Осыдан бірер күн бұрын ару қала Алматыдағы нағашы ағамның үйіне қонаққа бардым. Сессия алдындағы демалыс өте сəтті өтті. Ағаммен тарих туралы сырлар шертісіп, рухани байлықтармен босауға аз қалған дүниемді толтырып қайттым. Жеңешем де барғаннан алдыма тəттілері мен тағамдарын тосып, күтіп жүрді. Жиендерім "тəтелеп" қасымнан шықпай мəре-сəре болдық. Кіндік қаным тамған Жайылмамды сағына бастадым. Ішімнен "аз ғана қалды" деп өзімді жұбатып қойдым. Үш күн де зуылдап өте шығып, өзімнің ҚазҰУ-ымның , тату төрт қыздың "үйіне" айналған жатақханаға қайтуға жолға шықтым.
11- троллейбусқа мініп, соңғы қатардағы бір бос орынға көзім түсіп, сонда жайғастым. Қасымда орыстың алпыстан асқан, бірақ еті тірі əжесін жолықтырдым. Əже деуге де келмес-ау. Орныма отырғаннан-ақ танысып, шүйіркелесіп кеттік. Ол маған орысша сұрақтар қоюда, мен де оған амалсыздан орысша жауап бердім. Орысшаға кенде емес тіліммен де тіл табысып отырдық. Оқып жатқан оқу орнымды, қайда тұратынымды, студенттік шақтарды, үйде күтіп отқан отбасым, алдағы емтихан жайында біраз əңгіме айттық. Бір кезде мамандығымды сұрады. Мен "Қазақ тілі мен əдебиеті" мамандығы деп жауап бердім. Ол маған мынандай жауап қатты жəне ол мені қатты қынжылтты: "Қазақтар өздерінің тілін өздері білмейді". Мен сол сəтте не дерімді білмей үнсіз қалдым. Менің де аялдамам жақындаған соң біз қоштастық.
Сол сөз əлі де жүрегімде қалғандай...əлі де маза бермейді. Біз соншалықты өз тілін менсінбейтін жан болғанымыз ба? Өзіміз өз тілімізді білмесек қалай болғаны? Ана тілін жақтырмай, орысшаңда сайрайтын қазақ қазақ емес. Менімен қатарлас жастар, болашақтың жастары, бəрі өзіміздің қолымызда. Біз осыны қолға алмасақ ешкім де келіп қолымызға ұстатпайды. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, тіліміз үшін, ертеңіміз үшін біріге жұмыс жасайық!