Тоқтарәлі Таңжарық ұнатқан төрт өлең
блог
Тоқтарәлі Таңжарық - қазақ поэзиясында үлкенге де, кішіге де таныс есім. Ол көпшілік оқырманға «Түн парақтары» атты шағын жыр жинағы арқылы жақсы таныс. Ал, мен Тоқтарәліні "Жылқылар" деген өлеңі үшін жақсы көремін. Менің айтпағым бұл емес.
Тоқтарәлі Таңжарық жақында өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында «Мен ұнатқан бір өлең» тақырыбымен өзі ұнатқан өзге ақындардың өлеңдерін жариялай бастады. Ақынның бұл жақсы бастамасы өз жалғасын табуға тиіс. Солайша Қазақ поэзиясынның жауһар дүниелері жалпы жұртқа тарала беру керек. Тоқтарәлі сынды ақын-жазушылар өздері ұнатқан дүниелерді өзгелермен де бөліскені дұрыс. Талғам деген осыдан қалыптасады. Сол кезде "қазіргі ақындар өздерінен басқа ешкімді оқымайды" деген жалған түсінік жойылар еді...
Ал мен сіздерге Тоқтарәлі Таңжарық ұнатқан төрт өлеңді ұсынамын. Бірге оқиық!
БӘДІЗ ӨКСИДІ
Құстар қанатын жыртады көкте,
Аспан ашулы.
Ана құрсағын өпкен қасыңда,
Басқа ғасыр жүр.
Өктем тұрпаттар кілең дестеге жасырынады,
Ішінде цифрлы құрттар құжынап,
Бастар ашылды.
Топшысын бұлт қаққан құстар ашулы,
Бізді қорғайды екен-ау ауа қабатындағы сүзгі.
Күннің қабығын сыпырып алады,
Шыңдар ұстара сынды.
Қимыл.
Мидың өзектерінде құзғын,
Батпаққа сүйрейді бағзы нұсқа басыңды.
«Мəселе шешілді дедің бе?» – жұмбақтар жасырған,
Діңгектер кесінділерінде басылған ғасырлар.
Ғасырлар қабаты – уақыттар шеңбері,
Сөйлейді алыстан, кесілген діңгектер меңдері.
Кетпейтін кесепат есіңнен,
Ницшенің
Сорабы меңгерім.
Белгісіз.
Қанаттар жұлынды түлеп,
Аспан ашулы.
Өлеңдер етпеттеп құлайды, тасқа басулы.
Жылайсың бір сəтке құлаған құныңды сілеп,
Өмір болмаған мүлдемге,
Көңіл бəс таласулы.
Бəдізден оянды құлын кісінеп…
ИЕРУСАЛИМ
Уақыт сағаттың тілімен өлшеніп
Тіршілік тықыршыған,
Мезеттік үрей мен шексіз сапардың уысынан
Сусып,
Жер мен көктің арасында,
Жоқ, емес-ау
Жұрт бір түсіп, бір шығып жатқан
Көше автобусында,
Ашты ол жалтара алмаған өлімнің бетін.
Пара-пара етіп жыртты
Бір тамшы қанды,
Қыраулы қыстың оғынан өртенді.
Бір сәби өлді,
Бір сәбидің бодауына.
Шыңырауға домалаған ғасырдың
өксігін естімейсің,
Қыршынынан қиылған жандардың
Елесі шиырлаған жолдан.
Телевизордан
өткенін шимайлап тастаған жандардың
Шыңғырған айғайы мен
Келешектің танылмас жүзін ғана көресің.
Көз жас тасқа тамған тамшы,
Өкініш, қайғы –
Сен де сол сұмдықты көріп отырған
Алты миллиард адамның үнсіз қалған
Біреуісің.
Ызыңдап келген шыбын айнаға соғылып
Бағытын өзгертті.
Бір сәт тына қалған дүниеде
Түсінен селт етті де
Мелшиіп тұрған тағдырға сүңгіп кетті.
Әдила
Уа, Әдила!
Мынау қалың қорымға,
Бір басыма қос Ай қадап кіріп ем.
Сірі деммен серт тайысқан күні, Мен.
Біріншісі - аруақтар,
Соңғысы -
Жасыл өңді ғасыл ғарақ тіріден.
Көңіл қалып, Маралтай мен Құдайға,
Маңдайдағы қара сызық - Күн айла.
Қара бақ қып сезімімді таптатпа, -
деп мінәжат етпеп пе едім Ұмайға?
Сау қанатым қалмағасын күймеген,
Рухымды қан мен сүтке илеп ем.
Саған жаным ашитыны тағы рас,
Емшегіңе еркек ерні тимеген.
Уа, Әдила, айналайын, Әдила!
Қапелімде шыға келіп мұңнан сіз,
Мұңдана алмас мисыздарды мұңданғыз.
...Қара түсті қалампырды құшақтап,
Құлпытастан күліп қарап тұрған қыз.
ҚАЙЫРШЫНЫҢ ҚИЯЛЫ
Бір құмарлық жүрегімді мекендеп,
Қалтыраған буынымды бекемдеп.
Жұлдыз жанған терезеңнің тұсынан,
Мұңға батып өтем мен.
Аласұрған алпыс екі тамырым,
Аққан қан ба, өзен бе әлде,
Тәңірім!
Жыртық шекпен иығымды тұр басып,
жамау-жамау аяғымда шарығым.
Келе жатқан жаңа көктеп, бүр жарып,
Кім тыңдайды қайыршының мұң-зарын?!
Әйнегінен қарайсың сен тым асқақ,
Мені жасқап, гүлзәрім.
О, дариға-ай, сен жалындап, мен сөнбей,
Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей.
Сарайыңнан алып қашып мен саған
Тау басынан лашық жасап берсем ғой.
Асыл-асыл торғын жапқан денеңді,
Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой…
Тойым тойлап жыршы құстар жеткенде,
Бұл өмірге менің өзге өкпем не.
Кетсем ұйықтап басым сүйеп кеудеңе,
(Білесің ғой, мамық жастық жоқ менде.)
Байлық, даңқ, бәрі де жоқ, бәрі өлген,
Уақыт оны тұрған жоқ па дәлелдеп.
Керек етсең, мынау дала менікі –
Тауларым мен өзенімді берем мен.
Атқан таңды, батқан күнді сездірмей,
Мезгіл бар ма, мен аңсаған мезгілдей.
Босағада жатса жамау шарығым,
Сенен өзге дүниені көзге ілмей…
О, дариға-ай, сен жалындап, мен сөнбей,
Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей.
Сарайыңнан алып қашып мен саған
Тау басынан лашық жасап берсем ғой.
Асыл-асыл торғын жапқан денеңді,
Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой…
Сурет: massaget.kz