Толқу нанотехнологиядан басталды
блог
Бүгін бізде... жарық сөніп қалды. Компьютер жоқ, оқушыларға әңгіме айттым. Компьютер әлемінің соңғы жаңалықтары туралы. Нанотехнология жөнінде.
Нано деген онның минус тоғыз дәрежесі, оның қаншалықты кішкене шама екенін көрсетуге тырысып бақтым. Одан болашақ компьютердің қандай болуы мүмкін екенін елестетіп көрдік. Оның "масқара" мүмкіндіктеріне, жақсы да жаман да жақтарына мысалдар келтіріп көрдім.
Оқушылармен сұхбаттаса отырып, өзім суреттеген болашақтың елесінен өзім әсерленіп, қалай толқи бастағанымды сезбей де қалыппын. Қоңырау соғылып, оқушылар кеткеннен кейін жалғыздықта, қаперіне болашақ алғаш рет түскен адамдай, қатты ойланып, отырып қалғанымды міне түн ортасында енді есіме алыппын.
Алғашқы мақсатым оқушыларды жаппай ноутбуктер алуға насихаттау еді. Қазіргі заманда оқып-білім алу үшін бұл құралдың әсіре қажет екенін ұғындыру еді. Жаңа ақпараттық технологияларға ынтық ету еді.
"Ноутбук енді еркелік емес, ермек емес, ойнауға алма, оқуға пайдалан", "ата-анаңа "алып бер" деп доқ қылма, қажет екенін түсіндір, білімге күнделікті екпінді ұмтылысыңды көрсет, сонда ата-ана айтпасаң да қуана-қуана ноутбук силайды" деген сөз оқушылардың көңіліне қонды. Сұрақтар берді. Болашақ туралы. Оларды да болашақ ойға салды-ау деймін.