еді деп мені бір сөгіп алатыныңыз анық. Дегенмен, шындыққа тура қарайтын сәт келген сияқты. Тыныштықтың тас талқанын шығару үшін ақымақ бас пен ылаң салушы біреу болса болғаны. Бойыңызда тасып бара жатқан ұлтшылдық қаны сол уақытта қайнап кете береді. Ал, сол қайнаған ыстық қаныңыздың әбден түбіңізге жеткенін буланып, жаныңыздан ұшып жоғалғанда бір-ақ білесіз.

Әлемде ұлттың не жаманы, не жақсысы болмайды. Барлық топ арасынан шіріген бір құмалақты да, жалтыраған жаһұтты да табуға болады. Қалыптасқан топты құрту мүмкін емес. Бірақ, энегияны жоғары аталғандай топтың қаншылықты маңызды екенін бақылау үшін емес, сол топты көркейту үшін, дамыту үшін әрі болашағы үшін жұмыс істейтін сәт туған секілді...