Бүгінгі күні адамзат қоғамы әртекті субъектілерден құралған күрделі организм болып табылады. Адамдар негізінен үлкен үш нәсілге (негроид, монголоид және европеоид) кіретін көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері болып табылады. Мұның сыртында олардың діни, саяси және әлеуметтік ерекшеліктерімен дараланады. Тарихи даму барысында Қазақстан қоғамы күрделі конглемерат ретінде қалыптасты. Қазіргі уақытта оның құрамына 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар кіреді, олар бірнеше діни-конфессионалдық бірлестіктерге біріккен. Осындай әртектілік жағдайында әлемді алаңдатып отырған ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға ұшырамай, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндік беретін күш қандай? Ғылымда «толеранттылық» атауымен белгілі ұғым, міне, осы жерде маңыздылыққа ие болады. Қоғамның дамуы оның мүшелерінен тікелей тәуелді. Қоғамның дамуы оның мүшелерінің жан-жақты, үйлесімді дамуымен, яғни тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына байланысты, ал тұлғаның қалыптасуы бірнеше фактордың әсері арқылы жүреді. Жалпы алғанда, толеранттылықтың негізі - өзінің «басқаға, бөтенге» қатынасын бақылау болып табылады. Бұл күнделікті кездесетін, тұрмыстық деңгейден бастап кәсіби қарым-қатынас жасауға дейінгі аралықты қамтитын мәселе болып саналады. «Толеранттылық» терминін саралау барысында ғалымдар арасында елеулі қайшылықтар туындайды. Біраз жағдайда оны тікелей «төзімділік» сөзімен байланыстырады. Қазақ тілінде «төзім» сөзі «шыдам», «сабыр», «тағат» мағынасында да қолданылады. Яғни, «төзімді болу» - басқаға, оның ісіне, құбылыстарға шексіз төзу, шыдауды білдіреді. Қазақстандағы дінаралық келісім моделінің өзіндік ерекшелігі бар, оның басты белгілерінің бірі – Отанға деген сүйіспеншілік, қонақжайлылық пен жанқиярлық, өзара көмек, елде атап өтілетін мерекелердің интернационализмі. Халық, әсіресе жастар патриотизмнің тек бір ұлттың мақтанышы емес, оның басқа ұлтқа деген агрессиясы емес, керісінше мәдениеттердің, діндердің, дәстүрлердің бейбіт өзара әрекеттесуі – Қазақстанның дамуы үшін қуатты ресурс екенін терең түсінуі басты құндылық. Бұл – Қазақстанның кемсітушілікке, экстремизмге және терроризмге қарсы күресуге, өзара сыйластыққа, түсінушілікке және жаһандық қауіпсіздікті қолдауға бағытталған жалпы жаһандық процестерге қосқан үлесі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дінтану мамандығының 4-курс студенті Серікқұл Темірлан Есболұлы
Жетекші: аға оқытушы PhD Мұқан Нұрзат