Тілекші болшы!

Пәтерінен шығып келе жатқан Алтынға қарсы алдынан көрші келіншек жолықты.

– Сәлем, Алтын. Жағдайың қалай?
– Сәлем. Шүкір, жақсымын. Өзіңіз қалайсыз?
– Жақсы. Қолшатырың қайда? Далада жаңбыр жауып тұр ғой. Міне, менікін ал.
– Керегі жоқ, рақмет.
– Ал, қане, ал. Киімің су болады.
– Жарайды. Көп рахмет, – деп еріксіз алды.

Далаға шықса, жаңбыр сіркіреп қана жауып тұр екен. Жаңбырдан жаны ләззат алушы еді. Ақырын аяңдап жүріп келеді. Қолшатыры қолында, ашылмаған қалпында. Терең ойда келе жатқан ол артынан естілген:
– Тоқтай тұрыңызшы, – деген дауысқа селк ете қалды. Жылдам жүріп жанына жеткен жас жігіт өзінің қолшатырын ұсынбақшы екен. Қыздың қолындағы жинаулы қолшатырды көзі шалып:
– Бар екен ғой, – деп өз жолымен кете берді. Енді жігіттің бар ойы жымиып қана қала берген жұмбақ қызда болды. Екеуінің де бет алған бағыты – автобус аялдамасы. Жылдам жүрісін ақырынға алмастырған жігіт артына бұрылып қарап еді, қыздың жанарын төмен салған келбетті көркін көріп, енді ішкі ойымен арпалыса бастады. «Жүзі жылы, дегенмен тәкаппарлығы басымдау секілді. Жөн сұрасам танымайтын ұлдармен сөйлеспейтінін айтып шорт кесетіні көрініп тұр. Бірден жай сұрағаным дұрыс болар. Содан соң ыңғайы келсе тағысын-тағыларды біле берермін».

– Қолшатырыңызды неге ашпайсыз? Сізді түсінбедім.
– Әйел затын ешкім түсінбеген. Сіз де түсінбейсіз.
– Түсінуге тырысып бағайын. Себебін білгім келеді.
– Жаңбырдан жаным рахаттанады. Киімімді су қылып, денемді тоңазытып, балағымды былғаса да төземін. Себебі сүйемін... жаңбырды, - деп жауап береді. Жігіт үндемей ойланып қалады. «Махаббатқа берік қызға ұқсайды. Менің де іздегенім осы емес пе?!»
– Есіміңіз кім ?
– Алтын.
– Мен Мұрат боламын, – деп қолын ұсынды. Қыз қолын бергенде жанарлар түйісіп қалып, жігіт өзін-өзі әрең ұстады. Ары қарай не жайында сөз қозғарын да білмеді. Үнсіздікпен аялдамаға да жетіп келді. Қыздың автобусы келгенде ғана бойын батылдық билеп, оқу орнын сұрап үлгерді.

Жігіт үйіне кіре салысымен компьютер қосып, ғаламтордағы «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы қыздың есімін, оқу орнын жазып іздей бастады. Алтын Мұратова. Өзінен бір жас кіші. Қазақ Ұлттық университеті механика-математика факультетінің магистрант бөлімінде соңғы жыл оқып жүр. Жасы жиырмадан асса да, отбасылық жағдайы «күйеуге шықпаған» деп жазулы тұр. Нөмірі жасырулы. Ортақ достар тізімінде Мұраттың сыныптасы бар екен. Дереу сыныптасына хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, Алтынның нөмірін тауып беруді өтінді. Ол да кезіккенге көмектесіп, пайдасын тигізуді сауап деп білетін жақсы адам еді, қас пен көздің арасында құрдастарына қоңырау шалып, Алттынның нөмірін білді. Мұрат бақыттың кішкене бұрышына қол жеткізуіне себепкер болды. Мұрат ұялы телефонын қолына алып, жүрегі алып ұшып, қоңырау шала бастап еді, телефон өшірулі тұр екен. Автобусқа мінер алдында ұялы телефонынан сағат қарағанын көрген болатын. Енді бір нәрсеге ұшырап қалмады ма деп уайымдай бастады. Ұнатып қалғанын сезді. Өзінің телефонды қолына алып, қайта-қайта қоңырау шалып отырғанын байқамай да қалыпты. Бір кезде «тууут-тут...» Жауап беруі күтіліп тұрған қоңырау дауысына сенер-сенбесін білмеді. Жүрегі атша тулап, не айтарын ойлана алмай, қобалжып барады.

– Алло?.. Алло, бұл кім екен?
– А-а, Алтын, бұл мен ғой, мен... мен... Кеше сізді... Аялдамада... шығарып салған...
– Не деп тұрсыз? Шығарып салғаны несі?
– А-а, жоқ, жоқ.
– Мазамды алмаңыз, – деп байланысты үзе салды. Жігіт абдырап, не болғанын білмей қалды. Сәлден соң айтар сөзін дайындап, өз-өзін қолына алып, қайта шалған қоңырауына жауап бермей қойды. Осылай күндерін жауапсыз қоңыраулардың соңын күтумен өткізіп жүрді. Арада бір апта өткен соң қыз да жалығып, мазасыз қоңырауға жауап беруді шешті.
– Иә, тыңдап тұрмын. Сізге не керек өзі?
– Алтын, маған сіз керексіз.
– Ал маған сіз керек емессіз, – деп тағы да өшіре салды. Бірден шошытып алғанын білген жігіт енді ақылға салып, жоспар құруға кірісті. Күн сайын университет ауласын торуылдай бастады. Аяғы алғаш кездескен аялдамасына қарай тарта береді. Ақыры сол жерден екінші рет ұшырастырды. Алтын да енді қашып құтыла алмайтынын түсінді. Амалсыз сөйлесіп, сұрағанының барлығын жасырмай айта берді. Кешкі асқа шақырып еді, бас тартты. Мұрат алған бетінен қайтпай қыз жайында біраз нәрсені өз аузынан біліп алды. Өзі туралы да айта бастады. Алтын үндемей тыңдады.

«Ата-анам ауылда тұрады. Өзім осы қалада қызмет етіп жүрмін. Атам жасы келіп қалған кісі. Өмірден озғанынша менің қызығымды көріп кеткенін қалайды. Яғни, үйлен деп айта береді. Бір-екі жыл ішінде үйленуім керек. Ал жақсы қыз аяқ астында жатқан жоқ. Бұрын бірнеше қызбен кездескенмін. Олардың бірі ауылдың салт-дәстүріне көнгісі келмейтінін білдірді. Бірі менің ұнамаса тіке айта салатын мінезіме шыдай алмайтын болып шықты. Бірнеше уақыттан бері жөні түзу қыз кездестіре алмай жүрдім. Ал сізді көргеннен кейін дүние өзгеріп кеткендей, бұрын кешпеген күй өткердім басымнан. Екі ауыз сөзіңізден ақылына көркін сай қыз екеніңіз аңғарылып тұрды. Әрі қыздардың тәкаппарлау болғанын ұнатушы едім. Қоңырауларыма берген салқын жауабыңызды тәрбиелі отбасынан шыққандығынан деп ұқтым. Сіз тура менің талғамымдағы қызсыз».

Бұл әңгіме Алтынды ойландырмай қоймады. Өзі де шаңырақ түтінін түзу ұшыратын жасқа жетіп, тұрмыс құру жайлы ойланып жүр еді. Алайда тәкаппарлығына төзбейтін, қыздан бірінші қадам күтетін, өзі келіп жабысқан қыздарды жақсы көріп тұратын жігітсымақтардан шаршап, уақытша ләззатты ғана ойлап тұратындарды көріп, барлық жігіттен баз кешіп жүрген кезі болатын. Мұратты тағдырдың сыйы деп білді. Осылайша көңіліне қона бастаған жігітке «кет әрі» еместігін сездіру үшін, кездесулерден бас тартпады. Арада айлар өтті. Бір-бірін тым жақын танып, күн өткен сайын сезімдері арнасынан тасып, бауыр басып қалды. Қол ұстасып алып, бармаған жерлері жоқ. Театр, кино, караоке, биллярд, ойын-сауық орталығы дейсіз бе – барлығына барды. Бірге велосипед тебуге де шықты. Осылай тәтті сезімге бөленіп, бал шақтарын өткізіп жүрді.

Мұраттың «Қандай көмек керек болса да ең бірінші өзіме хабарлас» дегеніне алғашында ыңғайсызданатын, кейін бір жерден бірнәрсе алып келу керек болса да, Мұраттың жәрдеміне жүгінбесе болмайтындай болып тұрды. Сондай сәтте Мұрат та бар шаруасын тастап сүйіктісіне қарай зулайды. Еш ұрсыспайтын. Бірі ашуланып тұрса, екіншісі үндемей қалып, сәлден соң сабырға шақыратын. Алғашында құшақтағанынан да тартынып, ұялып, қолын ұстаудан ары апармайтын Алтын енді бойы үйрене бастады. Мұрат бір жылдан соң дәл сол кездескен күніне орайлап, ұсыныс жасауға бел буды. Аялдама жолына гүл күлтелерін шашып, бір қолына жүзік, бір қолына гүл шоғын ұстап, гитарамен Алтын жақсы көретін әуенді орындап, рұқсатын сұрап, саусағына жүзігін салды. Сол күні алғаш рет ернінен сүйді. Көп ұзамай отау құрды. Алтын ауылға келін болып түсті. Ата-енесін алақанында аялап, керемет келіншек болды. Ал оны аяулы жары еселеп қадірлейтін. Бәрі тамаша, бақытты. Бір сағат көрмесе сағынып, іздей бастайтын олар бұрын бірнеше күн көрмей қалай жүргенбіз деп таңырқайтын болды.

Айлар аунап, жылдар жылжыған соң бақытына бір ғана нәрсе жетіспейтіні жандарына батты. Тағыдырдан күдер үзбеді, бала тіледі. Үйде бір сәбидің іңгәлағаны ғана жетіспей тұрды. Мұрат пен Алтын қатарласып бармаған жері, жасамаған емі қалмады. Түк шықпады. Басына бұйырмай қойды. Амалдары таусылып, сәбилер үйінен бала асырап алатын болып келісті.

Шаңыраққа келер екінші нәрестесін бағуға шамалары жетпейтін бір отбасы  жаңа туылған шаранасын жетімдер үйіне өткізбекші екен. Бұл хабар Мұрат пен Алтынның отау құрғанына тура сегіз жыл болған күні келіп жетті. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Құжаттарын реттестіріп, баланы өз аттарына жазғызып алды. Алтын періште сәбиді бауырына басып, артыңнан бала еретініне тілекші болшы деп, есімін «Тілекші» атады. Шаңыраққа шаттық толып, отбасы мүшелері сәби бақытынан жүздері бал-бұл жанып жүрді. Тағдыр сынақты шыдай алатын пенделеріне береді. Бұларға тағы да сынақ жіберді.

Ата-анасы Тілекшіні ешкінің сүтімен азықтандыратын. Сол ауыр тиіп, сәби ауырып қалды. Қатты қызуы көтеріліп, жедел-жәрдем шақырды. Ауруханаға апарғанда «жарты сағатқа кешіктіріп әкелгенде өліп қалар еді» дейді де, жан сақтау бөліміне орналастырады. Алтын еңірегенде етегі толып жылай беруден басқа қолынан түк келмеді. Мұрат жұбатқандай болса да, өзінің жүрегі қан жылап тұрды. Тілекші алты сағат бойы ес-түссіз жатты. Алтын бөбегін қолына алып, жүрегіне жүрегін тақап тұрып:

– Тілекшім, анаңды тастап кетпеші, – дегенде кішкене ғана кірпіктері қимылдап, көзін ашты. Ана омырауынан сүт шықты. Алтын қуаныштан көз жасын тия алмай отырып, баласын емізді. Бірнеше күн өткен соң сауығып, ауруханадан да шықты. Жылдар жылжыған сайын, артынан томпаңдаған алты сәби ерді. Тілекші бой жетіп барлығына қамқор әпке болды.

07.10.2013



Бөлісу: