Бүгін жұмысқа ерте келді, өйткені кеше бір бизнесмен жігіт алдына келіп, "байқаусызда" жүкті болып қалған құрбысына түсік жасатқызу үшін қомақты сома ұсынған болатын. Күнделікті кездесіп жатқан жайт болғандықтан жүрегі селт етпеді. Жасанды түсіктен кейін көптеген қыздардың өмір бақи қайта құрсақ көтере алмайтындығын да біледі. Ондайда "қыздың өзі кінәлі, жүктіліктен сақтанудың неше түрлі жолы бар қазіргідей заманда соны да білмеген", "мен жасамасам басқа біреу жасайды, ақшасын алайын", " өзінің абыройын сақтамаса мен кінəлімін бе екенмін?" деп өзін жұбатып қояды.
Жұмыс орнына келіп, жайғасты, енді уәделескен уақытты күтіп отырды. Түрлі ойларға батып кетті...
Келесі аптаның аяғы - 10 күннен соң жалғыз қызының туған күні! Туған күніне тосын сый ретінде көлік әперуді жоспарлап, соған ақша жинап жүрген еді. Бүгінгі операция өтетін болса сол жетпей тұрған қаражат толығады. Көліктің кілтін ұсынған кезде қызының қалай қуанатынын ойласа өзінен-өзі күлімдеп қояды...
Көлік демекші, соңғы кездері сол көлікті алуға ақша жинап үлгеруі үшін көбірек операциялар жасауға кірісіп жүргені бар. Сондықтан отбасына бөлетін уақытын осындай операцияларға жұмсап жүргендіктен үйге сүрінерге жақын болып қана оралатын күндері көп болып жүр...
Медбике келіп, пациенттің дайын екендігін хабарлады. Операция жасау алдындағы киімдерді киіп, операция бөлмесіне аяңдады. Үйреншікті ісі болса да жүрегі байыз табар емес. Құдды түсікті алғаш жасауға бара жатқан кезіндегідей өзін үлкен қобалжулы сезінді...
Операция бөлмесіне кіргенде қыздың бетін жауып алып, селкілдеп жылап жатқанын көрді. Әншейінде қыздарға басу айтып, жұбатқансымақ болатын. Тілін жұтіп қойғандай аузынан сөз шығара алмады. Осы қыз түрімді көріп қоймаса екен дегендей маскасымен бетін тағы қымтап қойды. Үн-түнсіз операцияға кірісті. Қолы дірілдегендей ма, көзі бұлыңғырлағандай ма, әйтеуір түсініксіз жағдай орын алуда. Сондай сезімдермен арпалысып операцияны да аяқтады. Жылдам операция бөлмесінен шығып, кеңінен бір "уффф!" дегісі келді.
Есікке жете бергенде қыздың "мама-а-а!!" деген талықсыған өксікті үні естілді... "Тоқта, тоқта!!! Қызымның дауысы сияқты ғой"... "Мама..." деген үн қайта естілді, ана жүрегі жалғыз перзенті - қызының даусын жазбай таныды.
Жүрегі сығымдалып, көзі қарауытып, буын-буындары босап кетіп бара жатты....