Теңізге кеткім келеді...

Теңізге кеткім келеді...
жеке
блог

Мөлтек сыр

Теңізге кеткім келеді, теңізге кеткім. 

Теңізге кеткім келеді буырқанған,

Күн ұясына қызара бөртіп батып бара жатқанда сұлу, кербез кейпін сақтап, тыныш таба қалатын... Бұраңдаған биші секілденіп өзі ғана түсінетін әуенге көсіле шалқитын Теңізге... Сол әуеннің бір тармағын ғана сыбырлап айтсаң ғой... Естір едім бәлкім. Ырғағыңның көңілімнің күмбірімен үйлесім табатынына сенімім кәміл. Екеуі біріккенде, әлемде жоқ ырғақты дүниеге әкелер еді. Бірақ ол ырғақ сен екеуміздің ғана құпиямыз болып, мәңгі-бақи менің жүрегімнің түкпірі мен сенің қиырсыз қойнауыңа сақталар еді. 

Тірліктің қым-қуытына шырмалып, бұлқынған қайран көңіл. Сенің емің, сенің шипаң не? Қайтсем, тыныш табарсың?! Қайтсем?.. 

Мына алдамшы тірліктің бар байлығына, қызылды-жасылды жылтырына күмп берсем, тыншырмысың? Әлде адам аяғы баспаған, құлақ естімеген, көз көрмеген жерге жеткенде, тыныш табасың ба? Бәлкім терезесінен күн сәулесі үздіксіз төгіліп тұратын, жасыл желекке оранған үйдегі жазу үстелінде қаламмен бірге оңаша қалғанымда алаңсыз кейіпке енерсің?..  

Әй, қойшы. Бәріне қолымды бір-ақ сілтеп, теңізге кетсем ғой. Түпсіз, шексіз, шетсіз, мөп-мөлдір, көк теңізге... Сәбидің көңіліндей кіршіксіз теңізге. Теңіздің жағасында отырып, бетімді қытықтаған самал желді уыстап, қалың ойға шомсам. Сөйтіп, бақыттың бәрі жалт-жұлт еткен көк теңіздің жағасында екенін түсінсем... Сол бақыттан бақытты іздеп жүрген адамдарға бір-бірден үлестіріп берсем... Кездескен адамның бәріне бірдей бақытты кейпімді жұқтырсам. "Теңізге неге ертерек келмедім екен?" деген тәтті өкініш желпіп өткенде, "Әйтеуір келдім ғой",-деп өз-өзіме разы болсам. Кеудем күйбең тірліктің түгесілмейтін уайымы мен ауыр ойдан босап, тынысым кеңіп, рахаттана күлсем...

"Теңіз деген осы екен ғой! Өмір деген осы екен ғой!", -деп айғай салсам...

Теңіздің жағасында расымен мына өмірден басқа, бөлек, өзгеше тәтті әлем болса! Тәтті әлем болса... 

Теңізден де бір күні жалығар ма екем?

 

Бір ғана нәрсені білем. Сенде арман бар секілді, көк теңіз! Аппақ арман. Орындалған арман! 

Сурет: etsphoto.ru, m-turov.ru