Алаш қозғалысының қайраткері, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлы: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі қор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек»,-деп тіл турасындағы шындықты нақты атап көрсеткен. Иә, шыныменде, өз ана тілімен қоса бірнеше тілді меңгерген азаматтарға қарап сүйсінесің. Тіпті университетімізге есімі берілген ұстаз Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін жетік білген. Қазір мемлекеттермен халықаралық байланыстар орнап, келісім-шарттар жасалынып, заман талабына сай тіл білу міндетке қойылған. Тіл білгеннің пайдасын осы кезде білесің. Осы тұрғыда Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің атқарып отырған ісі ескерерлік. Факультеттің жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасы университет студенттерінің шет тілін терең меңгеруін қамтамасыз етеді. Ф.ғ.д., профессор Г.Б. Мадиева меңгерушілік етіп отырған кафедраның жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Кафедра оқытушылары филология және журналистика факультеттерінің студенттеріне шет тілі, кәсіби қарым-қатынас негіздері, кәсіби коммуникацияға арналған шет тілі пәндерінен сабақ береді. Және студенттердің сабақ үлгерімі, сабаққа қатынасуы, ұйымдастырылған іс-шараларға араласуы жоғары деңгейде.
Шет тілі пәнінің аға оқытушысы Нұргүл Пажарбекқызы Сапарходжаеваның айтуы бойынша: «Біздің шет тілін оқыту бағдарламамыз жүйелі құрылған. Алғаш университет табалдырығын аттаған 1-курс студентіне дайындық ретінде тіл үйретудің төменгі және ортаңғы деңгейлері оқытылады. 2-курстан бастап тереңдетілген, өз мамандықтары бойынша сабақ алады». Және де әр факультет студенттеріне арналған арнайы кітаптар қоры да жетерлік. Сондықтан тіл үйренемін деген жанға еш тосқауыл жоқ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да шет тілдерін оқыту сапасын көтеру, мемлекеттік тіл стандартын енгізу, студенттердің аудиториядан тыс тілдік даярлығы үш тілді меңгерген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегінің тілдік білім беруді дамыту механизмі болып табылады.
80 жылдық тарихы бар қара шаңырақ – университетіміздің мәртебесі жоғары. Сондықтан да бүгінгі студентке жүктелетін міндеттің жүгі ауыр. Ғылым мен техника дамыған қоғамда шет тілін терең меңгеру өте тиімді. Ол мемлекетіміз үшін де пайдалы. Әрине, өз ана тілін ұмытпай, тілді меңгергенін керек жерінде тиімді қолдана білсе нұр үстіне нұр болар еді.