Созақ ауданының 90 жылдығы жəне Астананың 20 жылдық мерекесіне орай аудандық «Теріскей таланттары-2018» XX- шы халық өнер фестивалінің жабылу салтанаты өтті.
Шараға аудан әкімі Полатов Салыхан Сабырұлы қатысып, барша созақтықтарды ауданның 90 жылдығы және өнер мерекесімен құттықтады. Үш айға ұласқан фестивальге аудан көлемінде 700-ден аса өнерпаз қатысып, бойдағы бар дарынын көрсетсе, оның ішіндегі жүйріктері өнер додасында топ жарып, аудан мерейін асқақтатты.
"Өнерлілер өлкесіне айналған Созақ өңірінің кіл таланттарын таңдау да оңайға соққан жоқ. Бір ерекшелігі, жүгірген баладан еңкейген қарияға дейін фестивальге қатысып, бақтары мен баптарын байқатты. Күйшілер мекенінің өнер байлығы қай жанр болса да тегеурінді екенін тағы да аңғартты"-дейді, аудан әкімінің орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Бағдат Айдарбеков.
Ән мен би, күмбірлеген күйге ынтық Созақ халқының өнерге құрметі ерекше. 4000-ға жуық көрермен "Теріскей таланттары-2018" халық өнері фестивалінің гала-концертіне ағылып, жеңімпаздарына деген зор құрмет, қошеметтерінен-ақ аңғартты.
Шарада фестиваль жүйріктері марапатталып, соңы жеңімпаз өнерпаздардың гала-концертіне ұласты.
1998 жылы Созақ ауданының 70 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қуаныш Айтахановтың бастамасымен өмірге келген фестивальдің мақсаты - ауылдық жерлердегі жас таланттарды тауып, оларға қолдау көрсету, отансүйгіштікке баулу болып табылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»- деп, атап көрсеткені белгілі. Осы орайда төл өнерді төрге шығарып, дәстүрді дәріптеуге бағытталған фестиваль «Сырлы саз әуендері» - эстрада жанры, «Зерлі қалам» - бейнелеу өнері қыл қалам шеберлері жанры, «Күміс керуен» - қолөнер шеберлері жанры, «Сырлы дүние»-жыр мүшәйрасы және көркемсөз оқу жанры, «Гауһартас» - халық әндері жанры, «Сәукеле» - би жанры, «Сахна иірімі»- драма жанры, «Халық – өнер қайнары» ұжымдық көркемөнерпаздары сынды сегіз жанр бойынша өз дарындарын түлетіп келеді.
"Теріскей таланттары" байқауынан ҚР Мəдениет қайраткері, əнші Жұбаныш Жексенұлы, Сəкен Майғазиев, Кенжебек Жанəбілов сынды елімізге танымал өнер жұлдыздары қанат қақты.
Биылғы фестивальдің жүлде қорына аудан əкімдігі тарапынан - 2 500,0 мың теңге тағайындалып, жеңімпаздар алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
М.Сабыр