Тонаушы немес махаббат хикаясы
«Ізденген жетер мұратқа» деген бұрынғылар. Бұл сөз біреулер үшін жай айтылған сөз болса, ал енді біреулер үшін өмірлік ұстаным болса керек.
Оныншы сынып оқитын кезім болатын. Мектеп қабырғасындағы мына бір хабарландыруға көзім түсті. Мұнда алтыншы желтоқсан күні аудандық «Оралхан Бөкей» оқулары болатыны жөнінде хабарлапты. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыстап, марапаттайтыны туралы жазуды да ұмытпапты. Сөйтіп, санамды билеген қуаныш мені бағымды сынап көруге итермеледі. Мүмкін, жүлделі орындардың біреуі менікі шығар деген де ой келді. Сол ойдың жетегінде, күндіз-түні әбден дайындалдым. Әрине бұл мен үшін оңайға соқпады.
Міне, бүгін көптен күткен ұлы той. Желтоқсан айының алтыншы жұлдызы. Мәдениет үйі. Зал поэзия сүйгіш жандарға лық толы. Жарыс басталып кетті. Кезек маған да келді. Соқыр қыздың монологын оқып бергенімде, барлық көрермендер көздеріне жас алып, үлкен қошемет көрсетті. Менен кейін де бірнеше сайыскер өнерлерін ортаға салып, тағы да залды бір серпілтіп тастады.
Байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздардың есімін жариялайтын уақыт та келіп жетті. Қатысушылардың барлығы жанын шүберекке түйіп, қорытындысын күтіп тұр. Тәтті қиялдың жетегінде ойға шомып сахна төрінде тұрғанымды, жеңімпаз атанушы өзім екенімді де аңғармаппын. Сонымен жүлдегер мен екенімді естігенімде төбем көкке бір елі жетпеді. Өмірдегі ең бақытты кезім осы сәт болатын. Өйткені мен сыйлыққа 200 доллар алғанмын. Бір қызығы, ата-анам бұл жарысқа қатысып жатқанымнан бейхабар еді. Сүйінші сұрап, қоңырау шалайын десем, ұялы телефонымның қуаты бітіп қалыпты. Қап-ай...енді қайтсем екен...қуанышым қойныма сыймай, автобусқа мініп үйіме жетіп алуды ойладым. Аялдамаға келсем, сәйкесінше мен мінетін №32 автобуста келіп тұр екен. Ойланбастан мініп кеттім.
Ақшамды ұрлатып алмайыншы деген үрейден жан-жағыма елеңдеп отырғанмын. Әсем әуеннің ырғағында қалай көзімнің ілініп кеткенін де байқамаппын. Кенет сөмкемнің сырмасының ашылған дауысынан оянып кеттім. Оның ішіне жүгіртіп үлгерген ұрының қолынан шап беріп ұстап алдым. Ол қолын жұлқи тартып алып, көп арасына кіріп, көрінбей кетті. Зәрем зәр түбіне жетіп, үйіме жетпегенімді аңғарсам да, келесі аялдамадан түсіп қалдым. Жүгіріп келемін, жүгіріп келемін... Соңымнан ілесіп келе жатқан адамдардың аяқтарының дыбысы шалынды, жалт бұрылдым. Тани кеттім. Әлгі автобустағы сөмкеме қолын салған ұры екен. Жан ұшыра айғайлап, жарық көшеге ұмтылдым. Жүгіріп келе жатып, алдымнан шыққан адамды көрмей, жалп етіп құладым. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Тек бұлдыр тұман, көп уақыт та өтпеген сияқты. Көзімді ашсам бір сымбатты жігіт маған алаңдаулы жүзбен қарап отыр. Өзімнің қайда екенімді ойланып жатпастан, бірден сөмкемді іздедім. «Бәрі дұрыс, сөмкеніз міне мұнда. Әлгі ұрылар сыбағасын алды. Алаң болмаңыз!»- деді.
Есімді жиған соң әлгі сымбатты жігіт маған мән-жайдың бәрін түсіндірді. Менің құтқарушым сол екен. Ал мен есімнен танып қалған сәтте, ол мені көлігіне отырғызыпты да, үйіме жеткізіп салыпты.
Онан кейін оны қанша көруді қаласам да, кезіктіре алмадым. Арада сырғып жылдар өтті. Мен арман қуып Алматыға келдім. Бірақ, сондағы оқиғаны әлі күнге дейін ұмыта алмадым. Айтпақшы бірер күн бұрын мен әлгі жігітті қайта кезіктірдім. Бір қызығы, дәл осы ҚазҰУ қалашығында...
Енді келесі кездесуді тағдыр қай күнге жазарын асыға күтіп жүрмін. Әлде... шәкіртақы алған күні тағы да автобусқа мінсем бе екен?!
Ермекова Салтанат
ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің 2-курс студенті