Автокөліктерін әйелдерінен жоғары қойып, "өліп" жақсы көретін еркектерді түк түсіне алмайтынмын...
Ал қазір, күн өткен сайын мен де солардың қатарына қосылып бара жатқан сияқтымын. Автокөлікке деген махаббатым 2009 жылы белең алып, алғашқы белгілерін көрсете бастады. Сол кезде автокурсқа барып, көлік жүргізуші куәлігін алған болатынмын. Бірақ, біраз жылға темір тұлпарға деген махаббатымды "ақша жоқ" деген желеумен жасырып қойған ем...
Бүгін, сол махаббаттың әлі де өшпегенін, тіпті оның мені толықтай билеп алғанына көзім жетті...
Тығылып жатқан сезімді оятқан мына сұлу болды. "Бітті, болды, мен сендікпін!" деп жүрегім аттай тулап жатыр.
Көлік тақырыбы жайлы ақпарат іздеп отырып, кез-келген көлік сататын автосалонда автокөліктерді тегін тест-драйвтан өткізуге болатынын білдім.
Қызық ретінде, Тойота компаниясының сайтына кіріп тест-драйвқа жазылдым. Бір сағаттан кейін Марат есімді жігіт звондап "қалаған уақытыңызда келіп өтуіңізге болады" деді, шыдамай таңғы 9-ға жазылып алдым. Түнімен "қалай болады? Дұрыс жүргізе алам ба? Алматының ішінде қаптаған көліктің ішінде соғып алсам, қайтемін?" деп уайымдап шықтым.
Сонымен, тест-драйвқа махаббатым Toyota Corollaның соңғы үлгілерінің 2014 жылы шыққан бір сұлуын сұрадым.
Уау, әдемісін-ай! Толық жабдықталған вариантының бағасы 35 000 $, ал кредитке алсам шамамен 7 жыл бойы ай сайын 80-90 мың теңгеден төлеп тұрады екенмін.
Мына суретте ыңғайсыз отырып қалыппын, аяғым қысқа болғасын орындықты алдыға тым қатты жылжытып алсам керек.
Салонда мін жоқ. Әдемі, ыңғайлы, әрі кең, өзім толық болғасын ең бірінші машинаның ішінің кеңдігіне көзіме түсті.
Toyota Corolla - жалпы тойота көліктерінің ішіндегі және барлық көліктердің ішінде ең көп сатылған көлік. 2013 жылы Королла көліктерінің 1 098 524 данасы әлемнің 150 мемлекетінде сатылған екен. Ал 1966 жылдан шыға бастаған кезінен бастап 40,72 миллион данасы сатылған.
Музыка тыңдаған кездегі дыбыстың тазалығы ұнады.
Менің "сүйіктімнің" двигателінің көлемі - 1,6л. Бұл дегеніңіз машинаның экономды екенін білдіреді.
Жолаушылар орындығында отырған кездің өзінде жүргізуші сияқты жан-жағындағы айналар арқылы артқы жағыңдағы көліктердің қозғалысын бақылап отыруға болады.
Біраз жыл "мас жүргізуші" ретінде тәжірбиемнің болғаны болмаса, Алматының ішінде көлік жүргізіп көрмеппін. Әдемі, әрі қымбат көлікпен Алматының кептелісінде жүруге қорқып отырмын, бірақ батыл екем тек. Тек механика жүргізіп үйренген мен автоматқа алғаш отыруым осы болды. Басында аяқ-қолым аздап дірілдегенімен, тез үйреніп алдым. Тіпті қайта автосалонға келген кезде түскім келмеді.
Рульде менің отырғанымды сезді ме, Сүйінбай көшесінің бойындағы машиналар менен алыста жүрді. Руль сондай жеңіл, кішкене бұрсаң болды жүйіткіп тұр, механикаға үйреніп қалған мен аяғыммен муфтыны іздей бердім :). Тормозға аяғым тиер-тиместен, тез әсер беріп тез тоқтап қалады екен. Папамның машинасының тормозын түбіне шейін басып үйренген мен үшін бұл аздап жаңалық болды.
Болашақта машина алсам артқы орындық точно осылай боп жататынын сезем :). Жарты сағат "менікі" болғанның өзінде артын шашып, тиындарымды жинап үлгердім. Бұрын "кожанный салон" дегенді түсінбеуші ем, енді неге оны мақтайтынын біліп қалдым.
Жүк салғышы ыңғайлы әрі кең, ішінде сатып алушыларға арналған аздаған сыйлық жатыр.
Заман дамыған сайын таңқалудан қалдық қой, менің "сүйіктімде" артқы жақты толық көрсететін бейнекамера бар екен, парковкаға қояр кезде өзі автоматты қосылып қаншалықты орын бар, қанша см қалғанын көрсетіп тұрады. Меніңше бұл қыздар үшін ең керек функция.
Сүйіктім, мені күте тұр. Аз уақыт қалды, саған оралатынымды ішім сезеді!