Тереземнен үңілген күз
блог
Күнде таңертең үйден жұмысқа асығамын, ал жұмыстан қараңғы түсе қайтамын. Сондықтан табиғаттың тамаша сәттерін жұмыстың терезесінен ғана бақылап жүремін. Одан басқа амал жоқ. Демалыс күндері уақыт үйдің тірліктерімен білінбей өте шығатыны бар. Ал қазір өзімнің соткама түсіріп алған суреттердің тізбегіне кезек берейін.
Мынау (Әл-Фараби даңғылы) автокөлікте келе жатып түсірген суреттер:
Мен Алматыда тұрып жатқанымды шын мәнісінде Әл-фараби даңғылымен жүріп өткенде ғана сезінетін сияқтымын. Себебі "Әсем таудың түбіндегі әдемі қала" деп, күнде осы жерден өтіп жүретіндер мен осы жақта тұратындар ойлайтындай көрінеді маған. Ал төмен жақтан төбе жаққа шықпағандар, яғни күнделікті күйбең тіршілікпен қолы тимей жүргендер бір күні осы жаққа шыға қалса "Алматы әдемі қала екен ғой?"- деп таңқалып қалатындай. Ауылдан ағайындар келсе Медеу, Алма-Арасанға арнайы апармасам.
Мына суреттер қазанның соңғы күндері жұмыс бөлмемнің терезесінен түсірілген:
Ал мына суреттер Қарашаның алғашқы күндері түсірілген. Ай бастала салысымен қандай айырмашылық барын салыстырыңыз:
Тереземнен үңіліп тұрған күз осындай. Тек күз ғана емес, кез келген мезгіл көз алдымнан көбіне осы терезе арқылы өтеді. Осы суретте көргендеріңіздей, мына шағын аула мен онда өсіп тұрған ағаштар маған жақын болып кеткендей. Ол ағаштардың қыста аппақ қарға жамылғаны, көктемде гүлдегені, жазда жемісі піскен кезі, ал күзде жапырақтары сарғайып түскен кезі төрт жылдың жүзі болды - менің бақылауымда. Күзден басқа мезгілдер де менің сурет қорымнан табылады. Оларды уақытында сала алмадым, алайда ойымда жүрген еді. Сол ойымды кеше кешке қолға алып, бүгін іске асырдым. (таңертеңнен бері қол тимеді:)) Суреттерім сапалы, мағыналы болмаса да, өзім үшін естелік болып қалсын. (сапалы фотоаппаратымның жоқ екенін ескеріңіздер)