Тілім - тірегім

Тілім - тірегім
жеке
блог

       Мен ауылда өскен қазақтың қара домалақ қызымын. Ата-əже, əкем мен анамның берген тəрбиесімен ана тіліме жетік бала болып өстім.

       Кейде көк жəшіктегі жаңалықтардан, газет-журналдардан оқып білетінмін, ана тіліміздің аясы тарылып келе жатқанын. Сенбейтінмін, мəн бермейтінмін, себебі менің өскен ортамда барлығы тілімізді қадір тұтатын, қазақшаға жетік болатын. Тіптен арамыздағы өзге ұлт өкілдерінің өзі кей жерде сөзден бізді шаң қаптырып кететін. 

       Жақында сыныбымызға қаладан жаңа қыз келді. Қазақ, қазақ сыныбында оқиды, деседе тілге шорқақ. Ауыз екі сөйлесу кезінде: " Ана сөз қандай? Мына сөз қандай?" - деп мағынасын түсіне алмай отырады. Қазақтың ықылым заманнан бері қолданыста жүрген тұрақты сөз тіркестерінің мəн-мағынасын ажырата алмай əлек болады. Сөздері шүлдірлеп, əр қияға бір тартып, таза сөйлей алмай тұрады. Бірақ бертін келе бізбен араласа жүріп, тілі төселіп, тіл байлығы арта түсті. Сонда ойлайтын болдым. Қалада жүрген қазақтар қаншама, олардың барлығы дəл осындай болса, онда біздің не болып бара жатқанымыз? Тұғырлы тіліміздің тағдыры не болмақ?!

       Еліміздің саясаты бойынша үш тілді меңгеру міндеп болып тұр. Өз тілімізді танып біліп, үдəбарасынан шыға алмай жатқан тұста тағы екі тілді меңгер деп балаларымызға салмақ салып қоятын сияқтымыз... Əрине, еліміз атағы əлемге жайылған отыз елдің қатарына ілігу үшін тіл білу маңызды-ақ. Бірақ, енді ғана тілі шығып, қазақ тілін үйрене алмай  жүрген балаға тағы екі тілді қоса үйрен деп, өз тілімізді шұбарлап алатындай болып көрінеді.

       Қалада тіп-титтей балапандар өз тілін білмей өсіп келе жатыр. Олар ертең орыс тілді мектептерге барып оқиды. Онда тіптен тіл туралы армандамай-ақ қоюға болады. Екі-үш, төрт тіл үйрен, біл демес бұрын қазағымның қоңыр тілін меңгертіп алған жөн. "Өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте"- дегендей өз тілінің мəн-мағынасын, қадір-қасиетін толықтай меңгерген соң ғана, бірнеше тілді үйренгенің абзал демекпін.

       Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған менің туып өскен жерімдегі ауыл мектебіне бірнеше тілдің жілігін шағып, майын ішкен бір дүнген баласының келіп, қазақ тілін үйреніп, тілін сындыру мақсатымен қазақ балаларының арасына келіп, сабаққа енгені, мені бір марқайтып тастады.

       Мемлекеттік тіл - қазақ тілін үйренгісі келген дүнген баласына бас ие қарайтын болдым...

       Ана тілімізді тұғырынан тайдырмай, тіл жанашыры болып, қадіріне жетіп жүрген азаматтарымыз баршылық. Сондай елім деген ерлердің ізімен тілге құрмет арта түссе екен деймін. Тіліміз таза, дініміз берік, еліміз аман болсын!