Телерепортер шеберлігі

Телерепортер шеберлігі
жеке
блог

Телерепортер шеберлігі.

  1. 1.     Телерепортердің негізгі атқаратын қызметі қандай?

Телерепортердің атқаратын қызметі халыққа видео арқылы ақпаратты жеткізу, ақиқатты айту.

  1. 2.     Репортаж жүргізуге арнайы кәсіби білім қажет пе?

Репортаж жүргізуге арнайы журналистік білімнің қажеті жоқ деп ойлаймын. Менің ойымша бүгінгі таңда көбіне белгілі бір басқа кәсіпті игеру маңызды. Сол кәсіпті игеру мақсатында сол тақырыпта ары қарай журналистік зерттеу жүргізуге болады. Мәселен, айталық, сіз педиатор мамандығына немесе дәрігер мамандығына оқыдыңыз делік. Соны оқып келгеннен кейін, өзіңіздің Евгения Малышева сияқты хабарыңызды ашуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Өйткені сол кезде сіз, медицина саласын жетік біле тұра, ақпаратты сапалы дайындай аласыз деген ойдамын. Экономика немесе банк саласын оқып шықсаңыз, кейін экономика саласында машықтанған кәсіби журналист дәрежесіне жету мүмкіндігі бар. Менің ойымша, журналист болу үшін, адамзат баласы әдебиеттерді көп оқып, өзінің даусын және ораторлық қабілетін дамытып, кейбір, егер телевизиялықты айтатын болсақ, телевидениенің сыр-қырын меңгеру керек. Бірақ, менің ойымша дәл журналистикаға 4 жыл арнап оқу қажеті жоқ.

  1. 3.     Телерепортаж жүргізуде шетелдік журналистердің жинаған тәжірибесі мен кәсіптік талғамы жоғары болады. Біздің елімізде қандай деп ойлайсыз?

Әрине, шетелмен салыстырған кезде біздегі журналистің басым бөлігінің кәсіби деңгейі төмен деп айтуға болады. Өйткені, шетелде жасайтын журналистердің көбі 30, 40, 50 жастан асқан кісілер. Әбден осы саланың пұшпағын илеп, майын жеген адамдар деп айтуға болады. Бізде көбіне телевизиялық журналистикада жастар айналысады. Мысалы, 30-дан асып, 40-қа жеткен кезде қолына микрофон алып ешкім жүргізгісі келмейді. Екіншіден, оны үлкен нәубет деп айтуға болады. Ол қаржылай жағы. Өйткені, сіздің тәжірибеңіз мол болып тұрса да, жаспен бірдей ақша беріп жатса, әрине тәжірибе біраз жинақтағаннан кейін адам өзге ақшасы жоғарырақ салаға кетіп жатады. Негізі, телевидениеде жұмыс істеу үшін, ол телевидениенің фанаты болу керек. Сонда ғана өсіп, өркендеуге болады. Бірінші мәселе ол – жалақы. Менің ойымша жалпы бұрын, КТК арнасына алғаш келген кезімде бізде белгілі бір жүйе бар болатын. Яғни, әр журналистің біліктілік деңгейін анықтайтын категория берілетін. Ол төрт сатыдан жинақталған 3,4,2 және 1. Неғұрлым жоғары категорияға ие болсаң, соғұрлым алатын жалақың да жоғары болады. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі таңда категориялар берілмейді. Сонымен қатар, еңбек тәжірибесін де басшылар ескермей жатады. Осы ескерілмегендіктен бізде сапалы мамандар тапшы.

  1. «Астарлы ақиқат» бағдарламасы қаншалықты шындыққа жанасады?

Атауы айтып тұр ғой. Меніңше барынша шындыққа жанасады.

  1. Осы уақытқа дейін бағдарламаларыңызды батыл айтып жүрсіз. Жоғарғы жақтан қаһарлы ескертулер түскен жоқ па?

Енді ескертулер түспеді деп айтпай қойсақ, маған сын. Мен осы бағдарламаны ашып, халыққа ақиқатты айтамын дедім. Айтып жатқан ақпаратым ақиқат. Ал, айтылмай қалған дүниелер болса, мен оларды тіптен айтпаймын. Егер біз белгілі бір тақырыпты айтатын болсақ, онысы ақиқат.

  1. Сіздер айтқан шындықтың Қазақстан мен Хабар телеарнасының журналистері тек бетін сипап өтеді. Ол неліктен деп ойлайсыз?

Оны олардан сұрау керек шығар.

  1. Қажетті ақпарат алуда қандай кедергілерге ұшырасып жатасыздар?

Ол көбіне бюрократия деп айтуға болады. Яғни, билік тарапынан. Өйткені, ушықты мәселелер немесе проблемалар болып жатса, соған дәл жауапты тұлғалар көбіне жауап беруден қашады. Сондықтан, біз жауап ала алмай жатамыз. Қазіргі заманда министрліктен, биліктен жауап алу үшін, арнайы алдымен хат жіберу керек. Олар ол хатқа жауаптарын анық жазып беруі керек. Сондай-ақ олар үш күннің ішінде үлгеруге тиісті. Көбінесе басшылар жауап бергісі келмейтін болса, өзінің орынбасарына сілтеп жатады, ал орынбасары: «мен бұл мәселеге жауап беруге тиісті емеспін деп, жабулы қазанды жауып қоюға тырысатын кездер болады. Кейбір кезде хат жазып барғанның өзінде, жазбаша жауап беруі мүмкін. Камерадан көптеген шенеуніктер қорқып жатады. Кедергі сол деп айтуға болады. Кедергіні жасайтын негізі халықтың өзі. Өйткені адамдардың көбісі әлі де болса, ғаламтор кеңістігін қолданбайды. Мысалы, КТК телеарнасының сайтында «Астарлы ақиқат» бағдарламасының өзінің арнайы парағын аштық. Сол парақта халықтың өтінішін, жанайқайын, талабын, проблемасын барынша жазуға мүмкіндігі бар. Мен ол парақты күнделікті қарап отырамын. Егер халық үшін қызықты немесе ушықты мәселе болса, міндетті түрде хабарласып, ол кісінің проблемасын көтеруге тырысамыз. Кейбір адамдар ғаламторға сенімсіздіктен бе немесе дұрыс пайдалану білмегендіктен бе хат жазбайды. Көбіне бетпе-бет келіп айтуға тырысады. Ол бір жағынан өз уақыттарын алады, менің де уақытымды алады. Егер мен парақ бетінен оқып алсам, алдын-ала қандай жауап қайтару керектігіне дайындаламын. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланбайды. Жалпы осындай кедергілерді жасайтын халықтың өзі.

  1. Осы орайда журналистердің құқығын қорғайтын ұйымдармен байланыс жасайсыздар ма?

Журналистердің құқығын қорғайтын бір ұйыммен біз жұмыс жасағанбыз. Ол – Internews агенттігі. Бірақ, соңғы кезде ешқандай ынтымақтастық ұйыммен байланыс жасап көрмеппін. Ондай ұйымдар саусақпен санарлық. Ал, сапалы ұйымдар жоқтың қасы деп айтуға болады. Бар болса көбіне шетелде қаржыландырылады. Сондықтанда белгілі бір ұйыммен жұмыс жасап жатқан жоқпыз.

  1. Қазақ журналистерінің өзара ынтымақтастығына қандай баға бересіз?

Егер 5дейтін баллдық деңгеймен есептейтін болсақ, мен 4, 3,5 деп те баға беретін шығармын. Өйткені екі айырмашылықты атап өтейін. Астана мен Алматы журналистерінің айырмашылығы өте үлкен деп айтуға болады. Астана қаласында жұмыс жасап жатқан кезімде, арнайы КТК телеарнасының бюросы бар және журналистердің үйі бар. 90, 80 пайызы сол жерде . Сондықтан ақпарат алмасу өте шапшаң, эксклюзивті немесе реформалар болмаса, бір-біріне ақпараттарын қызғанышсыз беріп жатады. Себебі, біздің түпкі мақсатымыз ақпаратты халыққа жеткізу. Конкуренция ол жерде бар, бірақ ынтымақтастық өте зор. Ал, Алматыдағы журналистердің арасында ынтымақтастық жоқ. Мен осы жаққа келгелі екі жылдай уақыт болды. Сонда байқағаным, журналистер арасында өзара ақпарат бөлісу немесе проблеманы шешу деген мәселелер сияқты қалыптаспаған.

  1.  Тележүргізуші ретінде ұстанымыңыз қандай?

Менің ұстанымым – пәрменді тележүргізуші болу үшін, тележурналистиканың қыр-сырын меңгеру керек. Яғни, репортаж жасау, сюжет дайындау, мәтін жазу, оқиға алаңында жұмыс істеу және тікелей эфирге шығу сияқты маңызды жұмыстарды атқара білу керек. Сонда ғана сізден асқан тележүргізуші болмайды.

                                            Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жұлдыз Амангелдиева.