Томирис пен Нарқызыл туралы ертегі (кезексөз)

Томирис пен Нарқызыл туралы ертегі (кезексөз)
жеке
блог

Томирис далаға шығып жаңа өлкеге қызықтап қарай бастады. Бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген табиғат сұлулығына елітіп, Нарқызылға қарғып мініп, елдің орталығына қарай аяңдады. Кеш батып қалған уақыт еді. Неге көше бойында бірде-бір шамшырақ жанбайды екен деп сұраулы жүзбен жан-жағына қарап келе жатқаны сол еді, кенет көкке миллиондаған жұлдыз секілді шамдар көтеріліп, айналаны самаладай жарық қып жіберді. Ішіне шам жағылған шарлар сона-ау көкке көтеріліп, бүкіл көкжиекті қамтып кетті. Бұл қызыққа таңқалған Томирис көше бойындағы жүргіншіден жөн сұрағанда:

«Қалайша білмейсіз, бұл Тәуекел ханның жыл сайынғы аза тұтуы ғой» деп жауап берді. «Сонда қалай, жақын біреуін жоғалтып па еді?» деп еді, жүргінші: «Сіз, абзалы хан сарайына барыңыз, сонда ханның өз аузынан біле аласыз» дейді.

Томирис алып мұнаралы алтынмен апталған сарайға келіп, Тәуекел ханға сәлем берді. Тәуекел хан ең кіші қызы Айсұлуды қолына алып отырып болған оқиғаны баяндады: Бірнеше жыл бұрын, халқының ықыласына бөленген Тәуекел хан оқыстан мынадай жарлық шығарыпты: «Кез келген жан ханға шын берілгендігін, ықыласын, сый-құрметін көрсету үшін оған өзі ең қымбат санайтын затын сыйласын». Ханның бұйрығы шығысымен елдің түкпір-түкпірінен ағылған бай-манаптар гауһар тастарын, құнды қазыналарын, асыл тұқымды сәйгүліктерін сарайға жиыпты.

Хандықтың шекарасында шөлейтті аймақта ханды ерекше құрмет тұтатын, тұрмысы жұпыны шаруа жарлықты ести сала, лашығындағы ең бағалы заттарды тізіп көріпті. Қырық жамау шағын бөлмені қарап шығып, ақырында көңілі су құйылған шағын құмыраға тоқтапты. Құмыраның аздап шытынаған, сынған тұстары бар еді. Өзіндегі ең қымбатдеген затына шөлдегі ең бағалы зат – су құйып, хан сарайына жолға шығады.

Сіңірі шыққан кедейдің сынық құмыра әкеле жатқанын көріп, сарай маңындағылар миығынан күледі. Алайда Тәуекел патша өзіне тарту етілген мың сан сыйлықтың арасынан сынық құмыраны таңдайды. Шаруадан мұның мәнін сұрағанда: «Жұрт секілді менің шалқыған байлығым жоқ. Құдайдың берген осы нәсібіне разымын. Өзімдегі ең бағалы затым арқылы сіздің өміріңізге иненің жасуындай пайдам тисе деп едім» деп жауап беріпті. Қарапайым шаруаның шынайы ниетіне, ыстық ықыласына риза болған хан оған суы мол өлкеден қоныс беріп, зор сыймен шығарып салыпты.

Сыйлық әкелушілердің арасында тәкаппар Қаракөк деген кісі бар еді. Шіріген байлыққа ие, көпшілік алдында құрметті, сөзі өтімді, өзіндей дәулетті кісінің берген тартуын ханның алмай, қайдағы бір өлуге қолы тимей жүрген шаруаның мардымсыз сынық құмырасын алғанына шамданып, беделім тапталды, өрісім тарылды деп ханға өшігіп, кектеніп, зұлым іске бел буады. Сол түні патшаның ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткен қызы Қырмызыны орнынан тұрмастай дуалайды да, енді ер жетіп келе жатқан ұлы Ерсайынды шырмап, алып кетеді.

Содан бері қанша іздетсе де ұлын таба алмай, қанша емші-балгерлер алдырып емдетсе де қызын оята алмай әбден амалы құрыған хан оларды сағынып, жаңа жыл тумастан бұрын көкке шырақ жанған шарларды ұшырады екен.  Миллион шардың бірі болмаса бірі ұлының көзіне түсетін шығар деп, соны медет етіп, жанын сәл де болса тыныштандырады екен.

Осыншама қайғылы да мұңды оқиғадан Томиристің жүрегі қан жылайды. Ханға ұл-қызын қайтарғысы келіп, қолдан келер көмегін аямауға ант етеді. Бірақ әлдеқашан күллі әлемнің қызығынан күдер үзген хан селсоқ түрде алғысын білдіріп, өлімші үмітпен ғана: «Егер көмектескің келсе, анау құзар шыңның ұшында жұрттан ақылы асқан дана кісі өмір сүреді, соған жолыға алсаң егер. Алайда ол шыңға жан баласы шыға алған емес. Оның тіп-тік асуларының қиындығын ешбір жануар тұқымы көтере алмайды. Шыққан күннің өзінде қарияның сұрағына ешкім дұрыс жауап бере алмайды» деп қайта теріс қарап жатып алады.

Осы сәтті Айсұлу көзіне жас тұнып, көңіліне қайғы тұнып, Томиристі қолынан ұстап: «Мен түсімде сарайға келген қонаққа ең қымбат сыйлықты беріп жатыр екенмін. Бүгін сізден басқа қонақ үйге бас сұқпады. Мүмкін, бұл белгі шығар. Мынаны алыңызшы» деп баяғы шаруа сыйлаған сынық құмыраны береді. Өзгенің бақыты үшін күресуді өзіне бақыт тұтатын Томирис алған бетінен қайтқан ба! Нарқызылын жусатып, жаратып, таң қыла бергенде көкжиекті қызартқан күнмен жарысып, таудың шыңына қарай шабады. Алдынан тайғанақ асулар, тік құлама жартастар, беттен алған дауылдар, бет қаратпас жауындар қарсы алады. Бір қадам артқа, екі қадам алға жылжып, Томирис шыңға жақындай түседі. Ер қанаты – ат деген осы шығар, ерді жастанып, темірқазықты белгі етіп, алға ұмтыла береді. Отыз күн, отыз түн дегенде арып, ашып, шыңға да жетті-ау әйтеуір.

Қалың біткен қос қарағайдың жанында, сылдырап аққан бұлақтың бойында, маздап жанған оттың ығында ақ сақалы беліне түскен бір қария отыр. Томирис ізет білдіріп, сәлем берді. Тамақтанып, келген шаруасын айтты. Жеті қат көк, жеті қат қара жердің құпиясын білетін қария «егер сұрағыма дұрыс жауап берсең, көмектесемін» дейді. Тығырыққа тірелсе де, артқа қайтар жол жоқ, тәуекел деп Томирис белін бекем буады. Сонда қарияның қойған сұрағы: «Ол - дүниедегі ең ұзақ және ең қысқа. Бәрінен жылдам және бәрінен баяу. Шексіз бөлшектене береді және мүлде бөлінбейді. Оны аз қадір тұтады, бірақ оның жоқтығына қатты өкінеді.  Онсыз ештеңе орындалмайды. Ол аз кезде бүкіл нәрсені ізін қалдырмай жояды, ал көп кезде тып-тыныш еркін демалуға мүмкіндік береді». Өмірі мұндай қиын сұрақты естіп көрмеген Томирис қатты сасады. Бір сәт бүкіл ғұмырын көз алдынан өткізіп, барынша зер салып ойланады. Әке-шешесін сағынғандағы сәттерді, іші пысатын кездерді есіне түсіріп отырып, бір кезде орнынан атып тұрып: «Уақыт! Уақыт! Уақыт емес пе!» деп қуанып кетеді. Қария жымиып, басын изеді. «Енді ақылымды жақсылап тыңда» деп, ханның ұлын қалай құтқаруды және қызын қалай ұйқысынан оятуды айтып береді. «Бірақ, соңында болатын бір қайғылы оқиғаны көріп тұрмын. Сонда өзім келемін» деп жұмбақтап қояды.

Сынық құмыраға бұлақтан су құйып алады да дүниенің шетінде, тоғыз теңіздің торабында, су бетіндегі алақандай аралда өскен орманға аттанады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, бір замандарда орманға да жетті. Шағын орманның ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстарынан шалды көріп қалады. Шал қызды көрісімен, жүзін теріс қаратып, кері жүре жөнеледі. Алба-жұлба болған киімдері мен әжімді де реңсіз ажарынан ұялған болуы керек. Томирис соңынан тез жетіп, оның Ерсайын екеніне көзі жетіп, оның қарындасы Айсұлу сыйлаған сынық құмыраны көрсетті. Шал бірден тоқтай қалады да, жолаушыдан жөнін сұрайды. Томирис құмырадағы суды ішуін өтінді. Шал екі сөзге келместен, суды басына қотарып, сіміріп салады. Бұл бір ғажайып дерсіз! Шалдың өне бойы сәулемен шағылысып, көз қарықтырып, бірнеше секундта жап-жас сымбатты жігітке айналды. Жігіттің шынайы көркем келбетін көрген қыздың жүрегі селт ете қалды, өзін құтқарған жер періштесі, суреттеуге келмес Томирис сұлуды көрген жігіттің көңілі алай-дүлей болып, жүрегі аттай тулайды. Алғашқы көргеннен бір-бірін ұнатып қалады.

Шың басындағы қарияның айтуымен енді бұлар қалың ұйқыда жатқан қарындасы Қырмызыны айықтыру үшін «өмір гүлін» іздеуге ден қойды. Өмір гүлі кез келген өлім аузындағы адамды сау қалпына әкелетін қасиетті сирек кездесетін шөп, оған қол жеткізу оңай емес. Аспан мен жердің біріккен жерінде, жеті қат жердің астында, жеті басты құбыжықтың қорғауындағы сандықта өсетін. Асай-мүсейін асынған Ерсайын және Нарқызылын ойнақтатқан Томирис ұзақ жол жүріп, түннің бір уағында түнеуге бір үңгірге келеді. Қараңғы үңгірде тыпырлаған аяқ дауыстарын естіп, алайда қанша тырысса да ештеңе көре алмайды. Шырақ жағып қараса, қараңғы түнде қара үңгірдің түбінде көмір қазып жатқан қара нәсілді адамдарды көрді. «Е, бәсе, неге көрінбейді десем» деп, мұндай қызыққа тап болған екеуі ішек-сілесі қатып күліп, ашық аспан астында, жұлдызды жастанып, демалуға тура келеді. Бірақ екеуі бір мәселеде келіспей қалады. Ерсайын: «Мен күзетейін, сен ұйықтап ал» десе, Томирис: «Жоқ, сен көз шырымын ал, мен күзетем» деп қоймайды. Ақыр соңы жеребе тастап, алтын теңгені лақтырады. Елтаңба жағы түссе, Ерсайын күзетеді, сан жағы түссе, Томирис күзетеді. Лақтырылған теңге сан жағымен түседі. Ерсайын абдырап қалып, қызға қарайды, алайда ер жігіт алдында әдеп сақтаған Томирис: «Тағы да лақтырайық!» дейді нәзік жымиып. Келесі жолы елтаңба жағы түсіп, Ерсайын күзетеді де, сұлу қызымыз тәтті ұйқыға кетеді.

Арада апта жол жүріп, жер мен көктің біріккен жеріне жетіп, жердің астына түсіп, екеуі екі жақтан алысып, Ерсайын наркескенімен құбыжықтың жеті басын да шауып түсіреді. Шайқас кезінде құбыжықтың тырнағынан Томирис жарақаттанып қалады, бірақ Ерсайынға білдірмейді. Сандықты бұзып, ішінен өмір гүлін алады. Қарияның айтқанын бәрін дұрыс орындап, енді Қырмызыға гүлді иіскету ғана қалды. Аттың басын бұрып екі жас елге асықты. Ерсайын екі қарындасын көргенше әзер шыдады. Жолай Томиристің жарасы асқына берді.

Тәуекел хан шат-шадыман күйге түсіп, бір орнында тұра алмай, байыз таппай, ұлы мен ғайыптан пайда болып, осыншама бақытқа ие қылған Томиристің алдынан күтіп алуға шықты. Бүкіл қауым боп аяғын жерге тигізбей көтеріп, құшақтарына алып, мауқын басты. Ерсайын әкесін, Айсұлуды және Томиристі ертіп, ұйқыдағы Қырмызының төсегінің жанына келеді. Ерсайын өмір гүлін қолына алам дегенше болмады, жарақаты меңдеген Томирис тұрған жерінен талып түсіп, оның құшағына құлады. Демі тоқтауға айналып, жүрегі әлсін-әлсін соғады. «Томирис! Томирис! Көзіңді ашшы! Томирис!» деп шырылдап қала берді. Қолында өмір гүлі, Ерсайын Томириске бір, ұйқыдағы қарындасына бір қарап, дүдәмал күйге түсті.

Шығу жолы жоқ ауыр таңдаудың алдында тұрған Ерсайын жыларман халге түсті. Кімді құтқару керек? Аяулы қарындасын ба әлде өзін бостандыққа шығарған әрі ұнатқан қыз Томиристі ме? Осы сәтте Нарқызыл жан ұшыра кісінеп сала берді. Сарайдың есігі ашылып, ішке сонау тау шыңындағы қария келіп кірді. Томирис «бір қайғылы оқиғаны көріп тұрмын. Сонда өзім келемін» деген қарияның сөзін есіне алды. Ол не жасамақ? Еріндері зорға қозғалып, дірілдеп: «Ерсайын!» деуге шамасы жетті де есінен танып кетті.

...Көзін ашты. Төсекте жатыр екен. Жалма-жан жарасының орнын қарап еді, ізі де қалмаған. Жүрегі бір жайсыздықты сезді. Есіне бірте-бірте еміс-еміс соңғы оқиғалар түсті. Бұлар өмір гүлін әкелген еді. Сонда өзінің есінен танып құлағанын, есіктен әлгі қарияның келгенін  біледі. Одан арғысы есінде жоқ. Ерсайын қайда, Қырмызыға не болды? Томирис атып тұрып, есікке жүгірді...Оны Тәуекел хан сол қайғылы күйімен, Айсұлу және Қырмызы қарсы алып, тыныштандырды. Ерсайын қайда?

Бәрін естіп, көңілі алабұртты. Қырмызының оянғанына қуанайын десе, Ерсайыны жоқ. Оқиға былай өрбіпті. Қарындасы мен сүйгенінің арасын бөле алмай, таңдаудың ортасында қалған Ерсайынға қария келіп, ұсыныс жасаған. Ерсайын әкесімен ақылдаспай, бірден келісімін береді. Нәтижесінде Өмір гүлімен Қырмызы оянып, жігіттің өзін құрбандық етуімен Томирис қайта тілге келеді. Қария Ерсайынды ғажайып бір күймеге отырғызып, әуелете шапқан күйі көзден ғайып болады.  Кетерінде: «Ерсайынды Томирис қана құтқара алады. Ол үшін Көкшеге Жұмбақтасқа келсін» деп айтып кетеді.

Әлденіп, ауруынан әбден айыққан Томирис шабыс тілеп, тұяғымен жер тарпып, жал-құйрығы төгілген Нарқызылды күміс ермен ерттеп мініп, Жұмбақтас қайдасың деп асыға сонда тартып кетеді...

Кезексөзді Айша Балтахаева-Құсайынова әпкеме беремін.