Қадірлі сайтымыздың оқырмандары мен блогшылары! Естеріңізде болса, апта сайын үздік блогтың анықталып отыратынын айтқан едік. Massaget.kz сайты тілшілерінің шешімімен бұл жолы Марғұлан Ақан жазған "Тимати vs Сайлаубек. Ұтыс құны 1 доллар" атты блог үздік деп танылды.
Редакциядан
Бекболат Тілеухан кезінде: «Кез келген дүние мейлі, ол өнер болсын белгілі бір деңгейге жеткен кезде құлдырайды, тоқырауға ұшырайды» - деп, шоу айтыс жайында өз пікірін білдіріп еді. Бүгінгі таңда шоу мен шоу жасайтындардың асығы алшысынан түсіп тұр.
Өркениетті елдерден еншіміз қалыс қалып қоймасын деп, өнер сахнасындағы рэптерін де өзімізге ыңғайлап алдық. Бұғанасы әлі қата қоймаған қазақ рэпінің бір күнде күл-талқанын шығарып, өзінің түсініксіз тілімен келген «МС Сайлаубек» атымен белгілі Сайлаубек дейтін азаматтың заманы жүріп тұр.
Ки менама бәк,
Ки миними бет тма,
Камана бек тма,
Тамана бек тимена,
Бет тма фит тима,
Бұл Сайлаубектің тілі. Арақтың соңында кеткен азаматтың өзіндік имиджі қалыптасыпты мыс. Аяқ астынан шоу жасап, сол ортаны шулатып келген Сайлаубек кім? Ешкім емес. Қазақ! Оны тек қазақ даласы емес, алыс-жақын шетел таниды. Орыстың жұлдызы Тиматиден бастап, құрлықтың арғы бетіндегі қара негірлер де әнін салып жүр. «Ән» деп айтудың өзі күлкілі. Тек ырғақ пен ритмге негізделген, ішіп алған ауызына келгенін көпірген адамның сөздері.
Борат арыңды таптап, еліңді іріткен кезде ел болып, елбасы болып Қазақстанды ақтап алдық. Оның қазақ еместігін, тіпті қазақ даласында түсірілмеген кино екенін де беттеріне бастық. Ал Сайлаубекті қалай ақтап аламыз? Не дейміз? Соңғы жылдары қазақтың аты шетелге «қара пиар» арқылы көп танылып келеді. Бұл жақсы емес.
Жақында Тимати МС Сайлаубеті жекпе-жекке шақырыпты. Тимати жүз пайызға жеңіліс табады. Оған күмәнім жоқ. Сөзі бар, әні бар, мәні бар рэп айтып жүрген Тимати не өзі, не ел түсінбейтін өзіне ғана тән тілі бар Сайлаубекке не деп жауап беріп, не деп сұрақ қоймақ. Сайлаубекке салсаң қарсы емес. Егерде Тимати мен Сайлаубек жекепе-жекке шығып, Сайлаубек жеңетін болса, мен тап-таза ешқандай аудармасыз 1 доллар тігемін. Батыстың былығы, өздерінің валютасын өздеріне бердім. Сайлаубек үшін 1 теңге тігудің өзі ұлттық валютаның құнын түсіреді. Найза бойы туын тік көтеріп, ел іргесін сақтап, ұрпақ үшін күрескен бабалардың қанымен келген ұлттық мүддемді, санасыз ұрпақтың сандырақ тіліне иіп бергім келмейді.
Осы санасыз дүниенің шығып кетуіне кінәлі кім? Өзіміз!
Біз оны пиар ретінде пайдаланып, атың шықпаса жер өртенің әлегіне салып шу көтерген. Оның түсініксіз әндерін тыңдаймыз, клиптерін көреміз, тіпті қазақ жұлдыздары ол жайында жақсы пікірде. Онымен дуэт құрығысы келетіндер де жоқ емес.
Қоғам халтураның жетегінде кеткелі қашан. Шынайы, таза, жан рахатын тауып, құлақ құрышын қандыратын әндер мен өлеңдердің аяқтарын тұсаулап тастаған да өзіміз.
Жамандығын жасырып, жақсылығын асырған елміз. Ендеше, Сайлаубектен жұлдыз жасағымыз келсе, оған қазақ тілінде рэп айтуын талап ету керек. Ол ендігі рэп айтуыға қалыптасқан. Сайлаубектің ішімдікке салынып кеткен өмірін өзгертіп, санасыз мәңгүрттердің мазақ етуінен сақтап, досқа күлкі, дұшпанға таба қылмай адамдық келбетін сақтап қалу – біздің азаматтық борышымыз.
Ұлттық идеолог: Марғұлан АҚАН