Теңізде..
блог
Адамға ең қажетті нәрсе – уақыт. Біреуді сүю үшін, бір жерге жету үшін, не істеуді жоспарласаң да саған уақыт керек! Сені күткен уақытым, және күту үшін арнайтын уақытым, менің саған арнаған өмірдегі ең үлкен шығыным... Уақытпен менің қуатым кетеді, әлім құриды, махаббатым әлсірейді, тек сағынышым арта түспесе, сарқылмасы анық.
Теңіз бетіндегі бір-бірін қуған толқындай, ойдан ой қуып, үнсіз ғана бетімнен сүйген теңіздің самалына сүйсініп отырмын. Шаштарымның арасын сыйпаған самалды сенің саусақтарың деп елестетіп, еріксіз жымиып, еркелеймін. Естелікпен күн кешетін адам ол барлық қасиетінен айрылған. Ол сол ауыр қайғы басына түскен сәттен бастап өз тіршілігін мойындамай, еріксіз жер басып жүрген пенде. Мен де соның бірімін...
Кеше ғана бір бөлмелі пәтерде, еріндер есеңгіреп, жүректер мың есе жиілеп соғып, жан мен тәннің ләззатына құмары қанбайтын екі ғашықтың бірі мен екеніме сенбеймін. Бұл күнде санасызға аңыз, ақылдыға жұмбақ болған біздің махаббаттан не қалды? Тек естеліктер... Қай жаққа қарасамда, әйтеуір түймедей дүниенің өзі сені есіме түсіреді. Тұтас бір әлемді керек қылмай, мен тек өзіңді армандаудан тайынбайтын әдетімнен арыла алмадым...«Ауру қалса да, әдет қалмайды» — Менің ең жаман әдетім – сені сағыну. Әдет – балалықтан бастап, өле өлгенше күнделікті істейтін ісің. Қызық, бұл күнде менің басқаларға деген сезімім тек құмарлықпен өлшеніп, көп болса бір аптадан кейін қызығым жоғалады. Бірақ мен бұл сезімнің бірінде елемедім, біріне де үміт жібін байламадым. Өмір жолындағы, межелі бір жерге дейін саған серіктес болатын уақытша жолаушылар деп қана байлам жасап мен өзімнің тұйық мінезімнен арылып, бұлардың бірімен ашық жарқын сөйлесіп, арман сөзімді айтып, жүректегі сырымды ақтармадым... Өкініштісі,і ол менің жасықтығым, аузы күйген үрлеп ішеді, бірақ мен екінші рет күюге дайын болсам да, біреуді күйдіріп алуға қорқаынм!
Тыныштық... Бір уақ құлағыма толқын дауысы алыстан жаңғырып естіле бастады, мен өмірге қайта оралғанымды сездім. «Осы толқындай бір-бірімізді мәңгі қуалап-ойнап өтсек екен» - деп, ойымдағы ең асыл арманымды айтып, орнымнан тұрдым. Теңіздің салқыны бойымды билеп, арқамнан бір діріл жүгіріп өтті. Кірпігіме асылған сағыныш құмға құлап, жанарым бұлдырап қонақ үйге қарай жүрдім...
Авторы: Санжар Бекжан