Толғандырып, толқытты...

Бұл тақырып Массагет үшін «әктуәлді» емес екенін білемін. Бірақ, киноның маған берген әсерімен бөліскім келіп барады....

 Жігіттердің мерекесін тойлап, кеңседегі у-шу «чаепитьядан» кейін досым мені «Жаужүрекке» шақырды. Алматының өзге де кинотеатрларын көрейік деген мақсатпен, алғаш рет «Целинныйға» бардық. Бұл кинотеатрды таңдағанымыз жақсы болыпты, Тамара Асар да ұлы Қамбарға «Мың баланы» көрсету үшін осы театрға алып келіпті. «Мама, можно слащ»,- деген Қамбарға Тамара апай: «Нет, нельзя» - деді де, екеуі поп-корндарын алып, кинозалға кірді. Әнші көрсем, бұрылып қарайтын әдетім қалды ма десем, қалмапты...соңдарынан досым екеуміз кірдік...

Айтпақшы, осыдан дәл бір жыл бұрын, жаздың кезінде тенгрилық әріптесім Ғалия қаланың сыртына шығып, жақсы жаңалықтарын әкелетін. Фильм туралы сол кезде естіп қойғанмын. «Батыр болады, батыр, нағыз батыр... Есімі - Сартай. Қазақтардың жоңғарларды қырғанын көрсететін керемет туынды болайын деп тұр..» - дейтін сол кезде Ғалия. Менің болжамым бойынша, Сартай Берік Айтжанов еді. Бірақ, ол хандардың бірін сомдапты. Ал Сартай туралы кейінірек... Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында сарыла күттім. Өйткені, фильм сол кезге жоспарланған болатын. Болмады... Наурыз айында көрсетілім басталады дегенді құлағым шалды, ол кезде де көрсетілмеді. 7 мамыр күні көруді бұйырыпты маған...

Бес минөтсіз тарихшы екенімді осы жерде айта кетейін. ХVІІІ ғасырдағы қазақ басына үйірілген қара бұлт туралы оқып, естігенім болмаса, көз алдымда картина етіп «Көшпенділерден» ғана көргенмін. Бірақ, «Көшпенділер» жолда қалды.

Актерлердің шеберлігі қуантты. «От души» ойнағаны білініп тұр. Төле би болып тұрған Досхан Жолжақсыновты даусынан таныдым. Рақымжан байдың Төлеубек Аралбай екенін мұртынан таныдым. Берік Айтжановты іздеп отырдым, көзіндегі жалынынан білдім, хандардың бірі болып отыр... Нұрлан Әлімжанов Қасым екен. Оны танымай қалу мүмкін емес... Тек Зеренің келбеті «ХХІ ғасырдың қызымын»деп айқайлап айтып тұрғандай болды маған. Қыпша белді хас сұлу... Құралайдың қайсарлығына қайран қалдым. Таймасты о баста ұнатпадым. Бірақ, өлгенде ұнаттым.... Сартай жас болса да, айлакер, пысық, нағыз ер жігіт. Ойлағанын бетке айтады. Сөзден гөрі, іске шебер... Менің арманымдағы жігіттей, тура...:)

Таймастың Сартай бауырын көре алмай, садақ ататын тұсында, жылап алдым. Сосын кино біткенше, мұрнымды тартып отырдым. Іштей «іштарлық қанымызда болған ба» деп ызаландым... Кейін кинодан алған эмоция екенін ұқтым.

Киімдері жақсы тігіліпті. Аналар ақ орамалда, әжелерде кимешек, қыздар бөрікпен жүр. Шашбаулары сыңғыр-сыңғыр етеді. Жігіттердің басында «вандамка», қолдарында садақ...:) Жігітке садақ ұстаған сондай жарасымды!

О бастағы Сартайдың әке-шешесін өлтіретін шайқасты «Ақтабан шұбырынды» деп тұспалдадым. 1723 жылғы... Сәби жүректе ата-анасы үшін кек сақталды. Сол кек Сартайды нағыз батыр етті.

30 мың жоңғар жауынгеріне қарсы шығатын шайқасты тарихтағы 1730 жылғы Аңырақай соғысы екен дедім. Екен демедім, солай. Бірақ, арадағы 1726 жылғы Бұланты өзенінің жағасында «Қалмақ қырылған» шайқасы болмады. Тарихта бұл «Аңырақайдың» алдындағы қазақ-жоңғар шапқыншылығында үлкен бетбұрыс әкелген ең ірі шайқас еді... Ойраттардың оңбай жеңілетін...

  «Барымыз жүз болса да, мың кеуде болып, қарсы шығамыз» дегенде Сартай, экранның ішіне кіріп кетіп, бірге жоңғарларға тойтарыс бергім келді... Бұл да фильмнің берген әсері...

Оқиға желісі қалай өрбігенін бәрі біледі. Ең соңында Зере басына ақ жаулығын тағып, іші шермиіп шыға келгенде, көршілес отырған екі қыздың бірі: «Они значит переспали, да?!» дейді. Күлгенімді-айJ

Айтпақшы, бабаларымыздың аузынан «Алласы» түспеді. Билер сарайында терме айтқан жырау да, термесінде намаз деп айтып қалды... Имандылық ол замандағы қазақтарда болыпты деген ой келді. Ислам діні қазақ жеріне Қарахан мемлекеті тұсында келгенін ескерсек, ХVІІІ ғасырда қазақтардың аузына «Аллаһты» алып, намаз оқуы заңды.

Кино маған өте ұнады. Толғатты, толғандырды, ызаландырды, жылатты, қуантты... Енді Әбілмансұр (Абылай), Әбілқайыр хан, Төле бидің сұлбасы көз алдымда тұратын болды, көз қарастарымен, дауыстарымен,ашулы қабақтарымен де.... Олар туралы оқығанда, бейнелерін көз алдыға елестетуге жақсы.

Ақан Сатаев пен барша кино үшін тер төккендерге басымды иемін! Браво!

Айтпақшы, киноға бүгін барған астаналық Аида хабарласып, кинодан Сәкен Көкеновты көргенін айтты. Сәкен мырза, киноға түскен бе едіңіз?!

Суреттерден десерт:

 

Суреттер құдай бере салған tengrinews.kz сайтынан



Бөлісу: