Наурызды мерекелеудің шынайы мазмұнға сәйкес болуы мен заманға сай қызықты да, сәнді болуы - оны терең мағаналы рәсімдермен әшекейлеу арқылы жұртқа тартымды мерекелік атрибуттарды орнықтыруға қатысты болып отыр. Сондықтан жұрттың назарына наурыздың 14-22 аралығында кірісуге болатындай рәсімдер мен ғұрыптарды заманға сәйкестендіре фестиваль түрінде өткізуді ұсынып отырмыз. Бұл тоғыз күннің әрқайсысына мазмұн бере отырып, Наурыздың сыйпатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр, салт пен жоралғылар өз орнын табатындай, өміршең дәстүрімізді қалпына келтіруге әбден болады. Және бұл шаралар қасаң да жаттанды ұлттық дәстүрді тықпалау емес, оларды байқатпай отырып, насихаттаудың бір көрінісі ретінде заман үрдісімен астасқаны абзал.
«Бұқаралық шаралар» негізінен ақпарат құралдары, қоғам қайраткерлері мен БАҚтар арқылы насихатталып, бұқараға сіңірілгені жөн. Оны бұйрықпен не жарлықпен енгізу мүмкін емес. Бұлардың бәрі де жаһандық мерекелер аясында халыққа сіңісті болған шаралардың қазақы нұсқасы деуге болады.Және де наурыз сайын насихатталатын таптаурын ақыл-кеңестерді іс жүзіне ұластырудың бір жолы.
«Ресми шаралар» жергілікті билік тарапынан ұйымдастыруға жататын, белгілі бір реурстарды қажет ететін іс-шараларды қамтыйды.
Күн
Күн атауы
Күн белгісі
Бұқаралық шаралар
Ресми шаралар
14.03
*Шуақ күні
Жарық дүниеге, Күнге құрмет, сезім мен достық күні.
Қазақтың танымы бойынша бұл күн – көктемнің алғашқы күні.
Жұлдыздық күнтізбе бойынша,Күннің Тоқты шоқжұлдызына
таяп келуінен жыл маусымы ауысады.
Белгісі – бәйшешек
Бұл күні жұрт бір бірін көктемнің алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесу ырымын жасайды.Алыстағылар телефонмен, смспен хабарласады, құтпарақпен құттықтасады. Ерлер әйелдерге қызыл гүл сыйлайды.
Көшелерге де қызыл түсті безендірімдер ілінеді.
Гүл жәрмеңкесі, көрмесі ұйымдастырылады.
Көшелерге гүл фотолары мен суреттері ілінеді.
15.03
Тағзым күні
Рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Бұрын«Иіс»аталған.
Белгісі – алақан
Бұл күні жұрт ерте тұрып, қайтыс болған туыстарының зираттарына барып, тазалап, ретке келтіреді. Үйлерінде жеті шелпек пісіріп, таратады. Дұға арнайды. Хош иісті шөптермен, иіссулармен орынжайларды, бөлмелерді жұпарлау қолға алынады.
Қайырымдылық шаралары өткізіледі.
Шүлен таратылады: ежелгі қазақ дәстүрі бойынша, байлар кедейлерге қаржы, мүлік үлестіреді.
16.03
Алас күні
Бұл күн негізінен тазару күні болып табылады.
Белгісі – алау
Адамдар үйлерін тазалап, ескі киімдер мен заттарын өртейді. Аулалар мен ауылдар қора-қопсысын тазартады.
Үйді, ауылды, көшені аластау рәсімі жүреді. Адамдар бұл күні жаппай шомылып, тазарады.
Басшылық көше тазалауға жұртты жұмылдырады. Саябақтар мен саяжолдар тазартылып, ауылдарда бұлақтың көзі аршылады.
17.03
Береке күні
Демалыс күнге сәйкес келгені жөн, адамдар сол күні бір біріне араласатын мүмкіндік туылған абзал.
Белгісі – қазан
Бұл күні әр үй «Қазан толы» рәсімі бойынша наурызкөже пісіреді. Әр үй кемінде жеті адамға көже беріп, әр адам кемінде жеті үйден көже ішеді. Осы күннен бастап, жұрт наурыздық дастарханға әзірлік бастайды. Адамдар бір біріне қонаққа барып, көже ішіседі.
Басшылық бұл күні жетім-жесірлерге, жалғызбастыларға көже береді. Ардагерлер мен зиялы қауымға қонақасы беріледі.
Мешкейлер жарысы өтеді.
18.03
Өніс күні
Өсу,өну,өркендеу күні болып табылады.
Белгісі – қозы
Адамдар үйлеріне тез көктейтін дақыл, гүл, ағаш өскіндетеді немесе егеді.
Ата-әжелер немере-шөберелеріне сыйлық таратады.
Басшылық бұл күні әр ауыл, көше, қала тал егумен айналысуды ұйымдастырып, болашақ саябақ, орман-тоғай орындарын әзірлетеді.
Перзентханаларда шаралар ұйымдастырылады.
19.03
Жайнау күні
Белгісі – көрпеше
Бұл күні әркім өз үйін әшекейлейді, көше, ауыл 7 түспен безендіріледі. Төрге құрақ көрпе, алаша, сырмақ, текемет жайылады, қабырғаларға кілем ілінеді. Жаңа киім, жаңа мүлік пен жиһаз сатып алады.
Автокөліктер безендіріледі.
Басшылық қаланы, ауылды безендіріп, мерекеге әзірлетеді. Көшелерде 7 түспен жайнату қолға алынады.
Қоғамдық көліктер, орындар безендіріледі.
Неше түрлі фото-сурет,дизайн көрмелері, өнеркәсіп, шығармашылық т.б.көрмелері өткізіледі.
20.03
Шаттық күні
Белгісі – қоңырау.
Бұл күнді әркім қуанышты өткізіп, көңіл сергітер шараларға арнайды. Ренжіскен адамдар бір бірін кешіріп, қонаққа шақырады, өзі қонаққа барады. Жүрген жеріне және қонақтарға жолдық (наурыздық кішігірім сыйлық) таратады.
Басшылық қала мекемелерінде ертеңгіліктер, кештер ұйымдастырады.Концерттер өткізіледі.
21.03
Үйлесім күні.
Белгісі – текемет.
Бұл күні әркім дастархан жайып, ол күні бойы жыйылмайды.
Әрбір үйге Жолтерек (мифтік бәйтерек) әзірлеуге болады.
Үйде, далада ән-күй толастамайды, айнала толық безенген.
Қыдыр түні. Бұл түні Қыдыр атаға арналған дастархан жайылады. Ол «Науан» аталатын үшсөрелі тағамдар жыйдасы болса да жеткілікті.
Бас таңды қарсы алуға кәрі де, жас та кіріседі. Жастар өз алдына «Бастаңғы» кешіне жыйналады: қыздар «Ұйқыашар» асын әзірлеп, жігіттер жағы «Селтеткізер» (сюрприз) дайындайды. Жастар таң атқанша сайран құрып, Алтыбақан теуіп, таң ата 22-сі күнгі Бас таңды қарсы алуға көшеге шығады.
Қариялар бұл түні«Белкөтерер» жоралғысымен жыйналып, Қыдыр түнін өткізеді: олар қонақжай үйге жайғасып, өткен-кеткенді, бастан кешкендерін еске алысып, таң асырады.
Ресми шаралар
Таңғы сағат 10-да Жолтерек (мифтік бәйтерек) орнату басталады.Бұл атрибутта Жылан жылының бейнесі орналасады.
12-де рәсім басталып, 14-те көпшілікке арналған көшелік Жыл рәсімі аяқталады. Бұл рәсім неше түрлі сайыстар мен жарыстарға арналады. Спорт жарысы ұйымдастырылады.
Түстен кейін Алтыбақан құрылады. Кеш бата Алтыбақан маңында сауық сайран басталады. Алтыбақанға 21 наурыздан кейінгі наурыз айында некелік тіркелуге өтініш білдірген болашақ жас жұбайлар кезекпен жайғасып, Алтыбақан тебеді. Жасжұбайларға жарты ғасыр отасқан жұбайлар бата береді.Мұны тікелей эфир түріндегі сауық-сайран түрінде ұйымдастырған дұрыс.Алтыбақан рәсімі сарайда өткізілуі мүмкін. Алтыбақан сайраны күн батқаннан таң атарға дейін ән-күймен, ойын-сауықпен жалғастыруға болады.
22.03
**Ұлы іс күні
Белгісі – күн.
Жаңа жылдың бас таңы.
Жұрттың бәрі таңды қарсы алуға арнайы киім әзірлейді, костюм киеді.
Таң атар кезде мерекелеушілер жылдың Бас таңын қарсы алуға шығады.
Таңғы 7:00-де Бас таңды қарсы алуға арналған арнайы шара басталады. Таң ата жыйналған жұрт көше бойлап Наурызшеруге (карнавал) шығады. Шеруге әркім ұлттық киім болмаса ертегілік кейіпкер түрінде киінеді. 12 шоқжұлдыз бен 12 жылкие бейнелері жасалады. Бұл – жаңажылдық Жаңа өмір шеруі.
Таңды қарсы алу ежелгі ғұндардың дәстүрімен 9 күй тартудан басталады, оны кемінде 90 адамнан құралған оркестр тартса – құбақұп. Соңы концерт пен спорт шараларына ұласады.Спорттық шара Жамбы атудан басталады.
Осылайша, түскі 12-ге дейін барлық ресми шараны бітіруге болады.
*Шуақ күні. Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше – 1 наурыз кәзіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың белгілі білімдары - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы [5] өзінің 8 күндік наурыздамаға қатысқанын жазады. Ол ескіше: 1-8 наурыз, кәзіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы.
Бұған тағы бір дәлел ретінде Шәкәрім атамыздың баласы Ахаттың естелігін ұсынамыз: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлы іс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлы іс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар»
** Ұлы іс. Шын мәнінде «ұлыс» сөзі «ұлы іс» тіркесінің бірігіп кетуінен құралған, бұған Ақселеу Сейдімбектің [6] «ұлыс таңы» тіркесін келтіруінен де көреміз, әрине, «ұлыс таңы» болуы мүмкін емес, бұл жерде «ұлы іс таңы», яғни «ұлы іс» – ғаламдық, астрономиялық ауқымдағы іс дегенді білдіріп тұр.