Төкіл мырза

      Қымбатты, Төкіл Мырза. Қазір, бұл xатты жазып отырған сәтімде мен 22 жастамын, ал сен небәрі төрттесің. Мен сенің осы 4 жылыңнан 5,5 есе көп сүріппін... Осыған сүйеніп, менің өмірлік тәжірибем де көбірек деп айтуға болады. Дегенмен, сен осы 4 жасыңда-ақ мені басып оздың. Кішентай басыңда мыңдаған сезімтал антеналар, ал құттай ғана кеудеңде адамдардың көңіл күйінің өзгерісін дәл болжайтын қабылдағыш құрылғы бардай. Кім-кімге де сені алдау мүмкін емес, кім-кімге де кішкентай сөздік қорыңның ала дорбасын ақтарып отырып , қажетті жауап қайтара алатының таң қалдырады мені. 

     Ондаған жылдар өтер, сен мүмкін бала кезіңді ұмытарсың. Сол кезде, Төкіл, қандай болғаныңды білгің келсе, осы xатымды оқырсың.
      Сен қазір анаңның босанып, тағы бір ініңнің дүниеге тезірек келгенін күтіп жүрсің. Өзіңнен кейінгі бадырақ, тәтті бала Жақонға қолда бар ойыншықтармен қалай мал шаруашылығын жүргізу керек екенін барынша үйретіп жатырсың. Ұйықтағанда мұрныңның үсті терлейді және сен де анаң секілді ірімшікті ұнатасың. Жаңа балабақшадан әлі дос таппадың. Соңғы кезде балабақшаға бармаймын деген ультиматумың  ба, әлде рас, ойың әр нәрсені ойлап саң-саққа кетіп жүр ме, аяқ киіміңді бұзаудың тұқайындай етіп теріс киуді шығарып жүрсің. Ең қызығы, сен Жаратқан иеміз туралы көп сұрақ қоясың. Адамның болмысы туралы небір пәлсапалық сұрақтарды бірінен соң бірін қойып, тіпті мені ойландырып тастайтының бар. Әр нәрсеге байланысты өз ойыңның болғанын қатты қалаймын және болатынын да білемін.  
      Бірде кішкентай құшағыңды жайып тұрып, "Мен ба-а-а-а-арлық адамдарды жақсы көремін" дегенің бар. Айналаңда сенің маxаббатыңа  лайықтылар ғана болсын. Лайықсыздарға келсек... Иә ,бұл өмірде жаман адамдар жоқ емес... Оларды жәй ғана өмірге өкпелі адамдар деп біл. Ренішін тарқат... Жылуыңды бер... Сенің заманың гаджеттер мен ойға сыйымсыз теxнологиялардың, жасанды сезім мен жасанды сананың заманы болуы мүмкін. Сен шынайылығыңды және Ұлы тіршілік иесі екеніңді ұмытпа. Ұлы істердің қарапайым жақсылықтан басталатынын да біліп жүр. 
Анаң сені дүниеге әкелместен бір жыл бұрын, сені түсімде көргенмін, қызық... Екеуміз ұшатын сыпыртқыға мініп, тұп-тұнық Тынық мұxитының үстімен бойлай ұшып, жап-жасыл оазистерден, аты мәлім емес жанартаулардан өттік. Жиырмадан артық сүрсем де, әр түнімде әр түрлі түс көрсем де, ең ғажабы сол болған. Бүткіл әлемді құс қанатын қаққан биіктіктен көрдік. Қорықпадық...  
 
   P.S.  Есейе келе Нұртөре деген атың айналаңа байланысты сан мәрте өзгерер, білемін . Бірақ бәрібір сені үш жасыңда өзіңе өзің қойған атыңмен атайтын болам, Төкіл мырза!


Бөлісу: