Тілім - тірегім
блог
Менің тілім – қасиетті қазақ тіл. Олменің қанымды буырқантып, жаныма нұрлы сәулесін құяды.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын,сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
деген жолдар арқылы кемеңгер ақын Абай сөз құдіретінің айрықша екенін айтады. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді халқымыз. Осы ойлардың түп-тамырына үңілсек, қаншама мән-мағына жатыр. Тіл-қарым – қатынас құралы. «Тіземнен сүріндірсең, сүріндір, Тілімнен сүріндірме» деген ата-бабаларымыз тілді аса құрметтеп, бас иген. Біз, ана тіліміз – қазақ тілін, әруақытта сүйіп, құрметтеуіміз керек.
Ақын Мұхтар Шаханов:
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!
Әр адамда өз анасынан басқа да
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да, –
деген өлеңі арқылы бүкіл қазақ халқына ой тастағандай. Сондықтан, әр азамат өз тілін ерекше аялағаны жөн. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «қазақ пен қазақ қазақша сөйлесуі керек» деген болатын. Біздің бүгінгі таңдағы алаңдайтын мәселеміз – тіліміздің шұбарлануы деп түсінемін. Қазір көптеген қазақ жастары өз тілімізді менсінбей, орыс тілінде сөйлейді. Орысшасы да жетісіп тұрмауы мүмкін, бірақ өз тіліне деген немқұрайлылық оның түбіне жетері сөзсіз.
Сөзді де, сезім сынды, үнемдеп жұмсасаң, яғни күндіз-түні тынымсыз, есепсіз ағып жатқан судай көріп, іріктеп таңдамай, екшеп талғамай, сөз білгеннің жөні осы екен деп, оңды-солды шаша берсең, лебізіңнің қадірі, беделі түседі. Сөзі құнсыз адамның қашанда өзі құнсыз. Біз, қазақ жастары осындайдан аулақ болып, ата-бабаларымыз ерекше құрметтеген сөз өнерін әрқашан биік ұстауымыз керек.
Ата-бабаларымыздан келе жатқан шешендік өнерді жетік меңгеріп, өз заманымыздың шынайы иесі болуымыз қажет.
18-19-ғасырларда өмір сүрген би-шешендер қазақ жерінде өткен көптеген саяси-әлеуметтік маңызды өзгерістерге байланысты ел қорғау, бірлікке шақыру, тағы басқа осы сияқты мәселелерге үлес қосқан. Біз солардың асыл мұраларын санамызға сіңіріп тәрбиеленуіміз керек. Өз басым туған тілімді өмірімнің көшбасшысы, тірегім деп білемін.