Тергеу бөлмесі: Мен кінәлі емеспін
блог
– Қалайша? Бұлай болуы мүмкін емес!
Осылайша шарқ еткен Арнаның жан – айқайы тергеу бөлмесін бір сілкіндіріп алғандай болды.
– Тынышталыңыз, өтінемін. Сіз «жоқ» дегеннен ешнәрсе өзгермесі анық. Тезірек мойындасаңыз, соғұрлым жазаңыз жеңілдемек. Бәрін қиындатып қайтесіз. Табылған айғақтың барлың сіздің кінәлі екеніңізді көрсетіеді. Сіздің кінәңізді жоққа шығаратын бірде-бір дәлел жоқ.
– Мен емес... Мен емес деймін. Мүмкін емес. Мен ешқашан... ешқаша-а-а-н олай жасамас едім...
– Сіз маған түсіндіріп айтыңызшы. Оқиға қалай болды?
Дәл бес жыл бұрын Алматыға келдім. Содан бері бұл қаланың тұрғынымын. Мектеп бітірген соң «жалғызым» деп отырған кемпір-шалды тастап, «Алматы» деп асықтым. Қалған оқу орныма тапсырып, білім ала бастадым. Оқыдым, кітапхана, жатақхана мен университеттіен өзге жерге аяғымды аттап баспайтынмын. Өйткені артық шығын шығаруға жағдайым келмейтін.
Осылайша төрт жылым зу етіп өте шықты. Дипломымды алып, ауылға қайтар жолда бір қызбен таныстым. Келбетті, сұлу. Қатты қызықтым. Оқу, оқу деген ойыммен жүріп, өмірімнің жартысын өткізіп алғанымды ұғындым да, орта жолдан әлгі қызбен бірге түсіп қалдым. Үйдегілер «орал» деген сөзді ғана айтты. Қалғанын тыңдамадым. Құлағыма да ілмедім...
Уақыт жылжи берді. Мен болсам үйсіз тастанды күшік секілді, бірде құрбымның үйіне қондым, бірде басқаның есігін бақтым. Әлгі қыз ше? Ол болса ақшам біткенше ғана менің жанымда болды. Кейін жоғалды... Есімің де ұмытыппын...
Осылайша жалғызсырап, әдетімше қайдан тамақтансам екен деген оймен аялдамада отырғанымда жаныма бір әйел келді. Күлгені анамды есіме салып, еріксіз жылап алдым. Көз жасымды көрді де, қасыма келіп, қол ұшын берсем деген ойын ашық айтты. Келістім. Ол ана еді. Менімен жасты қызын ұзақ сапарға өзінен бұрын шығарып салған ана еді. Мүмкін, Алла мені ол адаммен осы себептен табыстырды. Кім біледі?!
Ата-анаммен араласуға арым жібермеді. Үмітің ақтамастан, үнсіз тірілейжоғалғандығым үшін жазықтымын. Тек хаттар жазып, оны қойын дәптерімнің арасына жинай бердім... Сенбесеңіз, тексеріңіз.
Әлгі әйел ше? Иә, менің өмірімді қалай арашалап қалса, дәл солай құрдымға жібергелі отырған әйел – менің өкіл анам Марал. Танысқанымыз күні кеше болса да, оның маған деген қамқорлығы шексіз. Мені ол қызындай көрді. Ол маған ана болды. Әрине, миығыңыздан күліп, туған анасын өзгеге алмастырған қандай парықсыз адам деп отырған боларсыз. Не ойласаңызда өзіңіз біліңіз. Бірақ, оның қамқорлығының арқасында ес жидым. Алдамшы арзан дүниеге байланғанымды ұғып, студент шағымда жіберген басты қателігім – жоғалтқан жастығымды қайтару мүмкін еместігін ұқтым. Амал нешік? Мамандығым бойынша жұмыс таптым. Қалада адасқан, таныссыз, доссыз, туысыз, бір ғана әйелмен күн кешіп жатырған қыз болдым да қалдым. Солай 1 жылға жуық уақытым зыр өтті де кетті. Бірақ, бір апта бұрын барлығының күл-паршасы шықты.
Бір апта бұрын қатты дүрсілден шошынып ояндым. Мән берместен жатар едім, бірақ Марал апаның айқайы естілген соң, бөлмесіне тура ұмтылдым. Бірақ, бөлме іші тым-тырыс. Қап-қараңғы бөлменің жарығын жаққаныммен, оны бөлмеден таба алмадым. Ұйқылы-ояу көздерімді әрең дегенде ашып барып, жүйелі ойлай бастадым. Мүмкін, ас бөлмесінде шығар деген ой жүрегіме тыныштық ұялатса да, бір мазасыз ой санамды жайлап алды. Жүгіріп, ас бөлмеге жеттім. Ар жағын онсызда өзіңіз білесіз...
– Жоқ, Арна өзіңіздің аузыңыздан естігім келеді. Не болғанын толық айтыңыз.
– Ас бөлме... Ас бөлмесінде оның жаралы денесі жатты. Қырыл даусы әлі жаны бар екенін білдігендей болды. Мен болсам, тапа бас салып, қадалған пышақты суырып алдым да, жанына отыра кеттім де «КІМ? НЕГЕ?» деп қайталап сұрай бастадым. Кейін ауруханаға хабарласу керектігі ойыма келді. Жүгіріп ұялы телефонымды алып келгенімше, демі тоқтап қалыпты. ТҮСІНЕСІЗ БЕ? Қимылдамайды. Үнсіз. Көзі болса сол күйі ашық жатыр. Мен отырдым. Бір сағаттай не істерімді білмей отырдым. Кімге хабарласарымды білмедім. Кімнен көмек сұрарымды білмедім. Бар болғаны отыру ғана қолымнан келді. Кейін амалсыздан жедел – жәрдем шақырдым. Осылайша, өзім түсінбейтін жайттың күәгері емес, ана өліміне кінәлі бала болдым да қалдым...
– Осылайша өзіңіздің кінәңіз жоғын айтасыз ғой.
– Әрине. Мен кінәлі емеспін. Мен олай жасамаймын.
– Енді мені тыңдаңыз, Арна! Сіз суырып жанына қойдым деген пышақта сіздің ғана саусақ іздеріңіз ғана бар. Жаның арашаламақ болған Марал ханымның да, оны өлтірмек болған белгісіз қанышердің де саусақ іздері табылмады.
– М-м-мен...тек құтқарғым келді. Сеніңізші...
– Өлім уақыты жедел- жәрдем барған уақыттан екі сағат бұрын болғандығы айқандалды. Ал сіз болсаңыз, бір сағат отырдым деген түсінік бердіңіз. Уақыттың айырмашылығы көп нәрсеге әсер етеді. Жедел-жәрдем келгенше 20 минут кетті. Ал, 40 минут уақытты қайда жібердіңіз?
– Мүмкін, мен сағаттан қателестім...
– Танысым мен досым жоқ дедіңіз. Ал, ұялы телефоныңызда сақталып, соңғы бір жыл бойына сөйлесіп келген «АРУ» есімді қызды қалайша түсіндіресіз? Мүмкін, сіз есімің ұмытқан жолсерігіңіз шығар...
– Түсінсем бұйырмасын...
– Енді құрбыма бардым, көше кездім деген әңгімеңіздің бәрі бос сөз. Таныстарыңыздың барлығы сізді бір ұйымға кіріп кетіп, қайтару мүмкін болмағандығын сөз етті.
– МЕНІҢ ДОСТАРЫМ ЖОҚ!
– ОНДА МЫНАНЫ ТҮСІҢДІРІҢІЗ! Желтоқсан айында неге Бақыт есімді балалы әйелді «өлтіремін» деп қорқытып, ақша талап еткенсіз!
– Ха, бұл енді өтірік.
– Тыңдаңыз, Арна! Ешкім ойын ойнап отырған жоқ! Өзіңіз айтпады екенсіз, ендеше мен айтайын.
Иә, керемет студент болдыңыз. Бірақ, ата – анаңызбен араңыздағы байланысты олар сізге түк бере алмаған соң үздіңіз. Бай болғыңыз келді. Осылайша әлемді мойындатам деп ойладыңыз. Бірақ, қолыңыздан түк келмеді. Ауылыңызға қайтар жолда Арумен таныстыңыз. Асыл алқа ағынып, алтынға малынған қызға қызығып, табысының сырын сұрадыңыз. Ақыр аяғы онымен ілесе бардыңыз. Осылайша, адамдардың осал тұстарын біліп алып, қоқыттыңыз, әрі ақша таптыңыз. Бірақ оның бәрі аз еді. Осылайша, аш қасқырдай жемтік іздеп жүргеніңізде Маралға тап болдыңыз. Марал – жалғызбасты, жақында қызынан айырылып күйікпен өмір сүріп жатырған бай әйел. Оңай олжа. Мүсәпір күйін кешіп, сеніміне кіріп алдыңыз.
Ал, бір апта бұрын сіздің құйтырқы әрекеттеріңіздің барлығын Марал біліп қойып жанжал шығарды. Сіз, әрине, ашу үстінде пышақты сілтеп жібердіңіз. Есіңізді жиған соң, ізіңізді суытпақ болдыңыз. Бірақ, қашып кетсем мен бірінші күдікті боламын деген ой маза бермеді. Ақыр аяғы қаламын деп шешіп, жедел-жәрдемге хабар бердіңіз... Куәгер боламын деп, өзіңіз қазған торға өзіңіз түстіңіз.
– ЖОҚ! ЖАЛҒАН БӘРІ! ӨТІРІК! МҮМКІН ЕМЕС! БОСАТЫҢДАР МЕНІ! БОСАТ ДЕЙМІН САҒАН!
– ТЫНЫШТАЛЫҢЫЗ АРНА ХАНЫМ!!! Сізге бұның бәрін қалай аңғарғаным қызық емес пе?
Біріншіден, өтірік айтып үйреніңіз. Өтірік айтқан сайын мұрыныңызды қаситын әдетіңізді доғарыңыз. Сізді ұстап берген – сол.
Екіншіден, Марал ханымның күнделік жазатынын білмегеніңіз өкінішті. Сізбен танысқан сәттен бастап, бәрін жазған. Сізге деген күдігі туралы да бар.
Үшіншіден, сіз ата-анаңызға жазған хаттар студент шағыңызда жазылған хаттар. Қағаздың да жарамдылық мерзімін есептеуге болатынын білмеуші ме едіңіз?
Сонымен, қылмысқа бару үшін де ақылды болу керек! Ойланбай, ізімді суытамын деген оймен жасаған әрекеттің барлығы құрдымға әкеледі, АРНА. Сотта кездескенше...
– Жоқ, мүмкін емес. МҮМКІН ЕМЕС! МЕНІҢ ТАБЫСЫМ! МЕНІҢ ЖҰМЫСТАРЫМ! ОҢБАҒАААААН!
Есігі тарс жабылған бөлменің ар жағындағы айқайға тек Арнаның өзінің құлағы ғана тұнды.Мен істемедім деп басында жылағанмен, ащы шындық қалқып су бетіне шыққанда жанарындағы жауыздықтың қызыл оты лаулап жана келді. Оңбаған деп тілдеді. Мүмкін емес деп күйінді. Өз қылығына өзі риза болып отырған бір аптадан соң оны абақты күтетінін ол білмеді. Өйткені, бойындағы қанағатсыздық оны тұншықтырып, дүниеден өзгені аңғармайтын көр соқыр айналдырған-ды. Мейлі, жыласың... Мейлі, бостандықта сейіл құрсың. Бәрібір, жасаған қылмысымыздың жазасын тартатын уақыт келеді.
Дәл осылай шулы оқиғаны аймақтық газеттер қорытындылаған еді....