"тоқал" мен тоқал айырмашылығы
блог
Қазіргі замандағы "тоқалдар" мен баяғы замандағы тоқалдардың айырмашылығы жер мен көктей.
Мені осы тақырып біраздан бері мазалап жүр. Қазақстандық қандай ақпарат көздерін ашсақ та, "тоқал" мәселесі кездеседі. Ақпарат көздері деген жас буын мен қазақ тарихынан хабардар емес жандардың көзін ашу керек секілді еді, бірақ біздің елдің ақпарат көздері керісінше білмейтін жандарды одан сайын қазақ тарихынан алшақтатып,қасиетті қазақ тәрбиесі жайлы кері түсінік қалыптастырып жүр. Сондықтан осы мәселенің анығын өзім ашқым келеді.
Ата-бабамыздың тоқал деп атаған әйелдері- ол ел алдында, Алла алдында, туыс-туған мен әулет алдында алдынан өтіп, құдалық жасалып, барлық қазақи салт-дәстүрмен беті ашылған, некелескен екінші, үшінші не төртінші жұбайлары болған, ел анасы, ошақ анасы, сол әулеттің ұйытқысының бірі болған. Мұқтар Әуезовтың "Абай жолы" эпопеясын алып қарайтын болсақ, ондағы Абай атамыздың тоқалы Әйгерімді аларда шешелерінен рұқсат сұраған, үлкен әйелі-Ділдә бәйбішесін де хабардар еткен. Содан соң ғана Әйгерімнің әулетінің алдынан өтіп, құда түсіп, еліне, әулетіне келін етіп әкелген, ал олардың әулеттері құда болған.
Қазіргі "тоқал" деп шулап жүргендерің ата-бабамыздың кезіндегі тоқалдардың аяғының тырнақтарына татымайтын әйелдер ғой. Бұл замандағы "тоқал" деп жүргендерді тоқал деген сөзді қорламай, ақиқатын айтып "ашына", "отбасын бұзушы", "көңілдес" деп қана атау керек. Өйткені қазақ халқы мұндай ұятсыздықты болдырмаған. Қазақ қыздары ешқашан "ақша үшін", "оңай өмір үшін" арын, тәнін сатпаған.
Қазақ қыздары өз еріктерімен шалдарға тоқал болуға да ешқашан келіспеген. Қазіргі қыздардікі мүлдем басқа мәселе. Өз қылықтарын не деп ақтаса да, оларды тоқал деп атауларына қарсымын. Осыдан былай қазіргі кездегі қалталы азаматтардың қолтығында жүрген әйелдерді тоқал деп емес "көңілдес" деп дұрысы айтылар деген үміттемін.