"TikTok"-тың пайдасы мен зияны
блог
Бүгінгі күні «ТikTok» әлеуметтік желісін білмейтін жан жоқ шығар сірә?! Youtube, Instagram, Facebook сынды әлеуметтік желілерді басып озған аталмыш желі қоғамда кеңінен танымал. Жастардың тілінде айтсақ «самая популярная соцсеть».
2018 жылы халықаралық нұсқада Қытайдан бастау алған аталмыш платформаны бүгінде әлемнің 154 елі пайдаланады. Sensor Tower Store Intelligence сарапшыларының соңғы есебіне сәйкес, әлеуметтік желінің ресми қолданбасы App Store және Google Play дүкендерінде 3 миллиард орнатудан асқан. Бұл – желінің көз жетпес жылдамдықпен дамып жатқандығының айқын дәлелі. Біздің елімізде TikTok әлем бойынша танымалдылық рейтингіндегі 291 орында.
Жә, әңгіме бұл жайында емес. Әңгіме жастардың, оның ішінде мектеп оқушыларының аталмыш желіден бас алмауында. Мектеп оқушыларын былай қойғанда, ақыл-ойы жетілген ересектердің «TikTok»-тағы ерсі қылықтарын айтсаңызшы...
Үш минутқа дейін баратын музыкалық бейнероликтердің ішінде көрсе көз ұялатын дүниелер көп-ақ. Би, әуен былай тұрсын, жастардың санасын улайтын видеожазбалар аталмыш желіде өріп жүр. Әрине, платформаның зиян, пайдасы мүлде жоқ деп біржақты қарастыра алмаймын. Пайдалы контенттер де баршылық. Десек те, қосымшада видеолар сүзгіден өткізілмейтіндіктен, пікір қалдыратындардың аккаунты өшірілмейтіндіктен, бұл бағдарлама арқылы теріс пиғылды қаскөйлер өз дегенін істеп жүр. Атап айтсақ, қыздардың жалаңаштануы, жігіттердің боқ ауыз сөздері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың бейнелерін келеке мазаққа айналдыру секілді орынсыз дүниелерді сіз де "ТikTok"-тан кездестірген болуыңыз мүмкін. Сайып келгенде, сол көріністі жасап, «тренд» қылып жүрген қазақтың өрімдей ұл-қыздары... Бүгінгі күні жастардың сапалы, мағыналы контенттерден гөрі осындай жеңіл дүниелерге қызығатынына ішің ашып, көкейде сан сауал туындайды.
Осы орайда Instagram әлеуметтік желісіндегі оқырмандарыма «ТikTok»-қа байланысты бірнеше сауал қойып едім. Нәтижесінде, «ТikTok»-тың пайдасынан гөрі зияны басым деп ойлайсыз ба?» деген сұраққа:
а) «иә» – 71% ;
ә) «жоқ» – 29% ;
Ал, «TikTok»-тың жасөспірімдерге, оның ішінде мектеп оқушыларына берер пайдасы бар ма?» деген сауалға:
а) «иә» – 41%;
ә) «жоқ» – 59%, – деп жауап берді.
ОҚЫРМАН ЖАУАБЫ:
«TikTok-тың пайдалы тұсы көп пе? Әлде зияны молырақ па?»
Бибигуль ЧАЛДИБЕКОВА, педагог:
Әрине, зияны мол. Оқушы уақытының көп бөлігін құрбан етеді. Оның орнына неғұрлым пайдалы іспен айналысып, қоғамдық жұмыстармен шұғылданса уақытын тиімді өткізер еді. Сондай-ақ, ата-анада өз тарапынан баласының шығармашылыққа жақын болуына атсалысуы керек. Сонда ғана баланың ой өрісі дамып, шығармашылық потенциалы артып, көзқарасы да өзгереді.
Айман ЕРКІНОВА, оқушы:
«TikTok»-ты пайдалы жағынан қараса пайдасы көп. Мысалы: арнайы аккаунттар арқылы сабақты түсіндіретін қысқаша видео көрумен есте қалады. Пайдасыз, мән-мағынасы жоқ нәрсе көрсе әрине бұл кезде зиян жағы басым.
Жанар ТАҢСЫҚ, психолог:
"TikTok"-тың пайдаларын айтып ақтаушылар жететін шығар. Алайда ешкім жалтара алмайтын факт «TikTok» клиптік сананы қалыптастырып жатыр. Яғни, 15 секундттан – 3 минутқа дейінгі ақпараттар жадыға бірден еніп кете алмайды. Өз кезегінде бұл есте сақтауды кешеуілдетеді. Әр адамның жадының нашарлауына алып келеді.
Бүгінгі күні "TikTok"- тың дамуы ғарыштық жылдамдықпен есептеледі. Тіпті, аталмыш әлеуметтік желі қоғамның көптеген саласына дендеп еніп кеткені соншалық, платформаны қолданатын жандардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда біз бұл мақалада мұғалімдер мен оқушылардың, психологтар мен кәсіби мамандардың пікіріне жүгініп, олардың ойын ортаға салдық. Қалай десек те, уақыттан алтын дүние жоқ екені айдан анық. Атақты орыстың әскери қолбасшысы Александр Суворов: «Ақша қымбат, адам өмірі одан қымбат, ал уақыт бәрінен қымбат» деген еді. Сондықтан, өз ісіміз бен уақытымызды дұрыс бағытқа арнауға тырысайық.
Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
«Журналистика және саясаттану» факультетінің
2-курс студенті.