Тоғызқұмалақ - қазақтың теңдесі жоқ көнеден мұра боп қалған, сиқырға толы интелектуалды ойыны!
блог
Тоғызқұмалаққа тосырқамай қараңыз!
Ата дәстүр салтыңызға санаңыз!
Өзіңді-өзің қазақпын деп санама
Бұл өнерді үйренбесе балаңыз!
Абай
Сәлем, Достар!
Менің аты жөнім Ерасыл Балқыбек! Бұл менің ең алғашқы блогым және мен осында ең алғашқы қылып тоғызқұмалақ ойыны жайында жаза кетейін деп шештім. Біреулеріңіз білерсіздер, біреулеріңіз білмессіздер, бірақ, бұл - қазақтың өте көнеден, сонау ғұн заманынан келе жатқан, озық ой мен ұшқырлықты қатты талап ететін интелектуалды ойын түрі. Бұл ойын негізінен тоғызқұмалақ тақтасы мен тоғызқұмалақ құмалақтарынан (домалақ тастарынан) құралған және қос қарсылас арасында өтетін тартыс. Мұнда негізінен 162 құмалақ және қай қарсылас өз еншісіне 81-ден көп құмалақ, яғни, жартысынан көбін жинай алса сол жеңіске жетеді. Бұл ойынның толық ережесін ғаламтордан немесе тоғызқұмалақ сайтынан, не болмаса, тоғызқұмалақ кітаптарынан оқып алуыңызға болады. Ал мен бұл блогта осы тоғызқұмалақ ойыны туралы қызық-қызық тарихи оқиғаларын және тоғызқұмалақ ойынының керемет сиқырлары туралы ашып айтып бергім келіп отыр.
Тоғызқұмалақ ойыны төрт мың жылдық тарихы бар екенін археолог ғалымдар оның ең ежелгі тастан ойылып жасалған тақтасын табу арқылы дәлелдеп отыр. Онымен қоса, осы тоғызқұмалақ ойынынның аты Қытай жазбаларында да кездеседі. Мысалға, ежелгі ғұн тәңірқұты қытай әскерін талқандауда, соғыс барысын осы ойынның әдіс-тәсілдері мен тактикаларына сүйене отырып жүргізген деседі. Қалай дейсіз бе? Иә, әрине таң қалуыңыз да мүмкін, себебі жай ғана құмалақтар мен тақтадан құралған ойын қалай ғана әр түрлі атты әскерден құралған ірі қолды басқаруға қолдануға болады?! Бұл ойында өз қарамағыңдағы құмалақтарды басқару арқылы ойыншы қарсыласына шабуыл жасай алады, бірнеше жақтан қыспаққа ала алады, тосын шабуылдар жасайды. Тіпті, теңдңссіз жоспар құру арқылы және соны жүзеге асыру арқылы қарсыласынан басым түсе алады. Онымен қоса, қарсыласынан қорғана отырып, не болмаса бейтараптық сақтай отырып алдағы шабуылдарына дайындалады. Тұзақ құрады. Қарсыласының жүретін жүрісі мен мекенін қысқарта алады. Бір сөзбен айтқанда "тақта үстіндегі шайқас"!
Бұл ойынды тіпті әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби де сүйіп ойнаған, терең зер салып, зерттеп, өз жазбаларында қалдырып кеткен. Ал,қазақтың ұлы ақыны, данагөй ойшылы Абай Құнанбаев та өте қатты сүйіп ойнаған және өзі сол заманның түрлі ойыншылармен сынға түсіп, ойын жарыстырған деседі. Ал, сол Абай атамыздың тастан ойылып жасалған тоғызқұмалақ тақтасын Жидебайдағы мұражайынан таба аласыз. Және әйгілі ойыншылар қатарына қазақтың ең алғашқы ғалымы - Шоқан Уәлихановты да қосуға болады. Қазақтың әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезов пен Ұлы Отан соғысы жылдарының атақты соғыс стратегі Бауыржан Момышұлының да сүйікті ойыны болған деседі.
Тоғызқұмалақтың сиқырларын өз көзіңізбен көріп түсіну үшін сіз өте жоғарғы деңгейде ойнай алатын деңгейге жете алуыңыз кажет. Себебі, егер сіз тек енді ғана бастап ойнап жатқан ойыншы болсаңыз онда сіз бар сыр-құпияларын бірден көре алмайсыз! Өйткені, сіз ең алдымен құмалақтарды тез есептеуді және алдыға кем дегенде бес алты жүріске дейін қарастыра алуды үйренуіңіз керек. Одан кейін тұзақ құруды, шабуыл жасай отырып қорғана білуді, ірі байлықтардың пайдасы мен зиянын ажырата алуды, қарсыласыңыздың жүрісін қысқартып, тығырыққа тіреуді, екі жақты, үш жақты шабуылдар жасауды, және қарсыласыңыздың осындай шабуылдарынан қорғануды үйренесіз. Ал, бұл деңгейден кейін келесі деңгейде сіз қазіргі өзіңіздің қазіргі жағдайыңыз бен қарсыласыңыздың жағдайын тура және қателеспей анықтауды және сіз және қарсыласыңыздың қайда, қай жаққа бет алып бара жатқандарыңызды тура және нақты көре аласыз. Содан кейінгі жоғарғы деңгейде сіз ойында жоспар құру арқылы және соны жүзеге асыру арқылы және қарсыласыңыздың жоспарын бұзу арқылы ойнайтындай деңгейге жетесіз. Ал, ең жоғарғы деңгейде, яғни мен білетін, мен аша алған деңгейде, сіз толық ойынды басынан аяғына дейін басқара алуды, тіпті, болашақты нақты болжай алуды үйренесіз. Әдетте, бұндай жоғарғы деңгейде ойнауға көптеген ойыншылар бірнеше жылдарын сарп етеді. Осындай деңгейге дейін жетіп, және осындай деңгейде ойнай алатын болсаңыз және осындай деңгейдегі ойыншымен ой жарыстырсаңыз бұл ойынның теңдесі жоқ кереметтерін сезінер едіңіз!
Негізінен, бұл ойынның әдіс-тәсіл, тактика және ойлау барысы жағынан әлемге әйгілі шахмат ойынымен өте-мөте ұқсас.Егер осы екі ойынды қатар өте жақсы деңгейде ойнай білетін болсаңыз, бұны көру қиын емес. Былайша айтқанда, тоғызқұмалақ пен шахмат үнді және қазақ тілдері секілді екі түрлі тілдер деп те айтсақ болады. Тек олардың айырмашалағы олардың фигуралары мен ойналу өзгешеліктерінде ғана, бірақ, екеуі де бір "ғұмырды" немесе бір "шайқасты" бейнелейді. Әрине, бұл ойындардың да өздеріне ғана тән ерекшеліктері бар. "Ғұмыр" деп бейнелеу себебім кейбір шахматтың да және тоғызқұмалақтың да атақты ойыншылары осы ойындарды "тақта үстіндегі ғұмырға, өмірге" теңеп жатады.
Тоғызқұмалақтың бұдан да көп бұл жерде айтылмаған сырлары көп. Негізінен, бұл ойын сонау Кеңес үкіметі кезінде үлкен тоқырауға ұшарап, халық арасында беделі едәуір түсіп кетіп еді, бірақ, қазір қайтадан жанданып, дамып жатыр. Әлемдік деңгейдегі федерациясы (қауымдастығы) бар. Қазірде осы Қауымдастық екі бірдей Әлем және бірнеше Азия, Еуропа чемпинаттарын өткізіп үлгерді. Егер осы туралы бірнеше ақпараттар алғыңыз келсе Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының ресми сайтына кіріп шығуыңызға болады. (http://9kumalak.com/)
Шіркін, егер де осы асыл қазынамызды бағалай біліп, жоғарғы деңгейде ұстап, болашақ өсіп келе жатқан ұрпақтар мен жастарды тәрбиелеуде, болашақ ғалымдар мен политик-экономистерді даярлауда, олардың ойлау деңгейлерін ұшқырлауда қолданар болсақ, бұл ойынның өте көп пайдасы тиер еді! Айта берсек айтылатын ой таусылмайды, сондықтан, егер де осы зияткерлік ойынымыздың осындай және бұдан да басқа сырларын білгіңіз келсе, өз көзіңізбен қөргіңіз келсе, онда тоғызқұмалақты қолыңызға алып, ойнап үйреніңіз, ұшқырланыңыз, зерттеңіз!
Назар аударғандарыңызға рахмет!