«Теңізшевройл» ЖШС өкілдері ҚазҰУ-ға келді

«Теңізшевройл» ЖШС өкілдері ҚазҰУ-ға келді
жеке
блог

​2022-жылдың 26-сәуірі күні әл – Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде«Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша білім алатын магистранттар мен студенттер «Теңізшевройл» ЖШС коммуникация департаменті өкілдерімен кездесті.

​1993 жылдан бері жұмысын жалғастырып келе жатқан бұл Қазақстандық кәсіпорын геологиялық барлау, кен орнын игеру, мұнай мен ілеспе өнімдерді өндіру және оларды сату жұмыстарымен айналысады.

​Кездесу барысында компания өкілдері өздері туралы ақпарат беріп, бірнеше жылдар бойы атқарылып келе жатқан жұмыстарының өсімін, арнайы жобалары мен бағдарламалары, жұртшылықпен тиімді байланыс орнату жолдарының қыр – сырын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Атырау мен Маңғыстау облыстары бойынша жұмыстар жасайтын «Игілік» - әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың ерікті бағдарламасы туралы толық ақпараттандырды.

Кездесуде факультет қабырғасында білім алып жатқан болашақ PR – шылар мамандардың өмірлік тәжірибесімен танысып, берген ақыл – кеңестері мен өндірісте орын алатын мамандыққа қатысты жаңа терминдерді ойларына түйді. Онын ішінде, аталған саламен байланысты, компанияның мүдделерін мемлекеттік басқару органдарында ілгерілетуге жауап беретін GR (Government Relations – мемлекеттік билік органдарымен өзара әрекеттесу) мамандары туралы жиі айтылды. Бұл болашақ мамандар үшін жаңа әрі пайдалы мағұлмат болды.

Жиынға компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев, компанияның құқықтық қамту бөлімінің бас менеджері Әсет Құрманбаев, қоғаммен байланыс жөніндегі білікті мамандар Светлана Қайырғалиева, Раушан Найзабаева, сондай – ақ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев, ЮНЕСКО – ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысовалар қатысты.

Кездесу соңында кәсіпорын өкілдері студенттердің өнеркәсіп, мамандық, түлектерді жұмысқа қабылдау жөніндегі туындаған сұрақтарына жауап берді. Сондай – ақ, студенттер мен магистранттардың сынақ – тест тапсырып жұмысқа орналасу мен өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін қарастырды. Қазіргі таңдағы мамандарға қойылатын талаптарды да атап өтті.

«Теңізшевройл» ЖШС өкілдері әрқашан да білікті де білгір маман болуды айтып, студенттерге ақ тілектерін жаудырды. Факультет деканы мен оқытушылары да келген қонақтарға алғыс сөз айтып, студенттерге жүрекжарды лебіздерін білдірді. Екі жақ бір – біріне сыйларын табыстап, естелік суреттер жасалып, кездесу жақсы көңіл – күйде өз мәресіне жетті!

Кездесу барлық қатысушылардың көңілінен толық шығып, студенттердің айқын болашаққа нық 1 қадам жасауына себепші болды.

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

2-курс студенті

Советова Айгерім Саниязқызы